Жаңалықтар

Жастардың 40% астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді – сенатор

Жастардың 40% астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді – сенатор
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 20.06.2023 17:28 758

Жоғары білімді қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, түлектердің 30 пайыздан астамы бірден жұмыс таба алмайды. Бұлардың ішінде мемлекеттік тапсырыспен оқығандары да жеткілікті.

2022 жылы жастар және жаңғыру тақырыбын талқыладық. Үкіметке бірқатар ұсыным жолдадық. Жиындар өтті, содан бері не өзгерді. Кейде қаңтар оқиғасының ащы сабағын қайта ұмытып бара жатқандаймыз. Ресми деректерге сүйенсек, биыл елімізде 5,7 млн-нан астам жас адам бар. Былтыр мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жастардың жасын 29 жастан 35 жасқа дейін арттырдық. Соның негізінде еліміздегі NEET санатындағы жастардың саны 223 мыңнан 1 жылда 422 мыңға өсті. Салалық министрлік бір реттік гранттар беру, жастар практикаларын ұйымдастыру және бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру бойынша науқандық шаралармен шектелуде, - деді сенатор.

Ол жастармен жанды жұмыс жүргізу керек екенін айтты.

Бізге терең білім мен мықты тәрбие керек. Елімізде азаматтарға сапалы жоғарғы білім беру, техникалық және кәсіптік дағдыларды оқытып-үйрету, оларды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары бүгінгі күннің талаптарына жауап бермей отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан жастары елдегі жұмыс күшінің шамамен 40 пайызын құрайды, - деді ол.

Биылғы 1 сәуірдегі статистикаға назар аударсақ, елімізден 600-ден астам жас адам шетелге қоныс аударғанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға