Жазда Қазақстанда қандай халықаралық турнирлер өтеді?

 ҰОК
Фото: ҰОК

Туризм және спорт министрлігі жазда елімізде бірнеше ірі халықаралық турнир өтетінін хабарлады. Оған әлемнің түпкір-түпкірінен мыңдаған спортшы жиналады. Қазір министрлік жарыстарға дайындық мәселесі талқыланып жатқанын хабарлады. 

Жиында Астана, Түркістан, Шымкент және Ақтау қаласында ұйымдастырылатын бірқатар халықаралық турнирге дайындық барысы қаралды. Әсіресе, спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, спорт инфрақұрылымының дайындығы, логистика, медициналық қызмет көрсету, шетелдік делегацияларды орналастыру, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлесімді өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Астана қаласында:

  • 1-8 маусым күндері боччадан Әлем кубогы өтеді. Аталған жарысқа әлемнің 25 елінен спортшылар қатысады;
  • 22-23 маусымда таеквондодан халықаралық  Altaic Cup турнирі өтеді;
  • 25-27 маусымда таеквондодан Kazakhstan Open-2026 басталады;
  • 28-29 қарашада таеквондодан Гран-при жарысы ұйымдастырылады.

Одан бөлек, 15 елден шамамен 250 спортшы жиналатын жеңіл атлетикадан XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы бар. 16 елден шамамен 350 спортшы бақ сынайтын байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты,  50 елден 500-ге жуық спортшы белдесетін кураштан әлем чемпионаты және 700 спортшы қатысатын WKF каратэден Орталық Азия чемпионатына дайындық мәселесі де сөз болды.

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізудің маңызын атап өтіп, мұндай ірі спорттық іс-шаралар Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтуға, спорт инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ықпал ететінін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға, федерацияларға және жарыс ұйымдастырушыларына алдағы халықаралық додаларға сапалы әрі уақтылы дайындықты қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Оқи отырыңыз