Маусым айы басталысымен Алакөлге, Балқашқа, Бурабайға және Каспий жағалауына ағылатын туристер саны бірнеше есе артады. Бірақ жыл сайын қайталанатын мәселелер де аз емес: пойыз билеті тапшы, жағажайларда орын жетіспейді, байланыс нашар, сервиске қатысты шағым көп. Өткен жылы Мемлекет басшысы туризм саласындағы осы түйткілдерді сынға алып, Үкіметке нақты тапсырмалар берген еді. Биыл жағдай өзгерді ме? Қазақстан жазғы туристік маусымға қаншалықты дайын?
Қазақстандықтар қайда демалуды жөн көреді?
Саяхатшы әрі тревел-блогер Жансая Ғаниқызының айтуынша, жазғы маусымдық туризмнің басты ерекшелігі – қысқа уақыт ішінде туристік ағынның күрт артуы.
Маусым мен тамыз аралығында демалыс орындарына сұраныс бірнеше есе өседі. Биыл қазақстандықтар арасында отбасылық туризм мен қысқа мерзімді саяхаттарға қызығушылық жоғары. Көпшілік бірнеше күнге табиғат аясына шығып, демалып қайтуды жөн көреді. Сондықтан уикенд-турларға сұраныс артып отыр, – дейді сарапшы.
Дәстүрлі түрде ең танымал бағыттардың қатарында Алакөл, Балқаш, Бурабай және Алматы өңіріндегі туристік орындар бар. Сонымен қатар кейінгі жылдары Көлсай көлдері, Қайыңды көлі, Шарын шатқалы, этноауылдар мен глэмпингтер де саяхатшылар жиі таңдайтын бағыттардың қатарына қосылды.
Сарапшының айтуынша, соңғы уақытта Маңғыстау өңіріне қызығушылық артқанымен, жаз мезгілінде бұл аймақтағы ауа температурасы өте жоғары болады.
Қазір Маңғыстауға сұраныс жоғары. Бірақ бұл өңірге көктемде немесе күзде барған әлдеқайда қолайлы. Жазда ауа райының ерекшелігін ескерген жөн, – дейді Жансая Ғаниқызы.
Туризмді әлеуметтік желілер басқарып жатыр ма?
Бүгінде туристік ағымның қалыптасуына әлеуметтік желілер үлкен әсер етеді. Сарапшының пікірінше, қазақстандықтар барған сайын әлеуметтік желіде танымал болған бағыттарды таңдай бастады.
Қазір адамдар саяхатқа демалу үшін ғана емес, көргенін әлеуметтік желілерде бөлісу үшін де барады. Әдемі локациялар туралы контент көбейген сайын сол жерге қызығушылық та артады. Соңғы уақытта Алматы облысындағы жаңа бағыттар, Нарынқол маңындағы табиғи орындар, Текес өңірі сияқты бұрын көпшілік біле бермейтін локациялар танымал болып жатыр, – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілердің ықпалы кей жағдайда туристік ағымның белгілі бір бағыттарға шоғырлануына да әсер етеді.
Овертуризм: танымал бағыттар табиғатқа қауіп төндіріп жатқан жоқ па?
Кейінгі жылдары Қазақстанда овертуризм мәселесі де байқала бастады. Бұл белгілі бір туристік нысандарда келушілер санының шамадан тыс көбеюін білдіреді.
Әр ұлттық парк пен табиғи аумақтың өзіндік сыйымдылығы болады. Кейде туристер саны сол межеден асып кетеді. Мұндай жағдайда табиғатқа түсетін рекреациялық қысым артады. Біз мұны Көлсай, Қайыңды және Шарын сияқты танымал бағыттардан байқап отырмыз, – дейді сарапшы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның пікірінше, туристік жүктемені азайту үшін жаңа бағыттарды дамыту қажет.
Біз көбіне Бурабайды айтамыз. Бірақ Қазақстанда көрікті жерлер әлдеқайда көп. Мысалы, Солтүстік Қазақстандағы Имантау немесе Қарағанды облысындағы Бұйратау ұлттық паркі де туристер үшін тартымды бағыт бола алады. Сондықтан жаңа туристік нүктелерді дамытып, саяхатшыларды әртүрлі өңірлерге тарту маңызды, – дейді ол.
Туристер көбейген сайын билет тапшылығы да артады
Жазғы маусымда қазақстандықтардың жиі шағымданатын мәселелерінің бірі – көлік қатынасы. Әсіресе танымал бағыттарға пойыз билеттері санаулы күннің ішінде сатылып кетеді.
Бізде жыл сайын сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуінен билет тапшылығы байқалады. Сондықтан қазір қазақстандықтар арасында алдын ала брондау мәдениеті қалыптасып келеді. Демалысты ертерек жоспарлаған адам уақытынан да, қаражатынан да ұтады, – дейді Жансая Ғаниқызы.
Туристік маусым қарсаңында бұл мәселені жеңілдету үшін қосымша пойыздар іске қосылып жатыр. «Жолаушылар тасымалы» АҚ маусым айынан бастап Балқаш пен Алакөл бағытына қатынайтын үш қосымша пойызды жолға шығарды.
- 1 маусымнан бастап №220/219 «Қарағанды – Балқаш» пойызы қатынай бастады. Оның құрамында алты вагон бар және шамамен 300 жолаушыны тасымалдай алады. Плацкарттағы билет бағасы 5141 теңгеден, ал купедегі орындар 7291 теңгеден басталады.
