Жаңалықтар

«Жасыл ел»: Астанада жастарды еңбекке баулу мақсатында биыл қандай іс-шаралар өтті

«Жасыл ел»: Астанада жастарды еңбекке баулу мақсатында биыл қандай іс-шаралар өтті
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 29.11.2023 23:42 630

Астанада жасөспірімдер мен жастар арасында қоршаған ортаны қорғау, оны аялау сезімдерін ұялату, сонымен қатар, жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бағдарлама барысында биыл атқарылған жұмыс туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының м.а. Бағдат Атымтай мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Ведомство басшысының айтуынша жастар қаламыздың құрылыс нысанында әр түрлі санаттағы шеберлердің көмекшісі қызметтерін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді (сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек) қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жүргізді.

Биыл жаз айларында бас-аяғы 4200 жас (жасөспірім) жұмыспен қамтылды, олардың қатарында көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Еріктілер сенбіліктерге, қар тазалау науқандарына, ағаш отырғызуға, өзен жағаларын тазалау акцияларына тұрақты қатысады.

Биыл 29 сәуірде «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Сенбілікке Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының, Құрылыс-техникалық колледжінің студенттері және «Астана жастары» жастар-ресурстық орталығының еріктілері белсенді қатысты.

Сондай-ақ, 7 мамырда «Астана жастары» ЖРО еріктілері «Астана қаласындағы Есіл өзені мен Ақбұлақ өзенін Биологиялық ремедиациялау (оңалту)» жобасына қатысты. Конституция күніне орай және «World Cleanup Day» акциясы аясында, сонымен қатар, Линейный саябағында Президентпен бірге ағаш отырғызу шараларына 1925 адам жұмылдырылды, - дейді Бағдат Атымтай.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Астана қаласында сенбіліктерге, экологиялық акцияларға мектеп, колледж, жоғары оқу орындары жұмылдырылды. Барлығы 4000 жас қамтылды.

«Қамқорлық мекен-жайлары» жобасы аясында 40 жалғызбасты зейнеткердің жеке ауласын тазалауға көмек көрсетілді, сондай-ақ жыл басынан кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдары қар тазалау бойынша 20 акция ұйымдастырды. Қар күреу бойынша жаппай акцияларды ұйымдастыру үшін 2000-нан астам волонтер мен кәсіпорын қызметкерлері тартылды.

«Kieli Tabigat» республикалық акциясы аясында «Бозоқ» қалашығының аумағы қоқыстан тазартылды. Экологиялық акцияның мақсаты сакралды аймақтарды тазалау, қалпына келтіру, сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру болып табылады. Акция Қазақстанның әрбір аймағында Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен өткізілді, - дейді ведомство өкілі.

Сол сияқты «Taza Alem» жобасы аясында қаланың шеткі аймақтары да қамтылды. Мысалы, Агроқалашық, Казқалашық, Үркер шағын аудандарында, Көктал саябағында өтті.

Барлығы жаз уақытында 28 сенбілік өткізілді, енді 40 қысқы қар тазалау жұмысын жүргізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Қала күні, Жастар күні, Республика күндеріне орай, «Астана – таза қала», «Жасыл Астана» сияқты акцияларға 2000 жуық адам тартылды.

Бұл іс-шаралар жыл сайын өткізіледі және қоршаған ортаның ластану проблемасына, өлкеміздің табиғатын сақтаудың маңыздылығына және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған, - дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға