«Жайлы мектеп»: Қазақстанда мектеп тапшылығын жоюға бағытталған ұлттық жоба

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – бұл еліміздегі білім беру сапасын арттырумен қатар, қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған ауқымды бастама. Жоба аясында заманауи талаптарға сай жаңа форматтағы 217 мектеп салынып, 460 мың оқушы орны ашылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында әрбір балаға қолайлы оқу ортасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өткен болатын. «Жайлы мектеп» осы мақсатқа жетудің нақты қадамы ретінде апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасын шешуге бағытталған. Осы орайда ұлттық жобаның жүзеге асу барысы мен жетістіктеріне шолу жасадық.
Жобаның басты міндеттері қандай?
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім беру жүйесін жаңғырту бағытында нақты үш басты міндет айқындалған. Біріншіден, халқы тығыз шоғырланған ірі қалаларда жаңа мектептер салып, ескі білім ордаларының жүктемесін жеңілдету көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде оқушылардың білім алу жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, ауылдық өңірлердегі білім сапасын арттыру — жобаның стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл бастама арқылы қала мен ауыл арасындағы білім беру теңсіздігін азайтып, әлеуметтік алшақтықты қысқарту көзделген.
Үшіншіден, жаңа мектептердің барлығы заманауи білім беру талаптарына сай салынып, әрбір оқушыға халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы білім алуға жағдай жасалады. Осы арқылы елдегі білім беру инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылып, барлық балаға тең мүмкіндік ұсынылады.
Мектеп тапшылығы неге туындады?
Соңғы жылдары Қазақстанда демографиялық өсім айтарлықтай қарқын алған. 2024 жылдың қазан айында ел халқының саны 20,2 миллионнан асып, табиғи өсіммен қатар ішкі көші-қон үдерістері де білім беру жүйесіне қосымша салмақ түсіріп отыр. Ауылдық өңірлерден қалаға қоныс аудару үрдісі күшейген сайын, қалаларда мектептер саны халықтың өсуіне ілесе алмай жатыр. Сыныптардың шамадан тыс толуы – білім сапасына тікелей кері әсерін тигізетін факторлардың бірі.
Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылдың ортасына қарай республика бойынша 136 мектепте білім беру процесі үш ауысымда ұйымдастырылған. Ал тағы 71 мектептің ғимараты жарамсыз деп танылып, апатты нысандар қатарына енген. Мұндай проблемалық мектептердің көбі Алматы қаласында (53), сондай-ақ Батыс Қазақстан (26), Түркістан (20), Маңғыстау (17) және Атырау (16) облыстарында орналасқан.
Осыдан-ақ үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі – білім беру саласындағы ең күрделі түйіндердің бірі екені анық. Бұл жағдайды мемлекет ерекше бақылауына алып отыр. Үкімет бұл түйткілді 2025 жылға дейін түбегейлі шешуді жоспарлауда. Мәселен, 2023 жылдың өзінде Атырау облысында апатты мектептер проблемасы толық шешілген. Ал Шымкентте үш ауысымды мектептер келер жылы жойылады деп күтілуде.
«Жайлы мектеп»: қай өңірде қанша білім ұясы бой көтермек?
Қазақстанда қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа білім беру мекемелерін ашу жұмыстары жалғасып жатыр. Ауқымды бастама мектеп инфрақұрылымын жаңартып, барлық балаға сапалы әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруды мақсат етеді.
Алғашқы жоспар бойынша 2023–2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға арналған 401 мектеп салу көзделген. Алайда қаржылық шектеулерге байланысты бұл көрсеткіш 369 мектепке дейін азайтылып, шамамен 740 мың оқушы орны қарастырылды. 2024 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған Үкіметтің №1079 қаулысымен жобаның ауқымы тағы да қайта қаралып, мектеп саны 217-ге, ал оқушы орны 460 400-ге дейін қысқарды. Яғни бастапқы жоспардың шамамен жартысы жүзеге аспақ.
Қазіргі кезеңдегі мақсат – 2025 жылдың соңына дейін 217 жаңа мектеп ашып, 460 мыңға жуық оқушыны оқу орнымен қамту.
Мектептер тек ірі қалаларда емес, елдің барлық өңірінде салынады. Алғашқы нұсқада олардың 205-і қалада, 164-і ауылдық елді мекендерде бой көтеруі тиіс болған. Әр мектептің жобалық қуаты 300-ден 2500 оқушыға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш өңірдегі тұрғындар тығыздығы мен сұранысқа байланысты есептеледі.
Білім беру министрлігі мектеп салу орнын анықтағанда демографиялық өсімді, көші-қон белсенділігін және урбанизация қарқынын ескеріп, жан-жақты талдау жүргізді. Нәтижесінде жаңа мектептердің басым бөлігі оқушылар саны күрт артқан өңірлерге бағытталды. Атап айтқанда, Астана мен Алматы қалалары, Түркістан, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстары негізгі басымдыққа ие. Бұл аймақтарда оқушылар саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді және мектеп жетіспеушілігі ерекше байқалады.
Жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда, еліміздегі білім беру инфрақұрылымының сапасы едәуір жақсарып, ұзақ уақыттан бері шешімін таппаған мектеп тапшылығы мәселесі біртіндеп жойыла бастайды.
Қаржыландыру және заманауи талаптарға сай құрылыс
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мемлекет тарапынан жан-жақты қаржыландырылып жатыр. Жобаның негізгі шығындары республикалық бюджет пен Ұлттық қор қаражаты есебінен қамтамасыз етілуде. 2023–2025 жылдарға арналған үш жылдық кезеңде жобаға жалпы 1,5 триллион теңге бөлінген. Оның ішінде 500 миллиард теңге – 2023 жылға, 646 миллиард теңге – 2024 жылға, ал 347 миллиард теңге 2025 жылға жоспарланған.
Жобаның негізгі операторы ретінде «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы бекітілді. Бұл компания мектептердің бірыңғай үлгідегі жобаларын әзірлеуге және құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты. Ал жергілікті атқарушы органдар өз кезегінде жаңа мектептерге арналған жер телімдерін бөлу мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қамтамасыз ету міндетін атқарады.
Мемлекет бөлген ауқымды қаржы ұлттық экономиканың дамуына жанама әсер етуі үшін жобада отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарға басымдық беріліп отыр. Әсіресе мектептерді жиһазбен жабдықтау кезінде жергілікті өндірушілердің өнімін сатып алу талап етілген. Үкімет қаулысында «Samruk-Kazyna Construction» тек отандық кәсіпорындар жасаған жиһазды ғана сатып алуы тиіс екені нақты көрсетілген. Жоба операторы шетелден жиһаз тасымалдауға тыйым салынатынын, барлық 217 мектеп тек қазақстандық, сертификатталған сапалы жиһазбен толық жабдықталатынын мәлімдеді. Бұл шешім құрылыс индустриясына серпін беріп, жергілікті өндірісті қолдау мақсатын көздейді.
Жаңа үлгідегі мектептердің басты ерекшеліктерінің бірі – робототехника және техникалық шығармашылыққа арналған арнайы кабинеттердің болуы. Мұндай зертханалар мен пәндік бағыттағы бөлмелер барлық «жайлы мектептерде» қарастырылған. Жоба аясында бой көтеретін мектептердің барлығы заманауи құрылыс стандарттарына сай салынып, технологиялық және қауіпсіздік талаптарын толық орындайды.
Жаңа мектептердің жалпы ауданы бұрынғы мектептермен салыстырғанда 15–20 пайызға кеңірек. Оқу кабинеттерінің техникалық жабдықталу деңгейі де бұрынғымен салыстырғанда төрт есе жоғары. Әр білім ордасында оқушыларға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Мектептерде физика, химия, биология пәндеріне арналған толық жабдықталған зертханалармен қатар, барлық сынып бөлмелері интернетке қосылған компьютерлермен, интерактивті тақталармен, аудио және бейнежабдықтармен қамтылады.
Инклюзивті білім беру талабына сәйкес мүмкіндігі шектеулі балалар үшін пандустар, кең лифттер, тактильді белгілер, арнайы санитарлық тораптар, сондай-ақ логопед, психолог және дефектолог кабинеттері қарастырылған. Оқушыларға арналған жеке шкафтар мен трансформер-парталар оқу процесінің тиімділігін арттырады. Әр қабатта таза ауыз суға арналған фонтан-бұлақтар орнатылады.
Мектеп ғимаратының ішкі құрылымы да оқушылардың жас ерекшелігіне сай жобаланған: бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған жеке блоктар, олардың әрқайсысына бөлек асхана мен спортзал көзделген. Аула кеңістігі де назардан тыс қалмаған – демалысқа арналған көгалды аймақтар, көлеңке түсіретін шатырлар мен бастауыш сыныптарға арналған ашық ойын алаңдары жоспарланған.
Осындай кешенді әрі заманауи талаптарға сай инфрақұрылым әрбір оқушыға қауіпсіз, ыңғайлы, және толыққанды білім алуға қажетті жағдайды ұсынады.
Жобаның жүзеге асу барысы: алғашқы нәтижелер мен алдағы жоспар
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қысқа мерзімде алғашқы нақты нәтижелерін көрсете бастады. 2023 жылы жаңа мектептердің құрылысы қарқынды түрде қолға алынса, араға бір жыл салып, 2024 жылы республика бойынша 105 жаңа мектеп оқушыларға есігін ашты.
Жалпы алғанда, соңғы екі жыл ішінде (2023–2024) елімізде түрлі қаржы көздері есебінен 422 мектеп пайдалануға беріліп, шамамен 510 мың оқушы орны іске қосылды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы мектеп салу қарқыны жағынан ең жоғары көрсеткіш ретінде бағаланып отыр. Соның нәтижесінде білім беру саласында бұрыннан қордаланған бірқатар өзекті мәселе шешімін тапты: екі жылдың ішінде 32 апатты мектеп пен 71 үш ауысымды мектептің мәселесі жойылып, 200-ден астам мектептегі орын тапшылығы толық өтелді.
2025 жылға қарай ұлттық жоба шеңберінде тағы 112 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Осылайша «Жайлы мектеп» жобасында белгіленген межелерді толығымен орындау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, жоба шеңберінен тыс та білім беру инфрақұрылымын дамыту жалғасып жатыр. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен қосымша білім нысандарын салу қолға алынған. Жалпы алғанда, 2025 жылдың соңына дейін түрлі бағдарламалар аясында тағы 200-ге жуық жаңа мектеп ашылып, еліміздегі оқушы орындарының саны қосымша 300 мыңға артады деп күтілуде.
Қазіргі таңда өңірлерде жоспарланған мектептердің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жергілікті әкімдіктер тарапынан қажетті жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту және инженерлік желілерді жеткізу секілді ұйымдастыру жұмыстары атқарылуда. Ал Үкімет пен Парламент тарапынан бұл нысандардың уақтылы әрі сапалы салынуы қатаң бақылауға алынған.
Жаңа модельдің ерекшелігі неде?
1. Кеңейтілген инфрақұрылым
Жаңа мектептердің жалпы ауданы бұрынғы білім ұяларымен салыстырғанда 15–20 пайызға үлкен. Ғимарат ішінен бастауыш (1–4 сынып) және жоғары сынып (5–11 сынып) оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылған. Мұндай құрылым оқушылардың қозғалысын реттеп, буллинг пен түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға сеп болады. Сонымен қатар, білім ошақтары толық инклюзивті орта талабына сәйкес жабдықталады: пандустар, лифтер, тактильді бағыттаушы белгілер, бейімделген санитарлық тораптар мен арнайы кабинеттер орнатылады.
2. Арнайы пән кабинеттері мен шығармашылық кеңістіктер
Мектеп жобалары санитарлық талаптарға сәйкес әзірленген – әр сыныпта 25 оқушыдан артық отырмайды. Барлық мектеп физика, химия, биология, IT, STEM, робототехника пәндеріне арналған заманауи кабинеттермен жабдықталады. Бұған қоса, бұрын болмаған коворкинг аймақтар, ойын бөлмелері, ұлдар мен қыздарға арналған еңбек шеберханалары, «Үй мәдениеті», «Ас мәзірі мәдениеті», «Дизайн және керамика» сияқты арнайы шығармашылық кеңістіктер қарастырылған. Әр мектепте арт-студиялар мен трансформер форматындағы акт залы болады.
3. Заманауи спорт инфрақұрылымы
Жаңа мектептерде волейбол, баскетбол, мини-футбол алаңдары мен жүгіру жолақтары қамтылған. Климаттық ерекшеліктерге қарай, солтүстік өңірлерде хоккей корты, ал оңтүстікте теннис корттары қарастырылған. Оқушылар санына қарай 1-ден 4-ке дейін спорт залдары, душ бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер мен хореография залы салынатын болады.
4. Денсаулық пен қауіпсіздік
Мектептерде медициналық қызмет көрсетуге арналған барлық жағдай жасалады: медициналық пункт, изолятор, процедуралық бөлме және сүзгі-кабинет болады. Қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған – бейнебақылау жүйелері күшейтіліп, кіріп-шығуды бақылау жүйелері орнатылады.
5. Озық жабдықтармен толық қамтылуы
Жайлы мектептер әдеттегі мектептермен салыстырғанда оқу жабдықтарымен төрт есе артық қамтамасыз етіледі. Жаңа мектептер жиһазбен, интерактивті тақталармен, компьютерлермен, ноутбуктермен, тіпті 3D-принтерлермен толық жарақталады. Әр оқушыға жеке шкаф қарастырылған. Қабат сайын таза ауызсуға арналған бұрқақтар орнатылады.
6. Құрылыстың сапасы мен экологиялық тиімділігі
Мектеп құрылысында жылу мен электр энергиясын үнемдейтін заманауи технологиялар пайдаланылады. Барлық нысандар сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сай салынады. Сонымен қатар, жеке жылу қазандығы, трансформаторлық станция, автономды кәріз жүйесі және өрт сөндіруге арналған су қоймасы қарастырылған.
Білім сапасына және әлеуметтік-экономикалық ықпалы
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асуы еліміздің білім беру саласына тың серпін беріп, ауқымды оң өзгерістерге жол ашпақ. Ең алдымен, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешіліп, бұл оқушылардың оқу сапасына теріс әсер ететін факторлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жаңа мектептердің ашылуы нәтижесінде жүздеген елді мекендегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы жаңарып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтып, елімізде білім беру теңдігін қамтамасыз етуге жол ашады. Шалғай ауылдардағы оқушылар да өз замандастарымен бірдей жағдайда білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Жаңа мектептерде инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Пандустар, арнайы жабдықтар және бейімделген инфрақұрылымдар арқылы ерекше білімді қажет ететін балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалады. Бұл бастама әлеуметтік теңдікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық әсері де айтарлықтай болмақ. Мектеп құрылысы мен олардың әрі қарайғы қызметі жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады. Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылға дейін елімізде мектеп құрылысы барысында 53,5 мың уақытша жұмыс орны құрылады. Ал жаңа мектептер іске қосылғаннан кейін 41,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл құрылыс пен қызмет көрсету салаларының дамуына дем беріп қана қоймай, әсіресе ауылдық жерлерде тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Әрбір жаңа мектепке ондаған мұғалім, тәрбиеші, техникалық қызметкер қажет болатынын ескерсек, бұл жоба кадрларды жұмыспен қамтуда да үлкен рөл атқарады. Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» жобасы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жанама түрде ықпал етеді.
Бұдан бөлек, жаңа мектептер ауыл-аймақтардың әлеуметтік дамуының өзегіне айналмақ. Жаңа оқу орындарының ашылуы тек балалар үшін қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, сол өңірдің инфрақұрылымын жетілдіруге, тұрғындардың тұрақтап қалуына да ықпал етеді. Яғни қала мен ауыл арасындағы мүмкіндіктер теңгеріміне бағытталған нақты қадамдардың бірі болмақ.
Қорытындылай келе, «Жайлы мектеп» – болашаққа деген сенімімізді нығайтатын, үлкен үміт артылып отырған ұлттық жоба. Алдағы жылдары еліміздің жүздеген мың баласы жарық, кең, қауіпсіз және заманауи мектептерде білім алып, жан-жақты дамуына жол ашады. Бұл бастама – Қазақстанның білім беру саласындағы теңдік пен сапа бағытындағы іргелі қадамдарының бірі.
