Жаңалықтар

Жастар үйленуге асықпайды: Қазақстанда неке мен ажырасу көрсеткіштері қалай өзгерді?

16.05.2025 12:05 9585
Жастар үйленуге асықпайды: Қазақстанда неке мен ажырасу көрсеткіштері қалай өзгерді?

Соңғы бес жылда Қазақстанда 221 554 ажырасу тіркелген. Бұл – бір облыстың тұрғындарымен тең көрсеткіш. Сарапшылар мұндай деректер қоғамда отбасылық институттың әлсіреп бара жатқанын көрсетеді дейді. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Шынар Төлешованың айтуынша, ажырасу – қоғам өмірінің барлық саласына әсер ететін әлеуметтік-демографиялық процесс. 

Сарапшының сөзінше, соңғы бес жылда жалпы ажырасу деңгейі 1000 адамға шаққанда 2,56-дан (2020 жыл) 2,01-ге дейін (2024 жыл) азайған. Бұл көрсеткіш қала мен ауыл арасында да айқын айырмашылық бар екенін көрсетеді. 2024 жылы қалаларда ажырасу деңгейі 2,39 болса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 1,38-ге тең.

Аймақтық айырмашылықтар – ажырасудың маңызды ерекшеліктерінің бірі. Мұнда мәдениет пен этностық құрам әсер етеді. 2024 жылы ажырасу жиілігі ең жоғары болған өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан (3,12), Қарағанды (3,11) және Павлодар (3,09) облыстары бар. Керісінше, ажырасу деңгейі оңтүстік және батыс өңірлерде төмендеу, - деп түсіндірді сарапшы.

2024 жылғы деректерге сәйкес, ажырасу көбіне 25–39 жас аралығындағы жұптардың арасында жиі кездеседі: ерлер арасында – 58,9%, әйелдер арасында – 57,7%. Сонымен қатар, ажырасулардың басым бөлігі отбасы болғаннан кейінші тоғыз жыл ішінде болады. 

2024 жылғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда ажырасу оқиғалары көбіне неке қиылғаннан кейінгі алғашқы жылдары жиі кездеседі. Ажырасулардың құрылымы мынадай:

  • 8,1 пайызы – 1 жылға жетпеген некелердің үлесінде,

  • 35 пайызы – 1 жылдан 4 жылға дейінгі аралықтағы,

  • 24,5 пайызы – 5 жылдан 9 жылға дейінгі некелерге тиесілі.

Яғни, барлық ажырасудың шамамен 67,6 пайызы отбасы құрылғаннан кейінгі алғашқы тоғыз жылда болған.

Ұзақ жыл бірге тұрған жұптардың арасында ажырасу сирек тіркеледі:

  • 17 пайызы – 10–14 жыл аралығындағы,

  • 5,2 пайызы – 15–19 жыл аралығындағы,

  • 10,2 пайызы – 20 жылдан асқан некелерге қатысты.

Бұған қоса, 2020 жылы тіркелген 100 некенің 1,8-і ажырасумен аяқталса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,7-ге өскен.

Ажырасуға не себеп?

Сарапшылар мен психологтар еліміздегі ажырасуға алып келетін себептердің сан алуан екенін айтады. Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының дерегі бойынша, ажырасудың ең жиі көрсетілетін себебі – «мінез-құлықтың келіспеуі». Бұл жалпылама ұғымның астарында тұрмыстық қиындықтар, материалдық қиыншылықтар, бала тәрбиесіне көзқарастың сәйкес келмеуі, компромиске келе алмау, тіпті бедеулік мәселесі тұруы мүмкін. Сонымен қатар, алкоголизм, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, опасыздық және отбасылық зорлық-зомбылық та негізгі себептердің қатарында, - дейді Шынар Төлешова.

Сарапшы атап өткендей, ажырасу – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін маңызды индикатор. Осы себепті бұл үрдісті зерттеу әрі алдын алу шараларын күшейту – мемлекет пен қоғам үшін маңызды міндет.

Қазақстандық жастар неке қиюға асықпайтын болған

2024 жылдың алғашқы үш айында елімізде шамамен 22,5 мың неке қиылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға төмен, яғни 4,3 мың некеге аз. Бұл – соңғы он жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Тек 2020 жылғы көктемдегі карантин кезінде (сәуір–маусым) неке саны бұдан да аз – 16,6 мың болған еді.

2024 жылдың алғашқы тоқсанында Алматы қаласында неке саны 21 пайызға, ал Түркістан облысында 19 пайызға қысқарған. Жалпы ел бойынша неке қию коэффициенті де азайды: 1000 адамға шаққанда 4,47 неке, бұл былтырғы 5,33 көрсеткішінен айтарлықтай төмен. Ең төменгі коэффициент Батыс Қазақстан облысында – 3,72, ал ең жоғарысы – Алматы облысында – 5,26.

Психологтардың пікірінше, бұл үрдістің бірнеше себептері бар. Қазіргі таңда «үйленген» деген ұғым бұрынғыдай маңызды емес. Жастар өмірлік серігін саналы түрде таңдап, жеке құндылықтарын бірінші орынға қоя бастады. Көпшілігі азаматтық некені – ресми отбасылық өмірге дейінгі «сынақ кезеңі» деп қарастырады.

Экономикалық тұрақсыздық пен баспана бағасының өсуі де маңызды факторлардың бірі. Некеге тұру қаржылық тұрғыдан тиімсіз әрі жауапкершілік жүктейтін қадам ретінде қабылданып жүр. Көпшілік алдымен білім алып, тұрақты жұмысқа орналасып, үй алуға қажетті қаражат жинауды жөн көреді.

Сондай-ақ, отбасылық өмірге қатысты қорқыныш та жоқ емес: тұрмыстық зорлық-зомбылық, алимент, құмар ойындарға тәуелділік және ажырасу оқиғалары жастарды шошытып, неке институтына деген сенімді әлсіретуде. «Үйленсең – өмір қиындайды» деген ұстаным қоғамда жиі кездесіп отыр.

Қатынаста да жиі байқалатын мәселе – серіктестердің бір-бірінен шынайы үміт күтпеуі, құндылықтар мен болашаққа көзқарасты ашық талқыламауы. Эмоционалдық тұрғыда жетілмеген қарым-қатынастар мен тіл табысу машығының болмауы да неке құруға кедергі келтіреді.

Бұрын неке динамикасы қандай болды?

2019 жылы Қазақстанда 139 мыңнан астам неке тіркелсе, пандемия кезінде бұл көрсеткіш 128,8 мыңға дейін төмендеді. 2021 жылы қайта өсіп, 140,2 мың некеге жетті. Алайда кейінгі жылдары төмендеу байқалады: 2022 жылы – 128,3 мың, ал 2023 жылы – 120,8 мың неке тіркелген.

Орта есеппен, ер адамдар 27–28 жаста, әйелдер 24–25 жаста үйленеді. Бұл жас көрсеткіші соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген жоқ. Айта кетерлігі, неке саны азайғанымен, ажырасу саны да төмендеп жатыр. 2019 жылы республика бойынша 59,7 мың ажырасу тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 40,2 мыңға дейін қысқарды.

Демографиялық саясатты қайта қарау қажет

Неке институтының трансформациясы – қоғамдағы құндылықтар жүйесінің өзгеруінің айқын көрінісі. Қазақстанда жастар жауапкершілікке асықпай, қарым-қатынасқа жаңа көзқараспен қарап отыр. Осы орайда демограф Аяулым Сағынбаева демографиялық саясатты қайта қарау қажеттілігі туралы пікір білдірді. Ол қазіргі демографиялық саясаттың бағыт-бағдарын нақтылап, оның мақсаттары мен жүзеге асыру механизмдерін айқындау қажет екенін атап өтті.

Демографиялық саясат туралы айтқанда, ең алдымен нақты сұрақтарға жауап беруіміз керек: Бізге қандай демографиялық саясат қажет: бала тууды қолдайтын ба, әлде шектейтін бе? Ол қандай мақсатқа бағытталуы тиіс? Мемлекеттік қолдаумен туу көрсеткішін арттырдық делік, одан кейін не болады? Бұл саясаттың мазмұны қандай болмақ? Мемлекеттік жоспарлау мен басқару жүйесі халық санының артуына дайын ба? Бізге не маңызды — сан ба, сапа ма? Бұл саясатты жүзеге асыратын мамандар мен оны қабылдайтын халықтың білімі жеткілікті ме? Бұл саясаттың нақты бенефициарлары кімдер?Осы және басқа да ілеспе сұрақтардың жауабы әлі нақты емес. Тек концепция қабылдау, заң енгізу немесе жаңа орган құру — бұл жартылай шешім ғана. Егер артында жүйелі демографиялық ақпарат пен болжау жүйесі болмаса, бұның бәрі уақытша әрекетке айналады. Бұл жүйе нормативтік құжатпен немесе бір реттік конференциямен шектелмеуі керек, - дейді демограф.

Сағынбаева демографиялық саясаттың тек туу көрсеткіштерін арттырумен шектелмей, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың саналы жауапкершілігін арттыруға бағытталуы тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау — бұл жеке адам, отбасы немесе қауымдастық мәселесін толық шешу емес. Қоғамда ең бастысы — білім, жауапкершілік пен саналы көзқарас қалыптастыру маңызды. Ата-ана болу – үлкен жауапкершілік, бала дүниеге келуі — саналы әрі дайын шешім болуы қажет. Медиада жиі айтылатын «халық санын 50 миллионға жеткізу», оның ішінде «қазақ халқының үлесін арттыру» идеясы да реалистік емес. Адамдарды ел аумағына теңдей орналастыру да утопия. Мұндай саясат — жүйелі басқару, ғылыми сүйеніш, сарапшылардың болжамы мен халықпен байланысқан, органикалық құрылымнан тұруы тиіс. Мысалы, Қытайдың «бір отбасы – бір бала» саясаты туу көрсеткішін төмендетіп, экономикалық серпіліске жол ашты. Бірақ бұл саясат гендерлік теңсіздік тудырып, «көлеңкедегі балалар» (хэйхайцзы) проблемасын әкелді. Олар тіркелмей, білім мен медицинаға қол жеткізе алмады. Демографиялық саясат — тек сандармен жұмыс емес, ол — болашақ ұрпаққа жауапкершілікпен қарау, терең жүйелі ойлау мен ұзақ мерзімді стратегияны қажет ететін сала. Бүгінгі шешімдер ертеңгі қоғамның келбетін айқындайды, - дейді Аяулым Сағынбаева.

Қазақстандағы некенің азаюы мен ажырасудың жиілеуі — тек әлеуметтік емес, стратегиялық мәселе. Бұл үрдіс қоғамдағы құндылықтардың, өмір сүру салтының және жастардың болашаққа деген көзқарасының өзгергенін айқын көрсетеді. Демографиялық саясат енді тек туу көрсеткішін арттырумен емес, отбасы институтын нығайтып, саналы әрі сапалы ата-ана болуға бағытталуы тиіс. Ұзақ мерзімді нәтиже үшін мемлекет, сарапшылар және қоғам бірлесіп, кешенді әрі терең саясат жүргізуі қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға