Норвегия билігі камерасы мен жасанды интеллект функциялары бар смарт-көзілдіріктерді бірқатар қоғамдық орында пайдалануға уақытша шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Бұған адамдарды рұқсатынсыз жасырын түсіру қаупі себеп болған.
Саябақтан спортзалға дейін: шектеу көптеген орынға таралуы мүмкін
Үкімет әзірлеп жатқан заң жобасында саябақтар, жағажайлар, музейлер, сауда орталықтары, балалар алаңдары мен көпшілік іс-шаралар өтетін орындар қарастырылған.
Шектеу мектептерге, балабақшаларға және балалар жиі болатын өзге де мекемелерге қатысты болуы мүмкін.
Ауруханалар мен дәрігер қабылдайтын кабинеттер, бассейндер, спорт залдары, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер де тізімге енуі ықтимал. Университеттер мен колледждерге қатысты шектеу енгізу мәселесі де қарастырылып жатыр.
Көзілдірік тағып-ақ жасырын видео түсіруге болады
Биліктің алаңдауына заманауи смарт-көзілдіріктерге орнатылған камералар мен микрофондар себеп болып отыр. Мұндай құрылғылар арқылы айналадағы адамдарды байқатпай фотоға және видеоға түсіруге, сондай-ақ олардың сөзін жазып алуға мүмкіндік бар.
Норвегияның цифрландыру және мемлекеттік басқару министрі Тургейр Микаэльсеннің айтуынша, адамдар бұрын өзін бақылауда жүргендей сезінбеген қоғамдық орындарда енді жасырын түсіріліп қалудан қауіптенбеуі керек.
Смарт-көзілдірікке толық тыйым салынбайды
Әңгіме мұндай құрылғыларды ел аумағында түгелдей тыйым салу туралы емес. Оларды үйде және өзге адамдардың жеке өміріне қол сұғу қаупі жоқ жерлерде пайдалануға болады.
Сондай-ақ кейбір санаттағы азаматтар мен қоғамдық маңызы бар жағдайларға арнайы ерекшеліктер қарастырылуы мүмкін.
Үкімет қандай құрылғылардың жаңа талапқа жататынын әлі нақтылаған жоқ. Шектеу камерасы мен жасанды интеллект функциялары бар көзілдіріктерге ғана қатысты болуы немесе камерасы мен микрофоны бар басқа да тағылатын құрылғыларды қамтуы мүмкін.
Қазақстанда да смарт-көзілдірікке қатысты дау болған
Смарт-көзілдірік арқылы адамның рұқсатынсыз видео түсіру мәселесі былтыр елімізде көтерілген.
2026 жылғы мамырда Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың камерасы бар смарт-көзілдірікпен журналистерді түсіргені қоғамда талқыланды. Журналист Ербол Сейілхан депутаттың видео түсіріп жатқанын БАҚ өкілдеріне алдын ала ескертпегенін айтып, мәселе көтерген.
Оның сөзінше, журналистер Мұқаевты телефон камерасына түсіріп тұрған кезде депутат та смарт-көзілдірігі арқылы оларды видеоға жазған. Кейін сол кадрлар депутаттың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
Бұл жағдайдан кейін журналист смарт-көзілдірікті Парламент ғимаратында пайдалануға қатысты мәселені де көтерді. Ол Мәжілісте жабық отырыстар өтетінін айтып, камерасы бар мұндай құрылғыларға қандай талап қойылатынын сұраған.
Осы оқиға кезінде Құқықтық медиа-орталықтың заң қызметінің жетекшісі Диана Окремова да смарт-көзілдірікке орнатылған камераның құқықтық қырына назар аударған. Оның айтуынша, жасырын ақпарат алуға арналған арнайы техникалық құралдарға қатысты заңда шектеулер бар. Мұндай құрылғылар арқылы алынған ақпаратты жинау, өңдеу және тарату кезінде Қазақстанның дербес деректерді қорғау жөніндегі заңнамасы ескерілуге тиіс.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңда дербес деректер адамның кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер ретінде қарастырылады. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді жинау мен өңдеу адамның немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылады.
Қазақстанда бұл саладағы талаптар кейінгі жылдары да күшейтіліп келеді. 2026 жылғы 24 маусымда дербес деректерді қорғауға қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданды. Олар азаматтардың деректерін жинайтын және өңдейтін ұйымдарға қойылатын талаптарды жетілдіруге бағытталған.
Осы тұрғыдан Норвегияның бастамасы Қазақстан үшін де өзекті. Смарт-көзілдіріктің қарапайым камерадан айырмашылығы – айналадағы адам құрылғының дәл сол сәтте видео түсіріп жатқанын бірден аңғармауы мүмкін. Норвегия билігі енді осындай технологияны пайдалануға қоғамдық орынның өзінде шектеу қоюды ұсынып отыр.
Смарт-көзілдірікке шектеу басқа елдерде де кездеседі
Мұндай құрылғыларға қатысты шектеулер Норвегиямен ғана шектелмейді. Ұлыбритания мен АҚШ-та кейбір соттарда, кинотеатрларда, мейрамханаларда және жекелеген мекемелерде смарт-көзілдірікті пайдалануға шектеу қойылған. Негізгі себептердің бірі – адамдарды жасырын түсіру және жеке өмірге қол сұғу қаупі.