Жаңалықтар

Жасөспірім қыздың камера алдында шешінуі: әпкесі шындықты айтты

Жасөспірім қыздың камера алдында шешінуі: әпкесі шындықты айтты
Фото: Видеодан кадр 14.04.2023 11:14 29213

Әлеуметтік желіде камера алдында студент қызды шешінуге мәжбүрлеген бір топ жасөспірімнің видеосы тарап кеткен еді. Жантүршігерлік оқиғаға қатысты зардап шеккен қыздың әпкесі Тоғжан құқық қорғаушы Дина Таңсәрімен болған тікелей эфирде бар шындықты айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әпкесінің сөзінше, әлеуметтік желіде сіңлісі өз-өзіне қол жұмсады деген түрлі фейк ақпараттар таралып кеткен. Қазіргі таңда жасөспірімнің жағдайы бірқалыпты. Студент қыз қорлық көргеніне қарамастан, оқуын жалғастырып жатыр деп отыр. 

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева 11 сәуір күні өткізген брифингінде төбелесті бастаушылардың бірінің анасы оқиға жайлы білгеннен кейін бірден қалалық білім бөліміндегі қызметінен өз еркімен кетті деп мәлімдеді. Алайда жәбірленушінің әпкесі сол күні айтылған ақпаратты жоққа шығарды.  

Инесса Чернышева елге 100 пайыз шынайы ақпарат берген жоқ. Брифингті көре салысымен, қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзовамен сөйлейтім. Одан сіңілімді соққығы жыққан қыздың анасы қашан жұмыстан шыққанын анықтадым. Қызметкер 10 сәуір күні ғана қызметінен кетсе, оқиғаға қатысы бар студенттер 11 сәуір күні онлайн оқу режиміне көшірілді, - дейді Тоғжан.  

Сондай-ақ әпкесі Тоғжан жасөспірімнің жанұясы жайлы да ақпараттармен бөлісе кетті. Қыз қарапайым отбасынан шыққан.

Сіңлімнің ата-анасы да, туыстары да бар. Олар Өскемен қаласының шетінде, ауылдық жерде тұрады. Қыздың әкесі жұмыс істеуге қабілетсіз болғандықтан, барлық шаруаны үйде анасы атқарып отыр. Сондықтан сіңліме қатысты істі жүргізуді өз қолыма алдым, - дейді ол.

Жасөспірімді соққыға жыққан қыздардың жеке басы анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысты іс әлі де жүргізіліп жатыр. 
Айта кетейік, 2 наурыз күні Өскемен қаласындағы сауда орталығында жасөспірім қызды студенттер соққа жыққан еді. Жәбірленушіні шешіндіріп, видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялаймыз деп қорқытқан. Оқиға араға 1 ай өткеннен кейін ғана әлеуметтік желі арқылы әшкере болды. Қазіргі күні тергеу жүріп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға