Жаңалықтар

Жазғы демалыс: қазақстандық оқушылар әлемде ең ұзақ демалады

Жазғы демалыс: қазақстандық оқушылар әлемде ең ұзақ демалады
Фото: © Pexels.com 25.05.2023 12:12 1018

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев министрлер кабинетінің отырысында қазақстандық оқушылардың жазғы каникулы өзге дамыған елдерге қарағанда ең ұзаққа созылатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғани Бейсембаев биылғы жылдың басты жаңалығы деп елдегі оқу жылының 34 аптадан 36 аптаға ұзаруын алға тартты.

Егер әлемдік тәжірибені алып қарасақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы елдерде оқу жылы 40 аптаны құрайды. Осыған байланысты оқушылар жазда 77 күн демалады, ал қазақстандық оқушылар 13 апта, яғни 90 күн демалады, - деді ол.

Министр сөзіне тұздық болсын деп мысал да келтірді. Канадада оқу жылы 37 аптаны құраса, Англия, Финляндия, Оңтүстік Корея мен Норвегияда – 38 апта, Италияда – 39 апта және ал Германияда 40 аптаны құрайды.

Финляндия мен Швецияда жазғы демалыс 11 апта болса, Қытай, Оңтүстік Корея, Францияда оқушылар 9 апта, Германия, Жапония, Англия, Нидерландта 7 апта демалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға