Жаңалықтар

Жеңіс Қасымбек Астанадағы интернет сапасын қалай жақсартатынын айтты

Әкім бірнеше тетікті қолданамыз деп отыр
Жеңіс Қасымбек Астанадағы интернет сапасын қалай жақсартатынын айтты
Фото: ktk.kz 25.01.2023 02:22 933

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бас қаладағы интернеттің сапасын қалай жақсартатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Елорда тұрғындары тарапынан интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты шағымдар түсіп жатыр. Қаламызда мұндай проблемалар бары жасырын емес. Негізінен құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандар мен елді мекендерде кездеседі. Сол сияқты интернет құрылыс қарқынына ілесе алмайтын сәттер де болып тұрады. Бұл мәселеде құрылыс компаниялары байланыс құрылысын қоса ескеруін, ал байланыс операторлары мен өзге де жауапты органдар құрылыстың жоспарына қатысуын қарастырамыз. Осындай өзекті мәселелерді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен, Қазақтелеком басшысы Қуанышбек Есекеевпен, ұялы байланыс операторларының өкілдерімен бірлесе талқыладық, - деп жазды қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мегаполис басшысы қалада интернеттің сапасын жақсарту үшін қандай тетіктерді қолданатынына тоқталды.

Олар – оптикалық байланыс желілерін, антенна-діңгек құрылысын, FWA (Fixed Wireless Access) технологиясы бойынша базалық станцияларды орнату. Бұл жұмысқа инвесторларды да жұмылдырамыз. Сонымен қатар жарықтандыру және электр желісінің тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды, бұл елді мекендердегі интернет сапасын едәуір жақсартады. Көктал-1, Агроқалашық, Интернациональный, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Телман, Мичурин, Қазқалашық, Кирпичный елді мекендерінде оптикалық байланыс желілерін салу жұмысы жүріп жатыр, тағы 3 елді мекен бойынша инвесторлар тартамыз, - деді Жеңіс Қасымбек.

Айтуынша, қазіргі таңда мұның өзі де жеткіліксіз. Себебі қала күннен күнге өсіп жатыр, ал елорда тұрғындары жыл сайын 50-60 мың адамға артып келеді.

Әкім қолда бар инфрақұрылымға мән беріп қана қоймай, болашақты ойлап, алдын ала дамыту қажет деп санайды. Сол себепті алда мұндай проблемалар санын азайту әрі құрылыс кезеңінде байланыс құрылымдарын қоса салу міндеті тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға