Жатырмойны обырына қарсы вакцинаның маңызы қандай?

 ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

 Денсаулық сақтау министрлігі 14–17 жас аралығындағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қосымша вакцинация жүргізілетінін мәлімдеді. Бұған дейін вакцина 11-13 жастағы қыздарға қолжетімді болды. 

 Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті негізде жүргізіледі. Қазір Қазақстанда 11 жастағы қыздарды жоспарлы вакцинациялау және 12–13 жастағы қыздарды толықтыра иммундау жалғасып жатыр. 2026 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, республикада 11–13 жастағы қыздарға 398 мыңнан астам екпе салынған.

Вакцинация білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда ата-анасының не заңды өкілінің келісімімен жүргізіледі.

Бұл қандай екпе?

Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ жоғары онкогенді түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егуді бастады. АПВ вакцинасы 6 айлық аралықпен 2 рет егеді. АПВ-ға қарсы 2 валентті вакцина 16, 18 типті  антигендерінен және 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары. 2024 жылы Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау  Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Екпе ата-аналардың ақпараттық келісімімен, тегін жүргізіледі.

 АПВ вакцинасын әлемнің 110-нан астам елінде, оның ішінде Өзбекстан және Қырғызстан  сияқты көршілес елдерде де егеді. 

Ашық дереккөзден алынды

Вакцинаны сатып алуға болады

Елімізде осы вакцинаны жеке клиникаларда немесе вакцина бар емханада ақылы негізде салдыруға болады. Алматы, Астана және басқа қалалардағы жеке медициналық орталықтарда «Гардасил» вакцинасын аласыз. Алдымен, емханаға не клиникаға хабарласып,  «Гардасил» вакцинасының бар-жоғын және бағасын біліңіз. Екпе алар алдында міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз. Гинекологтың қабылдауына жазылып, кіші жамбас қуысын УДЗ-ға түсіру керек. Вакцина 0-2-6 айлық схема бойынша салынады. Екпенің бірінші дозасы шамамен 135 мың теңге тұрады. Екінші және үшінші дозасы – 250-300 мың теңге аралығында. 

«Күн сайын 2 әйел қайтыс болады»

АПВ инфекциясы негізінен жыныстық қатынас арқылы беріледі. Вирусты жұқтырғанда  инфекция ешқандай симптомсыз болуы мүмкін. Вирус адамның эпителий жасушасына енгеннен кейін көбейе бастайды. Ұзақ мерзімді АПВ инфекциясы сақталған кезде зардап шеккен жасушаларда патологиялық өзгеріс болуы мүмкін. Уақыт өте келе мұндай өзгерістер қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Қатерлі ісік пайда болғанға дейін он жыл немесе одан да көп уақыт өтуі мүмкін.

Жыл сайын елде 1900-ға жуық әйелдерде жатырмойны обыры анықталады. Оның ішінде 600 әйелдің кеселі асқынып кеткен. Сондықтан күн сайын 2 әйел жатырмойны обырынан қайтыс болады.

АПВ алдын алу жолдары:

  • Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді.
  • яконтрацепция қолдану – жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.
  • Мерзімді профилактикалық тексеруден өту. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады.Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс. Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатырмойны обырының даму қаупін  төмендетеді.

 

Оқи отырыңыз