Жаңалықтар

«Жайлы мектеп» ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жояды – Бейсембаев

21.05.2025 15:19 412
«Жайлы мектеп» ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жояды – Бейсембаев

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен баспасөз конференциясында мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Министрдің айтуынша, бұл жоба – еліміздегі орта білім сапасын жүйелі түрде арттыруды көздейтін стратегиялық бастама. Мемлекет басшысы ұсынған жаңа үлгідегі мектеп моделі – біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастыру арқылы заманауи стандарттарға сай оқыту жүйесін енгізуді көздейді.

Жоба қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған. Мұндағы басты мақсат – элиталық мектептер салу емес, керісінше, сапалы білім берудің жоғары стандарттарын жаппай енгізу. Бұл әрбір балаға өзінің ішкі әлеуетін толық ашуға және жан-жақты дамуына мүмкіндік береді, – деді Ғани Бейсембаев.

Министр мектептердің басты артықшылығы – оқушылардың қажеттіліктеріне толық сай келетін ыңғайлы әрі эргономикалық орта қалыптастыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде қауіпсіздік те басты назарда. Заманауи бейнебақылау жүйелері, кіруді бақылау құралдары, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған жеке блоктар оқушыларға барынша жайлы білім алу ортасын ұсынады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға