Жаз мезгілінде Ақтаудың курорттық аймағына ағылатын көлік легі айтарлықтай артады. Sergek ITS интеллектуалды көлік жүйесінің бір жылдық деректеріне сәйкес, жағажайлар мен демалыс орындарына қатынайтын автокөлік саны қыс мезгілімен салыстырғанда бес еседен аса өседі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Sergek Group мамандары 2025 жылғы тамыз бен 2026 жылғы шілде аралығындағы анонимдендірілген көлік ағынының деректерін саралап, Ақтаудағы туристік маусымның жол қозғалысына әсерін зерттеді.
Бір тәулікте 6,3 мың автокөлік курортқа қатынайды
Талдау нәтижесіне сәйкес, жазда курорттық аймаққа тәулігіне орта есеппен 6,3 мың автокөлік қатынайды. Қыс мезгілінде бұл көрсеткіш небәрі 1,2 мың көлікті құрайды. Ал демалыс күндері жүктеме тіпті күшейіп, жағалау бағытына тәулігіне 12,2 мыңға дейін автокөлік қатынайды. Бұл жұмыс күндерімен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Жаз мезгілі жалпы қаладағы көлік қозғалысының да ең қарқынды кезеңіне айналады. Осы уақытта Ақтау көшелеріне күн сайын шамамен 84 мың автокөлік шығады. Салыстырмалы түрде алғанда, қыста бұл көрсеткіш 79 мың, ал қаңтар айында 77 мың көлікке дейін төмендейді.
Сонымен қатар жазда көлік сапарларының саны да артады. Орта есеппен тәулігіне 231 мың сапар тіркеледі. Бұл қыс мезгілімен салыстырғанда 14 пайыз көп. Көліктердің бір тәулікте жүріп өтетін жалпы қашықтығы 2,55 миллион шақырымға жетіп, қысқы кезеңмен салыстырғанда шамамен 500 мың шақырымға артады.
Кешке көлік көбейеді
Тағы бір ерекшелік – кешкі қарбалас уақыттың өзгеруі. Егер жылдың басқа мезгілдерінде көлік қозғалысының ең жоғары қарқыны сағат 19:00-де байқалса, жазда демалушылардың жағалауға ағылуына байланысты бұл көрсеткіш 21:00-ге ығысады.
Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Кимнің айтуынша, жазда Ақтауға өзге өңірлерден келетін көлік саны да едәуір көбейеді.
Жаз мезгілінде Ақтау жолдарындағы әрбір оныншы автокөлік – өзге өңірден келген көлік. Ең жоғары өсім көршілес батыс өңірлерінде байқалады. Атырау облысынан келетін көлік саны шамамен 70%, Ақтөбе облысынан – 44%, Батыс Қазақстан облысынан – 30% артқан. Сонымен қатар Ресей нөмірімен тіркелген көліктер саны 21% көбейді. Бұл Ақтаудың ең алдымен көршілес өңірлер тұрғындары үшін жазғы демалыстың негізгі бағыттарының біріне айналғанын көрсетеді, – деді Евгений Ким.
Зерттеу нәтижесі туристік маусымдағы жүктеменің қала жолдарына біркелкі түспейтінін де көрсетті. Көлік қозғалысының негізгі өсімі курорттық аймаққа апаратын жолдарда байқалған. Ал Ақтаудың негізгі магистральдарындағы қозғалыс қарқыны маусымдық өзгерістерге қарамастан шамамен 10 пайыз шегінде ғана өзгерген.