Еркін күрестен Қазақстан құрамасының өкілі Мерей Базарбаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Отандасымыз 57 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Финалда ол түркиялық Бекир Кесерден басым түсті.
Мерей Базарбаев финалға дейін жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы, америкалық Люк Лилледальды 3:1 есебімен, франциялық Расул Галбураевты 13:2 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда жапониялық Дайто Кацумэден 7:0 есебімен басым түсті.
Бұл – менің емес, күллі қазақтың жеңісі. Жеңіске жету оңай соқпады. Сондықтан жеңісімді туған еліме арнаймын. Алға Қазақстан!, – деді Мерей Базарбаев.
Мерей Базарбаев кім?
Мерей Базарбаев – Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Ақтоған ауылының тумасы. Ол Меркідегі еркін күрес мектебінде тәлім алып, кейін Алматыдағы республикалық олимпиадалық резерв мектебінде спорттық дайындығын жалғастырған.
2022 жылы Софияда өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленген жас балуанды туған ауылында жерлестері ерекше ықыласпен қарсы алған. Сонда әкесі Асқар Сраилов пен анасы Жанар Сембиева ұлының жетістігіне қуанып, ауыл тұрғындары жауынгер ұлын төбесіне көтерген.
Мерейді әлемдік додаларға дайындаған бапкерлері – Нұрбай Абаев пен Ролан Кешубаев.
Азия чемпионынан әлем чемпионына дейін
Мерей Базарбаевтың халықаралық аренадағы нәтижелері барған сайын жақсарып жатыр.
2022 жыл – Бахрейнде өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Сол жылы Болгария астанасы Софияда ұйымдастырылған U20 әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар Алматыда өткен Bolat Turlykhanov Cup халықаралық рейтингтік турнирінде қола медаль иеленді.
2023 жыл – Иорданияда өткен U20 Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2024 жыл – Иорданияда өткен U23 және U17 Азия чемпионаттарында 61 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, U23 санатында алтын медаль иеленді.
2025 жыл – Вьетнамда өткен U23 Азия чемпионатында 61 келіге дейінгі салмақта финалға шығып, күміс жүлде алды.
2026 жыл – АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен U23 әлем чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта қарсыластарын жеңіп, мансабындағы маңызды белестердің біріне қол жеткізді.