Жаңалықтар

Жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойы ел көлемінде тойланады

Жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойы ел көлемінде тойланады
Фото: ШҚО Қатонқарағай ауданының әкімдігі 22.08.2023 19:44 1199

Қазақ әдебиетінің өркендеуіне зор үлес қосқан жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына орай елімізде бірқатар іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шығыс Қазақстан туралы әңгіме қозғалса, сол топырақтан шыққан талантты жандарды – әрісі Абай мен Шәкәрімді, берісі Оралхан Бөкейді еске алмай кету мүмкін емес. Биыл қазақ әдебиетіне “Қар қызы”, “Кербұғы”, “Қайдасың, қасқа құлыным”, “Атау кере”, “Тортай мінген ақбоз ат” сынды өшпес шығармалар сыйлап, “Алтайдың кербұғысы” атанған жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толады.

Оралхан Бөкей туған ауылынан Алматыға оқуға аттанарында “Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін” деген. Мақсатына жеткен де сияқты. Өйткені Оралханның шығармаларын оқыған адамда Катонқарағайды көрсем деген арман пайда болары сөзсіз.

Осы ретте Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өту бастамасын көтерді. Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей үйінің ашылуы. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры Оралхан Бөкей тұрған үйді сатып алып, музей жасақтап жатыр. Қаламгердің балалығы өткен үй жеке заттарымен, естелікке толы жәдігерлермен толықтырылып, мерейтойға қарсы есігін ашпақ. Бұл музейдің аймаққа келушілерге катонқарайғалық талантты өреннің шығармашылығын насихаттауға үлес қосатыны анық.

Жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойы ел көлемінде тойланады

Қатонқарағай жеріне келген әр туриске тарих,  осы топырақта туған ұлы тұлғалардың өмірі  қызық. Көбі Оралхан Бөкей жайында сұрайды. Өйткені Орекеңнің шығармаларын мектеп қабырғасынан білеміз. Бірақ Оралхан Бөкей музейі бірнеше жылдан бері жұмысын тоқтатып, жабылып қалған еді. Қорымыздың негізін қалаушы, құрылтайшысы Серік Толықпаевтың қаржылай қолдау білдіруінің арқасында үй сатып алынып, көпшілікке мұражай ретінде ұсынылып отыр. Оның үстіне, бүгінде музей мемлекет балансына берілді. Бұл бәріміз үйренген мұражайлардан әлдеқайда ерекше болмақ. Өйткені  бұл – Оралхан Бөкейдің балалығы өткен үйі,  жазушының қалыптасуына куә болған қабырғалар. Енді сол рухани орта көпшілік үшін қызмет ететін болады, - дейді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.

Жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойы ел көлемінде тойланады

Айтуынша, жыл сайын Қатонқарағай кәсіпкерлерінің бірігіп, үлкен салтанатты іс-шара өткізуі игі дәстүрге айналып барады.

25 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музейінің ашылу салтанаты, пленэр өтеді. Дәл сол күні Қатонқарағай ауылында 80 жылдыққа арналған той, бәйге ұйымдастырылады.

Жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойы ел көлемінде тойланады

Әрі қарай іс-шаралар Астана қаласында жалғасын табады.

Жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойы ел көлемінде тойланады

15 қыркүйек күні Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда «Өз отыңды өшірме» атты дөңгелек үстел, жастар театрында «Қар қызы» спектаклі қойылып, Хазірет Сұлтан мешітінде ас беріледі. 

Содан кейін 28 қыркүйек күні Алматы облысы Кеңсай ауылында құран оқытылып, ас беріледі.

Сол күні Алматы қаласы Абай көшесі 14 орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында конференция және 30 қыркүйек күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында аламан айтыс өткізілетін болады.   

Қазақ әдебиетіне серпіліс әкелген қаламгерлеріміздің еңбегін елеп, республика көлемінде атап өту – ұлт руханияты үшін маңызды. Мұндай іс-шаралар келер ұрпаққа тарихты, әдебиетті дәріптеуге, насихаттауға қосар үлесі зор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға