Жаңалықтар

Желтоқсанда ауа райы қандай болтыны айтылды

Шығыста – түнде -25-37°C дейін, күндіз -17-23°C дейін аяз болады
Желтоқсанда ауа райы қандай болтыны айтылды
Фото: pexels.com 01.12.2022 18:13 11381
Қазгидромет болжамынша, желтоқсан айында ауа температурасы төмендей береді, қар көп түседі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Таяу күндері Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы жиі құбылады: қар түседі, бұрқасындатады, жел 15-25 м/с дейін күшейеді. Ал еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты қар, тұман, көктайғақ болжанып отыр.
 
Республиканың батысы мен қиыр солтүстігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады. Содан кейін Салехард аудандарынан арктикалық суық ығысып, температура төмендейді:
 
еліміздің батысында – түнде -13-23°C дейін, күндіз -5-15°C дейін;
 
солтүстікте және орталықта – түнде -25-33°C дейін, күндіз -12-25°C дейін;
 
шығыста – түнде -25-37°C дейін, күндіз -17-23°C дейін;
 
оңтүстікте және оңтүстік-шығыста – түнде -10-22°С дейін, күндіз -3-13°С дейін.
 
Бірінші онкүндіктің соңында Скандинавия аудандарынан келетін циклонның әсерінен ауа райы тұрақсыз болады, солтүстік-батыс өңірлерде, содан кейін елдің қалған аумағында аяз әлсірейді.
 
Синоптиктердің болжамынша, айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жиі өзгереді: аязды күндер жылы күндермен алмасады, сонымен бірге қар, бұрқасын және екпінді жел күтіледі. Елдің оңтүстік жартысында көбіне жаңбыр және жылбысқы қар жауады. Сондай-ақ, көктайғақ пен тұман жиі байқалады.
 
Желтоқсан айында циклондық белсенділіктің әсерінен бірнеше қарқынды жылу толқыны, ал солтүстік-батыс антициклондардың әсерінен бірнеше суық толқын болжанып отыр. Осылайша желтоқсан айында ауа температурасының ауытқуы жиі байқалады:
 
елдің солтүстік жартысында – түнде -25-35°С-тан -5-13°С-қа дейін, күндіз -15-25°С-тан 0 -5°С-қа дейін.
 
оңтүстік жартысында – түнде -17-23°С-тан -5+2°С-қа дейін, күндіз -5-10°С-тан +3+10°С-қа дейін.
 
Қазгидромет бұл консультативті болжам екенін, синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілетінін және онкүндік, апталық және 1-3 тәулікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланатынын ескертті.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға