Жаңалықтар

Жеңімпаз журналистер марапатталды

Ол өзнің жүлдесінің бір бөлігін Қостанайдағы өрттен зардап шегіп жатқан бауырларға аударатынын айтты.
Жеңімпаз журналистер марапатталды
Фото: дереккөз 05.09.2022 21:42 1629

Бүгін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жылда өтетін дәстүрлі байқауға 75 қатысушы 153 материал ұсынды, деп хабарлайды EL.KZ BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Кіл мықтыларды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжанов, қарымды қаламгер, белгілі журналист Қайнар Олжай, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин анықтады.

Қызу талқылау, терең талдаудың қорытындысы нәтижесінде ынталандыру сыйлығына 12 қатысушы ие болып, әрқайсысына 100 мың теңгеден табысталды.

«Үздік теле және радиобағдарлама» номинациясы бойынша: үшінші орынды «Qyzylorda» телеарнасының шеф-редакторы Толқын Қабылша жеңіп алса, екінші орынды Қазақ радиосының шолушы редакторы Шәкім Жанболат иеленді. Бірінші орынды «Жетісу радиосының» бас редакторы Мұхит Тоқтасын қанжығасына бөктерді.

«Үздік сайт» номинациясы бойынша нәтиже төмендегідей:
ІІІ орында – Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен; ІІ орында – халықаралық «Түркістан» газетінің штаттан тыс тілшісі Ахмер Біржан; І орында – республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Қарқын Көктем.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша: ІІІ орынға «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметов ие болды; ІІ орын «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына бұйырды; І орын республикалық «Жас алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бифат Елтаеваның еншісіне тиді.

Бұл үш номинация бойынша да бірінші орын иегеріне – 500 000 теңге; екінші орынға – 400 000 теңге; үшінші орынға – 300 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Бас жүлдегердің есімі де анықталды. Жеңіс тұғырына көтерілген Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Әбдір Шапағатқа 1 000 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.

Ол өзнің жүлдесінің бір бөлігін Қостанайдағы өрттен зардап шегіп жатқан бауырларға аударатынын айтты.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ел іші мен шетелдегі оқиғалардан хабардар ететін, қоғам мен үкіметті байланыстыратын бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілді дамытудағы да рөлі айрықша.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға