Биыл 19 қазанда Рейхстагқа шабуыл жасау кезінде көрсеткен ерлігімен тарихта қалған Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 102 жыл толады. Бұған дейін де жас офицер Берлинге кіреберістегі шайқастарда батылдығы мен қолбасшылық қабілетін танытқан.
Атап айтқанда, 1945 жылғы 16 сәуірде Одер өзені бойында взводты бастап, жаудың қорғаныс шебін бұзуға қатысқан. Өз автоматы істен шыққаннан кейін жаудың пулеметін қолға түсіріп, ұрысты жалғастырған. Батыл әрекеті мен жүктелген міндетті орындағаны үшін Рақымжан Қошқарбаев І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
1945 жылғы 30 сәуірде жиырма жастағы лейтенант жауынгер Г. Булатовпен бірге алғашқылардың бірі болып Рейхстаг ғимаратының қасбетіне қызыл шабуыл туын тікті. Бұл ерлік қазақстандықтардың соғыстың соңғы шайқастарына қосқан үлесінің ең жарқын айғақтарының біріне айналды. Жауынгерлік еңбегі үшін Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ал тәуелсіз Қазақстанда оның ерлігіне ең жоғары мемлекеттік құрмет көрсетіліп, 1999 жылы оған қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді. Оның жауынгерлік жолы әскери борышқа адалдық пен жүктелген іске жауапкершіліктің үлгісі болып қала береді.
Соғыстан кейін де Р. Қошқарбаев халыққа қызмет ету жолын жалғастырды. Ол Ақмола облысының басқару органдарында және Қазақ КСР Коммуналдық шаруашылық министрлігінің аппаратында жұмыс істеді. 1967 жылы «Алма-Ата» қонақүйінің тұңғыш директоры болып тағайындалып, оны жиырма жылдан астам уақыт басқарды.
Сонымен қатар депутаттық қызмет атқарып, ардагерлер қозғалысына белсене қатысты. Майдандағы оқиғалар туралы естеліктерін «Жеңіс жалауы» және «Шабуыл: 1410-күн» кітаптарында жазып қалдырды.
Бүгінде батырдың есімін ұлықтау ісі мемлекеттік деңгейде де, қоғам тарапынан да жалғасып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Жыл сайын 1945 жылғы 30 сәуірдегі ерлікке арналған іс-шаралар өткізіліп, мектептерде батырдың өмір жолы оқытылады, ерлік сабақтары ұйымдастырылады.
Рақымжан Қошқарбаевтың өнегелі өмірі жас ұрпақты табандылыққа, борышқа адалдыққа, жасампаз еңбекке және ел алдындағы жауапкершілікке тәрбиелейді. Оның ерлігі отандастарымыздың Жеңіс пен келер ұрпақтың бейбіт өмірі жолында қандай жанқиярлық танытқанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.