Жаңалықтар

Жастар театрында тағы бір тарихи туынды сахналанды

Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастаны «Нартәуекел» деген атпен көрерменге жол тартты.
Жастар театрында тағы бір тарихи туынды сахналанды
28.02.2017 15:08 4735

Астана Жастар театрында белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастаны «Нартәуекел» деген атпен көрерменге жол тартты. Бұл осы театрдағы «Шыңғысхан» әпсанасынан кейінгі тарихи тақырыпты арқау еткен  екінші қойылым. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай режиссерлік еткен спектакль жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, өр рухқа тәрбиелейтініне біз де куә болып қайтттық.

Ақ өлеңмен жазылған күрделі көркем шығарманың сахнада көрініс табуы да оңайға соқпапты.

– Бұл астарлы, көпмағыналы тілмен жазылған қаһармандыққа арналған туынды болғандықтан біздің ұжымға артар жүгі де ауыр болды. Театрдың ерекшелігін ескерусіз қалдырмай, жастардың тілінде сөйлетуге тырыстық,-дейді Жастар театрының көркемдік жетекшісі Н.Жақыпбай.

Актерлік ансамблі, сценографиялық сәндеуі мен әуендік әрлеуі бір-бірімен шебер ұштасқан жаңа туындыда жас батыр Сабалақ-Әбілмәнсұр рөлін театрдың жас әртісі Шыңғыс Жақыпбай, ал дарынды дипломат, алып тұлғалы Абылай ханды Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, талантты актер Әділ Ахметов сомдапты. Өзгеше жанрдағы драмалық дастанды сахнада сөйлету, тарихи тұлғаларды тартымды сомдау театр әртістерінің қай-қайсына да оңай болмапты. Тұңғыш рет басты рөлде ойнаған  Шыңғыс Жақыпбай баһадүр батырдың бейнесін сәтті сомдау үшін талай түн театрда түнеп, жапалы еңбек еткенін айтса, асқақ рухты Абылай кейпіндегі Әділ Ахметов қазақ хандарының рөлін сомдау арманы болғанын жеткізді.

– Актер үшін оңай рөл жоқ. Ал Абылайды сомдау өте жауапкершілікті талап етеді. Бұл рөлде ешқандай шалыс басуға жол жоқ. Хандардың рөлін сомдау арманым болған. Бірақ мен оған осы жасымда жетемін деп ойламап едім. Сеніп тапсырылған рөлдің үддесінен шығу үшін алдағы уақыттта да бар күш-жігерімді саламын, - дейді Ә.Ахметов.

Астана Жастар театрының директоры Ернар Жұматаев бұл спектакль шығармашыл ұжымды едауір есейтіп, мүмкіндіктерін аша түскенін айтады.

– Бұл бізге бұйырған үлкен бақ. Жүктелген ауыр жүк. Тарихи тақырыпты сахналау біздің ұжымды есейтті, өремізді өсірді. Әлемдік деңгейдегі талай классикалық спектакльдер қойдық. Бірақ бұл күрделі спектакль. Хор мен биді қатар алып, ат үстінде ұрандаған ержүрек қазақ халқының өршіл рухын дауылпаздар арқылы бейнеледік. Бұдан былай тарихи тақырыпты көбірек қолға алуымыз мүмкін. Наурыздың өзінде бізді 3 премьера күтіп тұр. Оның бірі «Тілеп-Сарықыз» болса, екіншісі Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы. Ал соңғысын көрерменге тосын сый жасау үшін құпия қалдырайын, - деді Ернар Құрбанбекұлы.

Биыл 10 жылдығын атап өткелі отырған шығармашылық ұйым қазақ мәдени өмірінің дамуына үлкен үлестерін қосып келеді.  2007 жылы 5 шілдеде шымылдығын түрген шығармашылық ортада өз сүрлеуін салған жасампаз жастар жетерлік. Олардың барлығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың өз шәкірті. Өз өнерлерін  әлемдік деңгейде мойындатып жүрген ұжым биылғы гастрольдік сапарын Оңтүстік Қазақстан облысынан бастап, 10 жылдық еңбекті 91 жылдық тарихы бар М.Әуезов театрының сахнасында қорытындыламақ екен.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға