Жазғы демалыста ел ішін аралаңыз: жаңа рейстер ашылады

 ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Жазда қазақстандықтар ел ішін алаңсыз аралай алады. Өйткені демалыс орындарына арзан рейспен қатынауға болады. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов мәлімдеді

Оның айтуынша, көлік министрлігімен тиісті келісімшарттар жасалып қойған. Сәуір айында бекітілген құжатқа сәйкес, ішкі бағыттағы рейстерге мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді.   

Субсидиялаудың нәтижесінде маусым, шілде, тамыз айларында Астана мен Алматыдан қатынайтын рейстерге төмендегі тарифтер бекітілді:

  • Астана – Балқаш 16 000 теңге;
  • Астана – Үржар 18 000 теңге;
  • Астана – Үшарал 20 000 теңге.

Алматыдан қатынайтын рейстер үшін де дәл осы баға өзгеріссіз қалады. 

Ресми субсидияланатын рейстерден бөлек, демалыс аймақтарына коммерциялық чартерлік рейстер де ұйымдастырылуы мүмкін. 

Арзан билетті қалай қағып аламыз?

Есіңізде болсын, билеттің жырын ертерек шешпесеңіз, қапы қаласыз. Өйткені уақыт өткен сайын баға өсе береді. Сол үшін халықаралық рейстер 2-8 ай бұрын, ішкі рейстерге 1-2 ай бұрын билет алған абзал. Көбінесе, сейсенбі мен сәрсенбі күндері ұшу арзан түседі. Кей бағыттарда 20%-ға дейін айырмашылық бар.  

Google Flights, Skyscanner сияқты сервистерде пуш-хабарлама қосып қойып, ойыңыздағы бағаны көргенде қағып алған дұрыс. Бір ғана сервиске байланып қалмай, әртүрлі платформадан бағаны салыстырып, кэшбек жинауды үйреніңіз. Кейде авиакомпанияның сайтынан сатып алған арзанға шығады.

Одан кейінгі жолы – ұшу бағытын өзгерту не әуе транзитін таңдаңыз. Өйткені тікелей рейстің бағасы қымбат. Ал транзит жолын таңдасаңыз, әлдеқайда арзанға билет аласыз. Тағы бір жолы – ұшу бағытын өзгертесіз. Мысалы, Анталияға Астанадан ұшқаннан, Қарағанды арқылы барған тиімді. Бастысы, баға жағынан жақсы тарифті көрсеңіз, көп ойланбай саяхаттаудың қамын жасаңыз.

Оқи отырыңыз