БҰҰ-ның Еуропадағы штаб-пәтері Женевадағы Ұлттар сарайында 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың ресми ашылу салтанаты өтті.
Швейцария 2004 жылдан бері алғаш рет әлемдік шахмат тәжі үшін матчты қабылдап отыр. Сондай-ақ, бұл биыл қыркүйек айында FIDE президенті болып сайланған Тимур Турловтың басшылығымен өтетін алғашқы чемпиондық матч. Тақта басында қазіргі әлем чемпионы, Үндістан өкілі Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров кездеседі.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі бірлесе ұйымдастырды. 2011-2013 жылдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметтерін атқарған болатын. Матчқа арналған баспасөз мәслихатының 2013 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған Ұлттар сарайының Қазақстан залында өтуінің символдық мәні зор.
2026 жылғы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың өтуіне орай сіздерді Ұлттар сарайында қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан үшін шахмат жай ғана спорт түрінен әлдеқайда биік. Шахмат пен дипломатияның арасында табиғи байланыс бар. Екеуі де стратегиялық ойлауды, сабырлылықты, көрегендік пен ережелерге құрметпен қарауды талап етеді. Ең бастысы екеуі де әртүрлі көзқарастарды түсінудің және бір-біріне сыйластықпен қараудың маңыздылығын еске салады. FIDE-нің Gens Una Sumus «Біз – бір отбасымыз» деген ұраны Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде ерекше мәнге ие болып отыр. Шахмат бәсекелестік пен өзара құрметтің қатар жүре алатынын көрсете отырып, түрлі елдердің, мәдениеттер мен буындардың адамдарын біріктіреді, – деді ҚР-дың Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан.
Сонымен қатар Ержан Қазыхан Тимур Турловты Халықаралық шахмат федерациясының президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, бұл оқиғаның Қазақстанның халықаралық беделі үшін маңызын атап өтті.
Өз сөзінде FIDE президенті чемпионаттың Женевада өтуі федерацияның мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысын көрсететінін жеткізді. Ал кейінірек Тимур Турлов әлеуметтік желідегі парақшаларында осы матчтағы Қазақстанның шешуші рөліне ерекше тоқталды.
Біздің еліміз іс жүзінде жылдың басты шахмат оқиғасын ұйымдастырушылардың біріне айналды. Ресми баспасөз мәслихаты 2013 жылы сол кезде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін басқарған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан Женевадағы Ұлттар сарайының Қазақстан залында өтті. Мемлекет басшысының тікелей қатысуы мен қолдауының арқасында біз осы матчты дәл Женевада ұйымдастырып, оның негізгі іс-шаралары үшін қаланың ең айтулы орындарын таңдай алдық. Бұл жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі және жеке өзі Ержан Қазыхан зор үлес қосты. Оған және барлық дипломатиялық командаға көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деп жазды FIDE президенті Тимур Турлов әлеуметтік желідегі парақшасында.
FIDE басшысы баспасөз мәслихатында онлайн-шахматты дамыту, оқыту ісіне жасанды интеллектіні енгізу және көрсетілімдерді жетілдіру ойынды одан әрі түрлендіріп, оған деген қызығушылықты арттыра түсетінін атап өтті.
Үкіметтермен және әлемнің ірі технологиялық корпорацияларымен ынтымақтастықты нығайту FIDE дамуының негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс деп сенемін. Цифрлық платформалар адамдарға тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге көмектесе отырып, шахматтың дамуында шешуші рөл атқарды. Цифрландыру алдағы уақытта да әртүрлі елдердегі адамдардың мүмкіндіктерін теңестіруге ықпал етеді деп үміттенемін. Жасанды интеллект шахмат индустриясы үшін тек ойыншыларды даярлауда ғана емес, кең ауқымда зор мүмкіндіктер ашуға қауқарлы. Ол шахмат көрсетілімдерін айтарлықтай жақсартып, жаңадан бастаушылар мен әуесқойлар үшін әлдеқайда қызықты әрі түсінікті ете алады, – деп мәлімдеді Тимур Турлов.
Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаровтың жасы 20-да. Бұған дейін классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчта мұндай жас қарсыластар ешқашан кездеспеген.
Матчқа бұрынғыдан әлдеқайда тәжірибелі болып келгенімді сезінемін. Бірақ, білесіз бе, бірінші партия үшін үстел басына отырған сәтте осы уақытқа дейін болғанның бәрі ұмытылады деп ойлаймын. Бұл – мүлде басқа матч, мүлде басқа қарсылас, басқа орын. Мен өзге дүниелер туралы көп ойламаймын, тек осы он төрт партияда барымды салуға тырысамын. Жавохир Синдаров қазіргі таңда бабына енген ең мықты ойыншылардың бірі екені сөзсіз. Бұл нағыз сынақ болмақ, – деді Гукеш Доммараджу.
Бұл тәж үшін бақ сынайтыныма өте қуаныштымын. Матчтан шынайы қуаныш алуға тырысамын, бәсекенің өте ауыр болатынын білемін. Бұл менің алғашқы тәжірибем, дегенмен қандай жағдай болмасын, бақыттымын. Кейбір шахматшылар өмір бойы ойнаса да, тәж үшін таласу мүмкіндігіне ие бола алмайды. Сондықтан бүгін осындай мүмкіндік бұйырғанына қуаныштымын, – деп атап өтті Жавохир Синдаров.
Матч классикалық уақыт бақылауымен 14 партиядан тұрады. Алғашқы ойын 24 қарашаға жоспарланған. Партиялар Колоньидегі Мартин Бодмер қорында өтеді. Жүлде қоры 2,5 миллион долларды құрайды. Чемпионаттың титулдық серіктесі Salesforce, бас серіктесі Freedom компаниялар тобы.