Германияның Дуйсбург қаласында өтіп жатқан академиялық ескек есуден жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Артем Матусевич жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл оның халықаралық аренадағы төртінші жүлдесі. Олимпиада шыңына шығуды мақсат еткен спортшы арманына адымдап келе жатыр.
Германияда академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Дуйсбург қаласындағы жарысқа 49 мемлекеттен 600-ден астам ескек есу шебері қатысты. Отандасымыз Артем Матусевич финалға шығып, ерлер арасындағы жеңіл салмақтың жекелей сынында 07:01.56 уақытта мәреге үшінші болып жетіп, қола медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені португалиялық Жоау Велозу (06:59.96) иеленсе, күміс медаль Грекия өкілі Ангелос Каудиске (07:00.62) бұйырды.
Ол былтыр Шанхайда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 9-орын иеленді. 28 маусымда Швейцариядағы әлем кубогы кезеңінде 7-орынға тұрақтады.
Артем Матусевич кім?
Ол 2006 жылы 6 желтоқсанда Астана қаласында дүниеге келеді. Артем – үйдің тұңғышы, өзінен кейін інісі мен қарындасы бар. 13 жасында академиялық ескек есу спорты туралы естіп, қызығады. Ата-анасының отбасылық достары үстел басындағы әңгіменің бірінде осы спорт туралы айтып береді. Физикалық дайындықты талап ететінін, сирек аталатын әрі ерекше спорт екеніне тоқталады. Осылайша Артемнің академиялық ескек есуге қызығушылығы оянады.
Алғашқы бапкерімнің есімі – Айшамбек Ибрашев. Сол кісінің арқасында академиялық ескек есудің әліппесін үйрендім. Бала кезімнен спорттың бірнеше түрімен айналыстым. Командалық ойынды да, циклдік спорт түрлерін де, жекпе-жек түрлерін де байқап көрдім. Десе де академиялық ескек есу жаныма жақын болды. Астанадағы №28 мектепте оқыдым. Қазір Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университетте «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында біліп алып жатырмын, – дейді спортшы.
Қазір Артемнің ұлттық құрамадағы жеке бапкері – Асылан Құсайынов. Оның айтуынша, осы маманның жетекшілігімен ұлттық құрама қарқынды дамып, халықаралоық деңгейде жоғары нәтижеге қол жеткізе бастады.
Болашақта бұдан да жоғары жетістікке жеткім келеді. Олимпиада ойындарының жүлдегері болуды армандаймын. Алда әлемдік ареналарды бағындырып, кем дегенде 10 жыл осы спорт түрінде тұрақты нәтиже көрсетсем деймін, – деп жауап берді Артем.
Спортшы әлемдік спорт жұлдыздарының еңбекқорлығы мен табандылығынан үлгі алуды үндейді. Оның айтуынша, кез келген адам көшбасшы бола алады. Сол үшін мінезді шыңдап, көшбасшы болуға қажет қасиетті бойға сіңіру керек. Артем де дәл осы қағиданы ұстанып, үздіксіз дамуға ұмытылады.
Бос уақытымда спортқа қатысты білімімді шыңдаймын, ізденемін. Мысалы, кейінгі кезде дұрыс тамақтану, нутрициология, денені қалыпқа келтіру мен витамин қабылдау туралы іздендім, – дейді Артем.
Қандай жетістіктері бар?
2025 жыл – Вьетнамның Хайфон қаласында өткен академиялық ескек есуден Азия чемпионатында LM1X (жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жекелей сын) санатында қола жүлдегер атанды.
2024 жыл – Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен академиялық ескек есуден Азия чемпионатында LM2X (жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жұптық сын) санатында қола медаль жеңіп алды.
2023 жыл – Таиландтың Бан Чанг қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында LM2X (жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жұптық сын) санатында күміс жүлдеге ие болды.