
Жасөспірімдер арасындағы жүктілік: Маңғыстау көш бастап тұр
Соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмаған қыздар арасындағы босану көрсеткішінің төмендеу үрдісі байқалады. 2016 жылы 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 2 745 босану жағдайы тіркелсе, 2024 жылы бұл сан 1 445-ке дейін қысқарған. Бұл деректер аталған жас топтарындағы аналар санының шамамен екі есеге азайғанын көрсетеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Дегенмен, мәселе толық шешімін тапты деуге ерте. Өйткені 2024 жылы 14 жасқа толмаған 22 қыз баланың босанғаны анықталған. Бұл – елімізде тым ерте жүктілік фактілері әлі де кездесіп отырғанын білдіреді. 2023 жылғы ресми деректерге сүйенсек, 2 105 кәмелетке толмаған қыз бала жүктілікпен тіркеуге алынған. Олардың 1 420-сы жүктілікті босанумен аяқтаған. Ал егер 18–19 жастағы бойжеткендерді де ескерсек, жыл сайын жас аналар 5 мыңнан астам нәрестені өмірге әкеледі. Бұл – жалпы туу көрсеткішінің шамамен 1,3 пайызына тең.
Осы мәселеге орай өткен аптада Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия отырысы өтіп, онда жасөспірімдер арасындағы жүктілікке қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Комиссия төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде туу көрсеткіші жоғары өңірлерді атады. Оның айтуынша, Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында 15–19 жас аралығындағы қыздар арасында тіркелетін босану деректері республика бойынша орташа деңгейден әлдеқайда жоғары.
Әсіресе, Маңғыстау облысы бірнеше жыл қатарынан ерте жүктілік көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл өңірде 13–17 жас аралығында 37 мыңнан астам кәмелетке толмаған қыз бала өмір сүреді. Мамандардың айтуынша, олардың кейбірі жыныстық өмірді өте ерте жастан – 12–13 жастан бастап кетеді.
Министрдің деректеріне сәйкес, Маңғыстау облысында 15–17 жас аралығындағы қыздар арасында ерте жүктілік деңгейі 1000 адамға шаққанда 5,45-ті құрайды. Сонымен қатар бір жыл ішінде 110 жасөспірім қыз босанған. Ал аборт жасату көрсеткіші – 1,19, бұл республикалық орташа көрсеткіштен (0,71) едәуір жоғары.
Аида Балаева: Жасөспірімдер жүктілігінің алдын алуға бағытталған жүйелі шешімдер қажет
Ұлттық комиссия төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің күрделі әлеуметтік, психологиялық және медициналық салдарын ескере отырып, бұл бағытта нақты жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Біріншіден, оның айтуынша, жастар мен жасөспірімдерге ерте жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу жайлы ақпаратты кеңінен тарату қажет. Бұл мақсатта салауатты өмір салтына баулитын, ұлт денсаулығын нығайтуға және келер ұрпақтың амандығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа кешенді профилактикалық стратегияны әзірлеу – маңызды міндеттердің бірі.
Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау тек жүктілік пен босануды болдырмаумен шектелмей, болашақта жауапты ата-ана болуға дайындық, бала тәрбиесі мен оның қоғамға бейімделуіне қажетті алғышарттарды қамтуы тиіс.
Екіншіден, жыныстық тәрбиеге арналған арнайы білім беру курсын енгізу ұсынылады. Бұл бағдарлама ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде құрылуы керек. Оқу процесінде тек теориялық білім беріп қана қоймай, жастардың ақпараттық деңгейін арттыру, отбасы институтын нығайту, жауапты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру басты назарда болуға тиіс. Бұл бағыттағы түсіндіру және ағарту жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми орта мен тәжірибелі сарапшылар белсенді тартылуы қажет.
Үшіншіден, ерте жүктілік мәселесін тек медициналық тұрғыдан емес, психоэмоционалдық және әлеуметтік жағынан да терең зерттеу қажет. Осы мақсатта ресми статистикамен қатар, жастардың өз ортасынан алынған шынайы деректерге сүйенген әлеуметтік зерттеулер жүргізілуі керек. Мұндай әдіс нақты мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған тиімді тетіктерді әзірлеуге жол ашады.
Төртіншіден, қазіргі таңда жас аналар әлеуметтік тұрғыдан осал топ ретінде жеке санатқа жатқызылмаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бұл санаттағы азаматтарға жүйелі қолдау көрсету тетіктері жеткіліксіз. Баласын өз қамқорлығында қалдыруды таңдаған жас аналар көптеген қиындыққа тап болады. Олардың ішінде:
- тұрмыстық және тұрғын үй жағдайының қиындығы;
- балаға күтім жасау мен білім алуды қатар алып жүру қажеттілігі;
- мамандығы мен жұмыс тәжірибесінің болмауына байланысты жұмысқа орналасудағы қиындықтар бар.
Мұндай жағдай психологиялық тұрғыдан да салмақ салып, жас ананың тұлғалық даму үдерісіне кері әсер етуі мүмкін.
Бесіншіден, кәмелетке толмаған аналар – қоғам тарапынан ерекше назар мен қолдауды талап ететін топ. Жасөспірімдердің өз баласын тәрбиелеуі олардың әлеуметтік бейімделуін тежеп, болашақ өмірлік бағытын анықтауына кедергі келтіреді. Әлеуметтік маргиналдану қаупі де жоғары.
Мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың қолдауынсыз мұндай қиындықтарды жас аналар жалғыз еңсере алмайды. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін барлық уәкілетті мекемелер тарапынан нақты, бірізді және нәтижеге бағытталған іс-қимыл қажет, – деді Аида Балаева.
Ақмарал Әлназарова: Ерте жүктіліктің алдын алу – ұлт денсаулығын қорғаудағы негізгі бағыттардың бірі
Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік мәселесін болдырмау – еліміздің демографиялық тұрақтылығы мен қоғамдық денсаулықты сақтау ісіндегі аса маңызды басымдықтардың қатарында. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда кәмелетке толмағандардың репродуктивті саулығына қауіп төндіретін бірқатар факторлар бар. Атап айтқанда, жыныстық өмірдің тым ерте басталуы, отбасындағы тиісті тәрбиенің жеткіліксіздігі және білім беру саласында жыныстық тәрбиеге қатысты нақты бағдарламалардың болмауы – басты себептердің қатарында. Мұндай жағдайлар жауапсыз жыныстық қатынасқа, түрлі инфекциялық ауруларға, соның ішінде АИТВ-ға шалдығу қаупінің артуына, жоспарланбаған жүктілікке және білім алу сапасының төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Осы түйткілдерге қарсы тиімді іс-шаралар қабылдау мақсатында мемлекет тарапынан құқықтық негіздер де жасалған. Атап айтқанда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс бойынша жасөспірімдер мен жастар психикалық және репродуктивті денсаулық бойынша алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарға ешқандай жолдамасыз-ақ жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ 16 жастан бастап жасөспірімдер ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімінсіз кеңес алу және алдын алу қызметтерін пайдалана алады. Алайда жүктілікті жасанды түрде үзу тек ата-ананың немесе заңды қамқоршының рұқсатымен ғана жүргізіледі.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, қазіргі уақытта республика бойынша 94 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар жасөспірімдерге тегін медициналық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Көрсетілетін қызметтердің барлығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде жүзеге асырылады. Ал 18 жасқа толмағандар үшін сақтандыру жарналарын мемлекет өз есебінен төлейді.
Министр ауылды жерлердегі жасөспірімдердің де осындай қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, қызмет сапасына мониторинг жүргізу жүйесін автоматтандыру бастамасы қолға алынған.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінде жасөспірім қыздарға гинекологиялық көмек көрсету ісін үйлестіру үшін арнайы жауапты мамандар бекітілген. Бұл бағыттағы жұмысты әдістемелік тұрғыда қолдау мақсатында «University Medical Center» корпоративтік қоры жанынан Республикалық үйлестіру орталығы құрылған.
Министрлік 2023–2025 жылдарға арналған балалар гинекологиясы қызметін дамыту бойынша Жол картасын бекітіп, соның аясында бірқатар маңызды іс-шараларды қолға алған. Құжаттарда контрацепция құралдарына қолжетімділікті арттыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ мамандардың кәсіби дайындығын жетілдіру мәселелері қамтылған.
«Аналар саулығы» бағдарламасы жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтауға арналған
Бүгінде елімізде іске асып жатқан «Аналар саулығы» бағдарламасы – жасөспірімдер мен бала көтеру жасындағы әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған маңызды мемлекеттік жоба. Бұл бағдарлама аясында ерте жүктіліктің алдын алу және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғану – басым бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Жастар арасында жүргізілген сауалнамалар жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығы бойынша бірқатар өзекті мәселелерді ашық көрсетті. Мәселен, кейбір қатысушылар жыныстық өмірді 12 жасқа дейін бастағандарын мойындаған. Ал 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдердің тек 8,1%-ы ғана АИТВ инфекциясы туралы толық әрі шынайы ақпарат білетін болып шықты.
2016 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықтағы деректерге қарағанда, 15–17 жастағы қыздар арасында туу көрсеткіші айтарлықтай қысқарған – 2 745-тен 1 445-ке дейін. Бұл – алдын алу бағытындағы шаралардың тиімді нәтиже бергенін білдіреді. Дегенмен, жағдай толық тұрақтанды деу қиын. Мәселен, 2024 жылы 14 жасқа жетпеген 22 қыз босанған. Сонымен қатар жыл сайын орта есеппен 16 аборт жасөспірімдер арасында тіркеледі. Жалпы 2016 жылы аборт саны 700 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 355-ке дейін төмендеген.
Жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен аборттың алдын алу – кешенді тәсілді талап етеді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен аборт көрсеткішін азайту үшін тек біржақты емес, кешенді және ұзақ мерзімді тәсіл қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта тұрақты нәтижеге жету үшін денсаулық сақтау жүйесімен қатар, білім беру саласы, әлеуметтік қорғау құрылымдары, ата-аналар қауымы мен жастар ұйымдарының үйлесімді өзара іс-қимылы аса маңызды рөл атқарады.
Министр атап өткен бастамалардың бірі – 12–16 мамыр аралығында өткізілген Репродуктивті денсаулық апталығы. Осы апта аясында еліміз бойынша Жастар денсаулық орталықтары мен бастапқы медициналық көмек көрсететін мекемелерде ашық есік күндері ұйымдастырылып, кең көлемді ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар өтті.
Іс-шара барысында 358 498 адам қамтылып, республика бойынша 3 636 дәріс пен кездесулер өткізілді. Оларға гинекологтар, урологтар, инфекционистер мен өзге де бейінді дәрігерлер белсенді қатысты. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 238 сараптамалық мақала мен сұхбат жарияланды.
Министрлік бұл бастамалармен шектелмей, жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға бағытталған кешенді бағдарламаларды жалғастырып, одан әрі кеңейтуді көздеп отыр.
Насымжан Оспанова: Жасөспірімдер жүктілігі мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – қоғамның ортақ міндеті
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, соңғы үш жыл ішінде 15–17 жас аралығындағы қыз балалар арасында тіркелетін жүктілік деректері 25 пайызға азайған. Бұл оң үрдіс, ең алдымен, білім беру ұйымдарында тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан алдын алу және ағарту жұмыстарының нәтижесі екені айтылды.
Дегенмен, Оспанова жағдай толық тұрақтанды деп айтуға ерте екенін жеткізді.
Ерте жүктілікке алып келетін негізгі себептердің бірі — отбасындағы тәрбиенің осалдығы, ата-аналар тарапынан жеткілікті бақылаудың болмауы және жыныстық қатынасты еркін насихаттайтын контенттің кең таралуы, – деді ол.
Бұған қоса, ересектер тарапынан жасалатын сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық – бұл мәселенің аса күрделі әрі алаңдатарлық қыры болып қала береді.
Құқықтық статистика жөніндегі комитеттің деректеріне сәйкес, 2024 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы құқық бұзушылықтар саны 2,7%-ға артқан. Сарапшылардың айтуынша, бұл көбіне балалардың қауіпсіздік дағдыларын меңгермеуі мен ата-аналар мен қоғам тарапынан жеткілікті бақылаудың болмауынан туындап отыр.
Мемлекет бұл қауіптерге бейжай қарамай, бірқатар құқықтық және алдын алу шараларын іске асырып жатыр. Кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық әрекеттері үшін жазалау шаралары күшейтілді, ал педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы заңнамалық түрде бекітілді.
Зардап шеккен балаларға шұғыл түрде құқықтық, психологиялық және медициналық көмек көрсету үшін «111» байланыс орталығы іске қосылды. Сондай-ақ барлық мектептер мен колледждерге QR-код жүйесі енгізіліп, оқушылар аты-жөнін көрсетпей, көмек сұрай алатын цифрлық платформа жасақталды.
Бұл – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи шешім, – деп түсіндірді Насымжан Оспанова.
Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында психологиялық көмек көрсету орталықтары жұмыс істейді. Онда тек балалар ғана емес, ата-аналар, педагогтер мен мектеп психологтары да кеңес ала алады.
2023 жылдан бастап балабақшаларда, мектептер мен колледждерде «Жеке қауіпсіздік негіздері» атты сабақтар енгізілді. Бұл пәндер жылына үш рет сынып сағаты түрінде өткізіледі. Оқу мазмұны баланың жас ерекшелігіне сай жеңіл тілде түсіндіріліп, жүйелі қайталау арқылы тереңдетіледі.
Сонымен қатар, мектеп бағдарламасына этика, қауіпсіз мінез-құлық нормалары және салауатты өмір салты туралы тақырыптар қосылған. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл – балалардың қауіпті жағдайларды ерте байқап, дұрыс әрекет етуіне және уақытылы көмек сұрай білуіне ықпал етеді.
Сөз соңында Насымжан Оспанова:
Балаларға қарсы зорлық пен ерте жүктіліктің алдын алу – бұл тек білім беру жүйесінің емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Ешбір жасөспірім өмірлік қиындықтармен жалғыз қалмауы тиіс, – деді.
Жұлдызай Ысқақова: Репродуктивті сауаттылық — әрбір жасөспірімнің құқығы
Қазақстанда жасөспірімдер репродуктивті денсаулығына байланысты түрлі қиындықтарға жиі тап болады. Алайда оларға бұл салада дер кезінде әрі сенімді ақпарат алу мүмкіндігі әлі де шектеулі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда білім беру жүйесінде жыныстық тәрбие мәселесі жүйелі түрде қарастырылмаған. Мектептерде бұл тақырып ыдыраңқы түрде қозғалып, үйлестіру мен жауапкершілік нақты құрылымдар арасында бөлінбеген күйде қалып отыр.
Жасөспірімдер үшін репродуктивті сауаттылық – өмірлік маңызы бар білім. Алайда бұл қажеттілікке жауап беретін орта да, құрал да жетіспейді. Бір жағынан, дәрігерлер бұл тақырыпты жастармен ашық әрі жүйелі талқылау қажет дейді. Екінші жағынан, білім беру жүйесі жауапкершілікті көбіне ата-анаға ысырады. Ал ата-аналардың көбі мұндай тақырыпты баласымен талқылауға психологиялық тұрғыдан дайын емес. Сөйтіп, балалар өз құқықтары мен денсаулығы туралы базалық білімсіз өсіп жатыр, – деді Ысқақова.
Сарапшының пікірінше, алдын алу және ағарту жұмыстары тек қыз балалармен шектелмей, барлық оқушыны қамтуы тиіс. Себебі жасөспірімдер тек қауіп тобы ғана емес, кей жағдайда құқық бұзушы рөлінде де кездесіп жатады. Бұл балалардың жеке шекара, дене физиологиясы, құқықтық сауаттылығы туралы жеткілікті түсінігі болмауының салдары.
Денсаулық туралы сенімді ақпаратқа қол жеткізу – бұл артықшылық емес, әр баланың заңмен бекітілген құқығы. Мұндай тақырыптан ұялуға болмайды, – деп нақтылады Жұлдызай Ысқақова.
Ұлттық комиссияның отырысы барысында сарапшылар мектеп бағдарламасына жыныстық жетілу, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, жеке шекараны сақтау, қауіпсіз қарым-қатынас мәдениеті туралы жас ерекшелігіне сай, ғылыми негізделген білім беру курсын енгізуді ұсынды.
Сондай-ақ мұғалімдерге арналған арнайы оқыту бағдарламасын жасау қажеттігі де қозғалды. Мұндай бағдарлама педагогтерге күрделі әрі сезімтал тақырыптарды оқушылармен кәсіби, сенімді және қауіпсіз жағдайда талқылауға мүмкіндік береді.