Мереке кезінде жаңбыр жаумасын деп бұлтты алдын ала таратып жіберетін елдер бар. Қытай аспанға мыңдаған зенитті зеңбірек пен зымыран бағыттаса, Иран көрші мемлекеттерді «бұлт ұрлады» деп айыптаған.
Бүгінде әлемнің 50-ден астам елі бұлтты қолдан жауын-шашынға айналдыру технологиясын пайдаланады. Оған жұмсалатын қаржы жүздеген миллион долларға жетеді. Алайда бұл әдіс шынымен жұмыс істей ме? Адам баласы жаңбыр жаудыруға немесе жауын-шашынды басқа жаққа бұруға қаншалықты қабілетті? Ғалымдардың зерттеулері бұл технологияның мүмкіндігі де, шектеуі де бар екенін көрсетеді.
Бейжің Олимпиадасы: жаңбырды алдын ала жаудыру әрекеті
Ауа райына ықпал етуге бағытталған ең әйгілі операциялардың бірі 2008 жылғы 8 тамызда Бейжіңде өтті. Қытай билігі Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты кезінде жаңбыр жаумауы үшін арнайы шара ұйымдастырды.
Қаланың ауа райын басқару қызметі 21 алаңнан күміс йодиді бар 1104 зымыран ұшырды. Мақсат – жаңбырлы бұлттарды қалаға жетпей, елді мекеннен тыс жерде жауын-шашынға айналдырып жіберу еді. Яғни бұлтты астананың үстіне келгенше «жауындатып», ашылу салтанатын құрғақ ауа райында өткізу көзделді.
Нәтижесінде салтанатты рәсім кезінде жаңбыр жаумады. Дегенмен бұған зымырандардың әсері болды ма, әлде ауа райы өздігінен өзгерді ме – оны нақты дәлелдеу мүмкін болмады.
Бұлттан жаңбыр қалай жаудырады?
Бұл технологияның ғылыми негізі кездейсоқ тәжірибе барысында анықталған. 1946 жылы General Electric зертханасының қызметкері Винсент Шефер мұздатқыш камераға құрғақ мұз салғанда, оның ішінде ұсақ мұз кристалдары пайда болғанын байқаған.
Суық ауа бұлт құрамындағы аса салқындаған су тамшыларын мұзға айналдырған. Мұндай тамшылар кейбір бұлттарда -35 градусқа дейін сұйық күйінде сақтала алады.
Кейін оның әріптесі Бернард Воннегут дәл осындай әсерге күміс йодидін қолдану арқылы да қол жеткізуге болатынын анықтады. Бұл заттың бөлшектері мұз кристалдарының түзілуіне ықпал етеді. Кристалдар айналасындағы ылғалды жинап, үлкейіп, ауырлаған соң қар немесе жаңбыр түрінде жерге түседі.
Дегенмен бір маңызды жайт бар: бұлтты қолдан «себу» суды жоқ жерден пайда қылмайды. Ол тек жауын-шашын түсуге жақын тұрған бұлттағы табиғи үдерісті жеделдетуге көмектеседі. Егер бұлтта ылғал жеткіліксіз болса, қанша реагент шашсаң да, жаңбыр жаумайды.
Ғалымдар бұл әдістің тиімділігін қалай тексерді?
Бұлтты қолдан себудің ең үлкен қиындығы – тәжірибенің нәтижесін нақты бағалау. Өйткені әр бұлттың құрылымы мен ылғалдылығы әртүрлі. Сондықтан белгілі бір аумақта жауын-шашын көбейсе, оның технологияның әсерінен болғанын немесе табиғи құбылыс екенін ажырату оңай емес.
АҚШ-тың Вайоминг штатында 2007-2014 жылдары арнайы тәжірибе жүргізілді. Ғалымдар бір тау жотасының үстіндегі бұлттарға күміс йодидін шашып, көршілес жотаны бақылау аумағы ретінде қалдырған. Қай аумақта тәжірибе жүргізілетіні кездейсоқ таңдалған.
Зерттеу нәтижесінде жауын-шашын көлемі небәрі 1,5 пайыз артқан. Бұл көрсеткіш статистикалық тұрғыдан маңызды нәтиже деп танылмады.
Ал 2017 жылы Айдахо штатында өткен SNOWIE тәжірибесі бұлтты «қолдан себудің» шынымен нәтижелі болатынын айқын көрсетті.
Зерттеу барысында ұшақ Сотут тауларының үстімен ұшып, бұлтқа күміс йодиді бар арнайы түйіршіктерді шашқан. Ұшақ желге көлденең бағытта қозғалып, бұлт ішінде ирек із қалдырған. Жарты сағаттан кейін жердегі радарлар мұз кристалдарының дәл сол іздің бойымен түзілгенін тіркеді.
Табиғатта мұндай құбылыс өздігінен болмайды, – дейді Вайоминг университетінің ғалымы Джеффри Френч.
Бұл тәжірибе бұлтқа әсер етіп, жауын-шашын тудыруға болатынын көрсетті. Бірақ оның мөлшері әрдайым бірдей емес. Нәтиже аймаққа, жыл мезгіліне және атмосфераның жағдайына байланысты. Ал кейбір бұлттарда ылғал тым аз болғандықтан, жауын-шашын мүлде түспеуі мүмкін. Мұны SNOWIE зерттеуінің жетекшісі, Боулдердегі Колорадо университетінің ғалымы Катя Фридрих те ескертеді.
Израиль жарты ғасырлық тәжірибеден не түйді?
Бұлтты «қолдан себу» технологиясын алғашқылардың бірі болып сынаған елдердің қатарында Израиль бар. 1960-1970 жылдары жүргізілген екі тәжірибеде жауын-шашын көлемінің айтарлықтай артқаны байқалған. Осыдан кейін елде ондаған жыл бойы Кинерет көлінің су жинау алабы үстіндегі бұлттарға арнайы ұшақтар арқылы реагент шашылып келді.
Алайда уақыт өте келе бұл қымбат бағдарламаның қаншалықты тиімді екеніне күмән туа бастады.
2013 жылы Израильдің Су ресурстары басқармасы Иерусалим және Тель-Авив университеттерінің ғалымдарымен бірлесіп, жаңа әрі қатаң ғылыми тәжірибе ұйымдастырды. Нәтиже күткендей болмады: жауын-шашын көлемі бар болғаны 1,8 пайызға артқан. Ғалымдар мұны кездейсоқ өзгерістен ажырату мүмкін емес деген қорытындыға келді.
Сөйтіп, 2021 жылғы қаңтарда Израиль бұлтты қолдан себу бағдарламасын тоқтатты. Жарты ғасырға жуық жүргізілген жоба тиімсіз деп танылды.
Қытай бұлттарды қалай басқарады?
Бұлтты қолдан себу ауқымы жағынан Қытай әлемде алдыңғы орында. Елде осы мақсатта мыңдаған зениттік зеңбірек, зымыран және арнайы ұшақ пайдаланылады.
Ресми деректерге сәйкес, мұндай қондырғылар бес миллион шаршы шақырымнан астам аумақта жұмыс істейді. Бұл – Қытай аумағының жартысынан да көп.
Бұдан бөлек, Тибет үстіртінде «Аспан өзені» деп аталатын жоба қолға алынған. Оның аясында қашықтан басқарылатын жүздеген арнайы қондырғы арқылы ылғалды ұстап, оны Хуанхэ өзенінің алабына бағыттау көзделген. Жобаның мақсаты – Үндістан муссоны әкелетін ылғалды өзен алабына жеткізу.
Мұндай бастамалар көрші елдердің алаңдаушылығын туғызған. Үндістанның кейбір шенеуніктері Қытайды су тасқынына әсер етті деп айыптаса, Иран өкілдері Израиль мен Түркияны бұлттарды «ұрлап», елдегі құрғақшылыққа себепкер болды деп кінәлаған.
Алайда ғалымдардың түсіндіруінше, бұлтты қолдан себу арқылы көрші елдің су қорын тартып алу мүмкін емес.
Бұлтты «қолдан себу» құрғақшылықты тоқтата ала ма?
Зерттеулерге сүйенсек, бұлтты қолдан себу арқылы оның құрамындағы ылғалдың аз ғана бөлігін жауын-шашынға айналдыруға болады. Оның үстіне атмосферадағы су буы теңіздер мен құрлықтардан буланған ылғал есебінен үнемі толықтырылып отырады.
Сондықтан жекелеген бұлттан жауын-шашын түсіру мен тұтас аймақтың ауа райын өзгерту – екі бөлек мәселе. Көлемі Миссисипи өзенінің ағынынан да асып түсетін орасан зор атмосфералық ылғал ағынын ешқандай ұшақтар тобы немесе химиялық реагент қоры басқа жаққа бұра алмайды.
Ғалымдардың тұжырымы бойынша, бұлтты «қолдан себу» табиғи су айналымын аздап жеделдетуі мүмкін. Бірақ ол көрші елдердің жауын-шашынын тартып алмайды және тұтас бір мемлекетті құрғақшылықтан құтқара алмайды.