Жазда балаларға қандай тағам қауіпті: гастроэнтеролог кеңесі

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Жаз мезгілінде азық-түлік тез бұзылып, балалар арасында ішек инфекциясы мен тағамнан улану қаупі айтарлықтай артады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ыстықта бактериялар тез көбейеді

Әсіресе ыстық күндері тез бұзылатын тағамдар, тәтті сусындар мен ауыр ас балалар үшін қауіпті. Бұл туралы Яна Рейдер Газета.Ru басылымына берген сұхбатында айтты.

Маманның сөзінше, жазда балалардың асқазан-ішек жолы әлдеқайда сезімтал болады.

Ыстықта тағамдар тез бұзылады, ішек инфекциясы мен тағамнан улану қаупі артады. Ал тамақтанудағы үйреншікті қателіктер ағзаға бұрынғыдан да ауыр әсер етуі мүмкін. Сондықтан жазда ата-аналар баланың тамақтану рационына, тағам сапасына және су ішу тәртібіне ерекше көңіл бөлуі керек, – деді дәрігер.

Оның айтуынша, жоғары температура бактериялар, вирустар мен өзге де зиянды микроағзалардың жылдам көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады. Әсіресе ет өнімдері, сүт тағамдары, салаттар, жұмыртқа және кондитерлік өнімдер жазда тез бұзылады. Тіпті оларды тоңазытқышсыз қысқа уақыт сақтау да қауіпті микрофлораның көбеюіне себеп болуы мүмкін.

Газдалған сусын шөлді баспайды

Гастроэнтеролог жазғы мәзірдің жеңіл әрі қауіпсіз болғаны дұрыс екенін айтады. Оның пікірінше, ыстықта майлы және қуырылған тағамдарды шектеу қажет. Себебі мұндай ас асқазанға салмақ түсіріп, жүрек айну, ауырлық сезімі мен жайсыздық тудыруы мүмкін. Сонымен қатар майонез, ысталған өнімдер мен шұжықтар да ыстықта тез бұзылып, ағзаға ауыр тиеді.

Фото: ЖИ

Дәрігер тәттілер мен сусындарға да ерекше тоқталды.

Жазда крем қосылған десерттер мен тез бұзылатын тәттілер аса қауіпті. Көп жағдайда балалардың тағамнан улануына дәл осындай өнімдер себеп болады. Сондай-ақ тәтті газдалған сусындарды, қораптағы шырындарды, кофе мен какаоны шамадан тыс тұтынбаған жөн. Олар шөлді толық баспайды әрі ағзадағы су-минерал тепе-теңдігін бұзуы мүмкін, – деді маман.

Ішек инфекцияларының белгілері қандай?

Ішек инфекциясы немесе тағамнан улану әртүрлі белгілермен байқалуы ықтимал. Көбіне жүрек айну, құсу, іштің ауыруы және іш өту кездеседі. Ауырсыну кіндік маңында немесе іштің төменгі бөлігінде сезіліп, тамақ ішкенде не дәретке шығар алдында күшеюі мүмкін. Кей жағдайда нәжісте шырыш, қорытылмаған тағам қалдықтары немесе қан байқалады. Сонымен қатар дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, ұйқышылдық және тәбеттің төмендеуі мүмкін. Кейбір балаларда теріге бөртпе шығып, лимфа түйіндері ұлғаюы ықтимал.

Яна Рейдердің айтуынша, кейбір ішек инфекциялары асқынуға тез әкеледі. Әсіресе жиі құсу, тоқтаусыз іш өту, ыстық түсіретін дәріге бағынбайтын жоғары температура және суды іше алмау – қауіпті белгілер. Мұндай жағдайда дереу дәрігер көмегіне жүгіну қажет, өйткені балаға инфекциялық стационарда ем қажет болуы мүмкін.

Диагноз қою үшін дәрігерлер әдетте қанның жалпы және биохимиялық талдауын, нәжісті ПТР әдісімен зерттеуді, бактериологиялық егу талдауын тағайындайды. Қажет болған жағдайда іш қуысына ультрадыбыстық зерттеу жасалады.

Маманның айтуынша, баланың жағдайына қарай педиатр, гастроэнтеролог, инфекционист немесе хирург кеңесі де қажет болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз