Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «Peshta» әніне түсірілген видеолар жиі кездеседі. Бірі әуенге билесе, енді бірі күнделікті өмірінен үзінді жариялап, композицияны ролигіне фон ретінде пайдаланып жүр. Өзбекстандық әнші Хамдам Собировтың жаңа туындысы аз уақыттың ішінде кең аудиторияға тарап, Өзбекстаннан тыс жерлерде де тыңдарманын тапты. Тіпті әннің қазақ тіліндегі кавер нұсқалары да пайда бола бастады. «Peshta» қашан шықты, атауы нені білдіреді және әннің айналасындағы қызығушылық неден байқалады? El.kz тілшісі тарқатып көрді.
Бір айға жетпей 63 миллион қаралым
Хамдам Собировтың «Peshta» әніне түсірілген бейнебаян 2026 жылғы 15 тамызда YouTube желісінде жарияланды. Үш минуттық композиция аз уақыттың ішінде миллиондаған тыңдарманға жетті. 9 қыркүйектегі жағдай бойынша бейнебаянның қаралымы 63 миллионнан асты.
Ән толық нұсқасы жарық көрмей тұрып-ақ тыңдарманның қызығушылығын тудырған. Хамдам Собиров шілдеде әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа туындысының шағын үзіндісін жариялап, көпшілікке «Peshta» атауын таныстырды. Кейін әннің толық нұсқасы мен бейнебаяны жарық көрген соң композиция әлеуметтік желілерде кеңінен тарала бастады.
Оның қайырмасындағы есте тез қалатын әуен қысқа видеоларға пайдаланылып, «Peshta» түрлі роликтерге фон болған әндердің біріне айналды.
«Peshta» деген не?
Ән танымал болған сайын оның атауы да тыңдармандардың қызығушылығын тудырды. Әлеуметтік желіде «Peshta» сөзінің мағынасына қатысты түрлі нұсқа айтыла бастады. Хамдам Собировтың өзі де бұл сұраққа жауап берген. Әнші «Peshta» сөзін сұлу, жігерлі әрі көптің назарындағы қыздың бейнесімен байланыстырып түсіндірді.
Сұлу қыздың жігері. Жалпы, трендтегі қыз десек... ең сұлу әрі ең жігерлі қыз. Қайнаған қыз, – деп түсіндірді әнші.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұл сөз тәжік тіліндегі «бәрінен алда» деген мағынамен байланыстырылады. Дегенмен ән атауына қандай мән бергенін орындаушының өзі осылай түсіндірген.
«Peshta»-ның қазақша нұсқалары пайда болды
Әннің танымалдығы Өзбекстанмен шектелген жоқ. «Peshta» қазақстандық тыңдармандар арасында да тарап, көп ұзамай қазақ тіліндегі кавер нұсқалары пайда болды. Солардың бірі – әнші Құрмаш Қуанышбаев орындаған «Кешке» әні. Ол «Peshta» әуеніне қазақ тілінде сөз жазып, композицияны өз нұсқасында орындаған. Осылайша өзбек тілінде танылған әуен қазақ аудиториясына жаңа мәтінмен ұсынылды.
@tarazskyizajgalka Достар Қалайсыздар Хамдам Собировтың Әніне Жазылған ПЕШТА ҚАЗАҚША НҰСҚАСЫ КЕШКЕ!Достар Кеттік Лайк Басып Қолдап жіберіңіздер ок Сіздер ТОПСЫЗДАР ТОПЧИКИ #rec #құрмашқуанышбаев #алматы #рек оригинальный звук - KURMASH KUANYSHBAEV
Бұл – әлеуметтік желі арқылы тараған әндердің бір елдің музыкалық кеңістігімен шектелмей, басқа тілдерде де жаңа нұсқада орындала бастайтынының бір көрінісі. Тыңдарманға таныс әуен сақталғанымен, жаңа мәтін композицияны жергілікті аудиторияға жақындата түседі.
Әнімен бірге биі де трендке айналды
«Peshta»-ның әлеуметтік желіде кең тарауына әнге қойылған би қимылдары да ықпал етті. TikTok пен Instagram-да қолданушылар бір-біріне ұқсас би қимылдарын қайталап, «Peshta»-ға видео түсіре бастады. Осылайша композициямен бірге оған арналған би де желідегі трендтердің біріне айналды.
@azimbek_media94 #shorts #music #oshiq #2026 #xamdamsobirov #peshda original sound - AzImBeK MeDia
Мұндай форматтың ерекшелігі – трендке қосылу үшін күрделі қойылым немесе арнайы дайындық қажет емес. Қолданушылар танымал қимылдарды қайталап, оны өз стиліне бейімдеп видео жариялайды. Бір видеодан екіншісіне көшкен би әннің де қайта-қайта естілуіне мүмкіндік береді.
Осылайша «Peshta» тыңдайтын ән ғана емес, әлеуметтік желі қолданушылары бірге қайталайтын трендке айналды.
Хамдам Собиров кім?
Хамдам Собиров – өзбек эстрадасының танымал өкілдерінің бірі. Оның бұған дейін де «Malohat», «Tentakcham», «Qora Atirgul» секілді әндері жарық көріп, тыңдарман арасында танылған. Дегенмен «Peshta» әнінің қазіргі қарқыны ерекше назар аудартады. 15 тамызда YouTube-та жарияланған бейнебаянның бір айға жетпей 63 миллионнан астам қаралым жинауы – соның бір көрсеткіші.
Әлеуметтік желідегі видеолар мен түрлі кавер нұсқа әннің таралу ауқымын одан әрі кеңейтіп отыр. Соның ішінде қазақ тіліндегі «Кешке» нұсқасының пайда болуы «Peshta»-ның қазақстандық аудиторияға да жеткенін көрсетеді.
Бірнеше апта бұрын ғана жарық көрген әннің айналасында осындай құбылыстың қалыптасуы қазіргі музыка нарығында әлеуметтік желінің ықпалы қаншалықты артқанын тағы бір мәрте аңғартты.