- Ал 3 маусымнан бастап №457/458 «Семей – Достық» және №459/460 «Өскемен – Достық» бағытындағы қосымша пойыздар қатынайды. Бұл бағыттар Алакөлге демалуға баратын туристер үшін қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Президент тапсырмалары орындалды ма?
Кейінгі бірнеше жылда Мемлекет басшысы Қазақстандағы туристік инфрақұрылым мәселесін бірнеше рет көтерді. Әсіресе Алакөл, Балқаш және басқа да танымал туристік аймақтардағы сервис пен инфрақұрылым сапасы сынға алынған болатын. Биыл туристік маусым қарсаңында бұл мәселе тағы да күн тәртібіне шықты. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алакөл жағалауындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығымен танысты.
Дегенмен сарапшылардың пікірінше, атқарылған жұмыстарға қарамастан шешімін күткен мәселелер әлі де жеткілікті.
Алакөлде инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ көл жағалауын су шайып кету мәселесі сақталып отыр. Мұндай проблемаларды шешу үшін ауқымды қаражат пен ұзақ мерзімді жұмыстар қажет. Қазір жағалауды қалпына келтіру және нығайту шаралары қолға алынған, – дейді Жансая Ғаниқызы.
Оның айтуынша, бүгінде Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауы да туристер көп баратын бағыттардың біріне айналып келеді. Бұл өңірлерде жағажай туризмі қарқынды дамып жатыр.
Депутаттар: Туризмге сұраныс артты, бірақ мәселе де аз емес
Жазғы туристік маусым қарсаңында саладағы дайындық деңгейіне депутаттар да өз бағасын берді. Олардың айтуынша, қазақстандықтардың ел ішінде демалуға деген қызығушылығы артып келеді. Алайда инфрақұрылым, сервис сапасы мен баға мәселесі әлі де өзекті. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің пікірінше, биыл Алакөл, Қатонқарағай және басқа да танымал бағыттарға сұраныс жоғары болады.
Отандық туризмге сұраныс өте артатыны анық. Соған дайын болу керек. Кәсіпкерлер де, халық та дайын болуы қажет. Турист көп жиналатын жерде экология мәселесі туындайды, қоқыс көбейеді. Сондықтан адамдар демалысын алдын ала жоспарлап, ертерек брондауға үйренуі керек. Биыл Алакөлге, Қатонқарағайға және басқа да танымал бағыттарға сұраныстың жоғары болатыны анық, – дейді депутат.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар ол туристік қызметтердің бағасы қоғамда жиі талқыланатын мәселеге айналғанын атап өтті.
Туризм маусымы басталуға аз уақыт қалды. Бірақ біз бұл бағытта толық дайынбыз деп айта алмаймыз. Туризм туралы ақпарат та аз. Кәсіпкерлердің көбі маусымға толық дайын емес. Қызмет көрсету бағасы әлі де жоғары. Кейде адамдар Вьетнамда бірнеше күн демалатын қаражатқа Қазақстанда бір-екі күн ғана демалуға болатынын айтып жатады. Бұл да ойлануды қажет ететін мәселе, – дейді Мұрат Әбенов.
Депутаттың пікірінше, туризмді дамыту кезінде ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттауға да басымдық берілуі керек.
Туризм арқылы ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді, салт-дәстүрімізді көбірек насихаттау қажет. Бұл бағытқа адамдарды тартудың жаңа жолдарын қарастырған жөн, – дейді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Алакөлдің қазақстандықтар үшін ең танымал демалыс орындарының бірі болып қала беретінін айтады.
Мен жыл сайын отбасыммен Алакөлге барып демаламын. Оның табиғаты ерекше ұнайды. Көпшілік көлдің емдік қасиеттерін де жақсы біледі. Бірақ қазір «бәріне толық дайынбыз» деп айтуға әлі ерте. Жазда халықтың өзі барып көргенде нақты баға береді, – дейді депутат.
Тау – жай ғана фотоға түсетін жер емес
Қазақстанда бүгінде 14 ұлттық парк жұмыс істейді. Олардың аумағында 170-тен астам туристік маршрут бар. Алайда мамандар табиғат аясына шыққанда қауіпсіздік мәселесін ұмытпауға шақырады.
Қазір жастар арасында тауға шығу трендке айналды. Бірақ көп жағдайда адамдар жеткілікті дайындықсыз жолға шығады. Соның салдарынан тауда адасып қалу немесе қайғылы жағдайларға ұшырау оқиғалары кездесіп жатады. Тау – жай ғана әдемі фото түсіріп қайтатын жер емес. Ол қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет ететін орта. Сондықтан маршрутты алдын ала жоспарлап, ауа райын тексеріп, қажетті жабдықтарды алып жүру маңызды, – дейді сарапшы.
Қазақстанда ішкі туризмге қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа міндеттер де жүктейді. Сарапшылардың пікірінше, туристер санын көбейту ғана емес, оларға сапалы сервис, қауіпсіздік пен қолайлы инфрақұрылым ұсыну да маңызды. Өйткені демалушылардың саны емес, олардың алған әсері елдегі туризмнің шынайы деңгейін көрсетеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram