Жаңалықтар

Жемқорлық туралы хабарлаған тұрғын 12 миллион теңге сыйақы алды

Бұл туралы Антикор мәлім етті
Жемқорлық туралы хабарлаған тұрғын 12 миллион теңге сыйақы алды
Фото: sputnik.kz 20.01.2023 17:04 1034

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарын әшкерелеуге көмектескен облыс тұрғыны 12,2 млн теңге сыйақы алды. Бұл параның жалпы сомасының 10%-ын құрайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Өткен жылы жемқорлық фактісі туралы хабарлап, құқық қорғау органдарына көмектескен 134 азаматқа 40,6 миллион теңге көлемінде сыйақы төленген.

Ең үлкен сыйақы көлемі Атырау және Қызылорда облыстарында берілді.

Айта кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды ашуға жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеу қағидаларына сәйкес төлемдер азаматтар хабарлаған адамдарға қатысты сот үкімі шығарылғаннан кейін жүргізіледі.

Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің толық құпиялылығын қамтамасыз етеді.

«Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы кез келген азамат 1424 телефоны бойынша Антикордың Call-орталығына хабарлай алады немесе жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін әр аумақтық департаменттің Antikor Ortalygy-на бара алады», делінген ведомство хабарламасында.

Мәселен, 2022 жылы Антикор Call-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, оның ішінде жемқорлық құқық бұзушылық фактілері бойынша 233 хабарлама келді.

37 хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, 18 сотқа жолданды, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі бойынша 20 тоқтатылды, 25 ведомстволық бағыныстылығы бойынша жолданды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға