Жаңалықтар

«Жайлы тасымал туралы айту мүмкін емес». Сенатор өңірлердегі жағдайы мүшкіл автопарктер жайында

«Жайлы тасымал туралы айту мүмкін емес». Сенатор өңірлердегі жағдайы мүшкіл автопарктер жайында
Фото: arfc.kz 05.10.2023 12:46 533

Сенат депутаты Евгений Больгерт қалалар мен елді мекендердегі автопарктердің жұмысы мүшкіл екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың ақпараты бойынша, тасымалдаушының белгіленген тариф пен жол жүрісінің нақты құны арасындағы айырмашылығын жабу үшін олардың шығындарына тұрақты түрде субсидия бермесе, қызметтің бұл түрі тиімсіз болып қалады. Алайда субсидия көлемінің үнемі өсуі де жағдайды қалпында ұстап тұра алмайды. Сенатор дизель отынына, қосалқы бөлшектерге, автобустар мен электр автобустарына бағаның өсе түскені туралы деректерді алға тартты.

Көптеген қала мен елді мекендерде жолаушылардың жайлы тасымалы туралы айту мүмкін емес, оның баламасы да жоқ. Саланың көптеген мамандары басқа жаққа жұмысқа кетіп жатыр. Жүргізушілердің жетіспеушілігіне байланысты кейбір автобус парктерінде автобустар қаңтарылып тұр, бұл жолаушылардың аялдамада тұрып қалуына және азаматтардың наразылығына әкеліп соғады. Қалалық маршруттарда 10 525 автобус тартылған болса, ҚР ІІМ дерегі бойынша елімізде «D» санатындағы куәлігі бар 387 000 адам бар. Ол адамдар осы жағдайға байланысты бұл мамандыққа барғысы келмейтіні анық, - деді сенатор.

Депутат бюджет ақшасы мен табысты маршруттарды тұрақты алып тұратын муниципалды автопарктерге артықшылық берілетіні туралы проблемаға да тоқталды. Жеке автопарктердің жағдайы күрт нашарлап барады. Банктер табысы төмен және субсидияның шектеулі болуына байланысты оларға жаңа автобус сатып алуға несие беруден бас тартып отыр.

Муниципалдық автопарктерді жекешелендіру және сонымен қатар бәсекелестік негізде жеке секторға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ қала ішіндегі және қалааралық қатынастағы тасымалдаушылардың шығынын жабуға субсидия бөлу жөніндегі ақпараттық жүйе әзірлеу керек. Автопаркті жаңарту және отандық техникамен толықтыру жөнінде тасымалдаушылармен уағдаластық міндеттемесі бойынша ұзақ мерзімді субсидия бөлудің негізін қарастыру керек, - деді сенатор Больгерт.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға