Жеңіс медальмен ғана өлшенбейді: спортшыларымыз ел рухын қалай асқақтатып жүр

Жеңіс медальмен ғана өлшенбейді: спортшыларымыз ел рухын қалай асқақтатып жүр
Фото: AI көмегімен өңделді

Спорттағы жеңістің өлшемі тек медальмен есептелмейді. Кейде бір жеңіс миллиондаған адамға қуаныш сыйлайды. Бір спортшының табысы тұтас елдің еңсесін көтереді. Ал халықаралық аренада Көк Ту көтеріліп, Әнұран шырқалған сәтте сол жеңістің артында бір адамның ғана емес, бүкіл елдің мерейі тұрғандай сезіледі.

Соңғы жылдары Қазақстан спортында дәл осындай сәттер көбейді. Ең маңыздысы – жетістік бұрынғыдай санаулы спорт түрімен шектеліп отырған жоқ. Бокс пен күрестегі дәстүрлі мектебімізге теннис, мәнерлеп сырғанау, футбол, семсерлесу, ескек есу, ауыр атлетика, шахмат және ұлттық спорттағы табыстар қосылды.

Қазір Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының өзі соның бір көрінісі. Қазақстандық спортшылар түрлі сайыста жүлде алып жатыр. Аралас жекпе-жек шеберлері Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев тарихи алтын сыйлады. Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Азиадада топ жарды. Ал ауыр атлет Алексей Чуркин жұлқа көтеруде әлемдік рекорд орнатып, күміс жүлдеге ие болды.

Одан қалды Бибісара Асаубаева бастаған қыздарымыз Ташкентте өткен шахмат олимпиадасында екінші орын алды. 

Бұлардың әрқайсысы жеке спортшының нәтижесі секілді көрінгенімен, бәрін біріктіретін бір нәрсе бар: олардың жеңісі Қазақстан спортының мүмкіндігі бір ғана бағытпен шектелмейтінін көрсетеді. Мұны биылғы үлкен жетістіктерден де байқауға болады.

Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанды. Бұл – Қазақстанның осы спорт түріндегі тұңғыш Олимпиада алтыны және тәуелсіздік жылдарындағы қысқы Олимпиададағы екінші алтын медалі.

Елена Рыбакина болса әлемдік теннистің ең биік шыңына көтерілді. US Open-2026 турниріндегі жеңісінен кейін ол мансабындағы үшінші Grand Slam титулын иеленіп, Қазақстан атынан әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген алғашқы теннисші атанды.

Осындай жеңістердің құндылығы жүлденің өзімен ғана өлшенбейді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрермен спортшының атымен бірге оның елін де естиді. Экранда «Kazakhstan» деген жазу пайда болады, көк байрақ көтеріледі. Осылайша спортшы өзінің жеке мансабын ғана емес, елінің де атын танытады.

Футболдағы жаңа үміт

Бір кездері қазақстандық жас футболшы Еуропаның ең танымал клубтарының біріне ауысады деген арман көрінетін. Ал қазір Дастан Англия төрінде футбол жанкүйерлерін тәнті етіп жүр.

Қазақстан құрамасының жас шабуылшысы 2026 жылы «Челсиге» ресми қосылып, ағылшын клубымен 2033 жылға дейін келісімшарт жасады. Ол бұған дейін «Қайрат» сапында Чемпиондар лигасында ойнап, ұлттық құраманың ең жас ойыншысы әрі ең жас гол авторы атанған еді.

Бұл – бір футболшының ғана жетістігі емес. Оның жолына қарап өсіп келе жатқан мыңдаған бала үшін маңызды белгі. Қазақстаннан шығып, үлкен футболға жетуге болатынын енді олар сырттан емес, өз ортасынан шыққан ойыншының мысалынан көріп отыр.

Спорттың ең үлкен күші де осында болса керек. Чемпионның жеңісі өзінен кейінгі буынның арманына айналады.

Ұлттық спорт – тамырымыз бен танытар брендіміз

Қазақстанның спорттағы келбетін халықаралық спорт түрлерімен ғана шектеу дұрыс емес. Ұлттық спорт та елдің өзіндік болмысын танытатын үлкен күшке айналып келеді.
Биыл VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медаль – 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ел спортшылары аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да сайыстарда жүлдеге ие болды. Ойындарға 113 елден үш мыңға жуық спортшы қатысты.

Бұл жеңістердің орны бөлек. Өйткені мұнда спорттық нәтиже ғана емес, ұлттың тарихы мен дәстүрі қатар көрінеді. Қазақ күресіндегі белдесу, жамбы атқан мерген, ат үстіндегі шабандоз немесе тоғызқұмалақ тақтасының басындағы тартыс – бұлардың бәрі Қазақстанды әлемге өзіндік болмысымен танытады.

Осы тұрғыдан алғанда ұлттық спорт та елдің брендіне айналып келеді.

Бір жеңіс – мыңдаған балаға арман

Әр чемпионның жеңісінің артында біз көрмейтін үлкен еңбек бар. Таңғы жаттығу, мыңдаған қайталау, жарақат, жеңіліс, қайта тұру, тағы да жаттығу. Тұғырдағы бірнеше минутқа кейде спортшы бүкіл ғұмырын арнайды. Бірақ сол еңбектің жемісін спортшы жалғыз көрмейді.

Михаил Шайдоровты көрген бала коньки киеді. Рыбакинаның жеңісінен кейін бір қыз теннис ракеткасын қолына алуы мүмкін. Дастан Сәтпаевқа қарап өскен жас футболшы Еуропада ойнауды армандайды. Көкпар мен қазақ күресіндегі чемпиондарды көрген бала ұлттық спортқа келеді.

Бүгінгі жеңіс осылай ертеңгі чемпионның алғашқы арманына айналады. Сондықтан спортқа тек медаль санымен қарау дұрыс емес. Оның қоғамға беретін қуаты әлдеқайда үлкен. Спорт тәртіпке үйретеді, жастарға бағыт береді, елді ортақ мүдде жолында біріктіреді. Жеңсе – бірге қуанамыз. Жеңілсе – бірге қынжыламыз. Міне, спорттың ұлтты біріктіретін құдіреті де осында.

Қазақстанды чемпиондарымен таныған әлем

Кезінде әлем Қазақстанды Геннадий Головкин, Бақтияр Артаев, Александр Винокуров сынды санаулы саңлақтар арқылы таныса, бүгінде біз әлемдік теннис, мәнерлеп сырғанау, футбол және өзге де спорт түрлеріндегі алыптармен тең дәрежеге көтерілдік. 

Бұл – бір күнде келген нәтиже емес. Жекелеген чемпиондардың жеңісі біртіндеп спорттық дәстүрге, ал тұрақты нәтиже елдің беделіне айналады.

Қазақстан спортының болашағын да осыдан іздеген жөн. Бізге бір ғана чемпион емес, әр спорт түрінен өз биігіне ұмтылатын жаңа буын керек. Бір реттік сенсация емес, жеңісті жалғастыратын жүйе керек. Өйткені спорттағы ең үлкен жеңіс – алтын медаль ғана емес.
Ең үлкен жеңіс – чемпионға қарап бүлдіршіннің кеудесінде арман, көзінде оттың пайда болуы. Жеңістен кейін халықтың еңсесінің көтерілуі. Әлемнің бір түкпірінде Қазақстанның Әнұраны шырқалғанда миллиондаған адамның жүрегінде бір мезетте мақтаныш сезімінің оянуы.

Алтын медаль бір спортшының мойнына тағылар, бірақ сол сәтте онымен бірге бүкіл ел бөркін аспанға атады, миллиондаған жанкүйердің бойын мақтаныш сезімі кернеп, көзіне жас алады. Осылайша, Көк Ту биіктеген сайын елдің де рухы биіктейді.

Оқи отырыңыз