Жедел жәрдем шақыру тәртібі өзгереді: көліктің қозғалысын онлайн бақылауға болады

Жедел жәрдем шақыру тәртібі өзгереді: көліктің қозғалысын онлайн бақылауға болады
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда жедел медициналық көмек көрсету тәртібі жаңартылады. 13 қазаннан бастап күшіне енетін жаңа ережеге сәйкес, шақыртқан азаматтар жедел жәрдем бригадасының орналасқан жерін онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар кейбір шақыртуларды поликлиникалардың мобильді бригадалары қабылдайды.

Өзгерістер Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қол қойған 29 қыркүйектегі №125 бұйрықпен бекітілген. Жаңа жүйе бойынша диспетчер шақыртуға медициналық бригаданы бекіткеннен кейін пациентке автоматты түрде хабарлама жіберіледі.

Азамат жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын геосервис арқылы нақты уақытта көре алады. Бұл үшін жедел медициналық көмектің автоматтандырылған жүйесі бригада туралы қажетті ақпаратты тиісті сервиске береді. Яғни енді азаматқа бригаданың қашан келетіні туралы ақпаратты тек диспетчерден сұраудың қажеті болмайды. Оның қозғалысын картадан бақылауға мүмкіндік беріледі.

«Төртінші санат» деген атау қолданыстан шығады

Жаңа ережеде бұрын қолданылған «төртінші санаттағы шақырту» ұғымы өзгертіледі. Оның орнына «неотложное состояние», яғни шұғыл жағдай түсінігі енгізіледі.

Бұл санатқа адамның өміріне бірден қауіп төндірмейтін, бірақ жедел медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар жатады. Мысалы, жедел аурудың немесе созылмалы аурудың асқынуы болуы мүмкін. Шақыртулардың келу мерзімі бұрынғы тәртіппен сақталады:

  •  бірінші санат – 10 минутқа дейін;
  •  екінші санат – 15 минутқа дейін;
  •  үшінші санат – 30 минутқа дейін;
  •  шұғыл жағдай – 60 минутқа дейін.

Поликлиникадан бригада шақыруға болады

Жұмыс уақытында шұғыл жағдайларға байланысты кейбір шақыртулар поликлиникалардың мобильді бригадаларына беріледі.

Олар жұмыс күндері 08:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Мұндай бригадаларға жіберілетін шақыртулар жұмыс күндері 19:00-ге дейін, ал сенбіде 12:00-ге дейін тіркеледі. Белгіленген уақыттан тыс түскен шақыртуларды жедел жәрдем станциясының бригадалары орындайды.

Бұл ретте пациенттің қай емханаға тіркелгені міндетті шарт емес. Мобильді бригада адам нақты орналасқан жерде көмек көрсетеді. Бірақ шақырту оның қызмет көрсету аумағында болуы қажет.

Медиктердің жұмысы бейнежазбаға түсіріледі

Жаңа талаптардың бірі медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне байланысты.

Жедел жәрдем және мобильді бригадалар рациялармен, кеудеге тағылатын бейнетіркеу құрылғыларымен және мобильді камералармен жабдықталады. Олар пациентке көмек көрсету және оны ауруханаға жеткізу барысын аудио және бейне форматта тіркей алады.

Мобильді бригадалардың көліктеріне GPS арқылы бақылау және бейнебақылау жүйелері де орнатылады. Егер шақырту кезінде медицина қызметкерлеріне қауіп төнсе, медициналық көмек полиция қызметкерлерінің қатысуымен көрсетіледі.

Ережеде кәмелетке толмаған балаларға қатысты жағдай да нақты көрсетілген. Егер жедел жәрдем баланың жалғыз ата-анасын немесе заңды өкілін ауруханаға алып кетіп, бала қараусыз қалса, оны полиция қызметкерлеріне тапсырады. Полиция баланы уақытша орналастыру мәселесін шешеді.

Пациентті ең жақын стационарға жеткізеді

Адамның өміріне қауіп төнген жағдайда жедел жәрдем оны қажетті шұғыл көмек көрсете алатын ең жақын стационардың қабылдау бөліміне жеткізеді.

Мысалы, жедел жүрек-қан тамырлары немесе тыныс алу жеткіліксіздігі кезінде пациенттің қай емханаға тіркелгені маңызды емес. Негізгі мақсат – өмірге қауіп төндіретін жағдайда медициналық көмекті мүмкіндігінше тез көрсету. Жаңа талаптардың барлығы 13 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Оқи отырыңыз