Жаңалықтар

Жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен халыққа арнаймын – Азамат Дәулетбеков

Жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен халыққа арнаймын – Азамат Дәулетбеков
Фото: ҚР ҰОК 16.04.2024 10:08 459

Еркін күрестен 86 келі салмақта сынға түскен Азамат Дәулетбеков өз мансабында Азия чемпионатының үшінші алтынын жеңіп алды. Ол қатарынан үш рет құрлық чемпионы атанып отыр. Olympic.kz сұхбат берген балуан Бішкектегі финалдың өте маңызды болғанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бішкекте Азия чемпионатының үшінші алтынын иеленген соң, өзіме деген сенім арта түсті. Оның үстіне құрлық додасы Олимпиада қарсаңында өткізіліп отыр. 

Финалдағы қарсыласым – Өзбекстан атынан сынға түсетін дағыстандық жігіт. Ол менің басты қарсыластарымның бірі. Соңғы екі жарыста оған есе жіберіп алдым. Алдымен Алматыда өткен Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде ұтылсам, былтыр Азия ойындарында жол бердім. Сондықтан ақтық сында барымды салдым, - деді ол. 

Спортшы қиын-қыстау кезеңде отандастарына осылайша демеу болуды құп көрген.

Одан бөлек, қазір еліміз қиын кезеңді бастан кешуде. Ел аймақтарын су басып, халық үйлерін тастап, қашуға мәжбүр болуда. Осындай сындарлы сәтте жанкүйерлерді қуантқым келді. Осы жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен халыққа арнаймын.

Париж Олимпиадасына да аз уақыт қалды. Дайындық жоспар бойынша ойдағыдай өтуде. 25 сәуірде кезекті оқу-жаттығу жиыны басталады. Венгрияның Будапешт қаласында тағы бір рейтингілік жарыс бар. Бапкерлер рұқсат етсе, сол сынға да қатысып қалармын, - деді Дәулетбеков. 

Азамат Дәулетбеков әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2022, 2023), Азия біріншілігінің үш дүркін чемпионы (2022, 2023, 2024).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға