Жаңалықтар

Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған Нұрболат Дәкебаев мәлімдеме жасады

Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған Нұрболат Дәкебаев мәлімдеме жасады
Фото: Әлеуметтік желі 14.03.2024 13:21 1955

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрды деп айыпталған Нұрболат Дәкебаев сотта күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарағандыда Төреғали Берікқалиұлын ұрып-соғуға қатысты атышулы іс бойынша басты сот отырысы өтті. 

Прокурор оқиғаның қалай болғанын баяндады. 27 қаңтарға қараған түні қоқыс тастауға шыққан Нұрболат Дәкебаев  екінші квартал шағын ауданындағы көпқабатты үйдің ауласында тұрған жедел жәрдем көлігін көреді. Оның айтуынша, жедел жәрдем көлігі қоқыс контейнерлеріне өтетін жолды жауып тұрған. 

Сотталушы жол жиегінде келе жатып, Төреғали Берікқалиұлына балағат сөздер айтып, жедел жәрдем көлігін итеріп жіберген, қайтар жолда фельдшердің көзінше жүргізушіге тағы да балағат сөздер айта бастаған. Бұрылыста Берікқалиұлы Дәкебаевтың наразылығының себебін анықтау үшін көліктен түскен. Сағат 00:15 шамасында айыпталушы екі қолын жұдырықтап, Берікқалиұлының беті мен басынан кезекпен үш рет соққы жасап, одан кейін сол жақ қабырғасына бір рет соққы берген. Жәбірленуші миы шайқалып, жабық бассүйек-ми жарақаты, мұрын сүйектерінің жабық сынуы, беттің жұмсақ тіндерінің көгеруі диагнозымен Мақажанов атындағы емханаға жеткізілген, – деді прокурор Бекзат Әшірбеков.

Нұрболат Дәкебаев өз қылмысын қасақана жасамағанын айтып, өкінетінін айтқан. Өзінің айтуынша, іздеуде жүргенін бесінші күні біліп, бірден полицияға берілуге бел буған.

Мен әдепсіз сөздер айтқан жоқпын және жанжал болғанын қаламадым. Жанжалдан аулақ болуға тырыстым. Мен одан көлікті алып тастауын өтіндім. Небәрі 10 метр жерде бұл үйдің тұрғындары көлік қоятын жер бар. Ол бос тұрған еді. Жанжалдан кейін ауданға жеке шаруаммен кетіп қалдым. Әлеуметтік желіден іздеуде жүргенімді білген соң, бірден берілуге бел будым, – дейді Нұрболат Дәкебаев.

Зардап шегуші Төреғали Берікқалиұлы бірнеше күннен кейін мұрнына екінші ота жасатпақ. Жүргізуші денсаулығына ауыр жарақат алғанын айтады. Жәбірленушінің адвокаты Төреғали Берікқалиұлының денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесін дәлірек анықтайтын сараптаманы қайта жасату керек дейді.

Айта кетейік, Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрып, кейін қашып кеткен Нұрболат Дәкебаевтың ұсталар алдында түсірген видеосы таралған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға