Жасанды интеллект киттерді өлімнен құтқара ала ма?

 Discovering Depoe Bay Oregon
Фото: Discovering Depoe Bay Oregon

АҚШ-тағы Сан-Франциско шығанағында сұр киттердің кемелермен соқтығысуы жиілеп барады. Мамандардың айтуынша, бұған Арктикадағы қорек қорының азаюы себеп.

Азық іздеген киттер бұрынғыдан жиі жағалауға жақын келіп, қарқынды кеме қатынасы жүретін аймақтарға кіре бастады.

Мәселені шешу үшін ғалымдар мен табиғат қорғаушылары Энджел аралына жасанды интеллектпен жұмыс істейтін заманауи бақылау жүйесін орнатты. Құрылғы жылу камералары арқылы киттердің су бетіне шығып тыныстаған кездегі жылу іздерін жеті шақырымға дейінгі қашықтықтан анықтай алады.

Жүйе анықтаған ақпарат алдымен мамандар тарапынан тексеріліп, кейін кеме капитандарына жіберіледі. Соның арқасында экипаждар бағыттарын дер кезінде өзгертіп, алып теңіз жануарларымен соқтығысудың алдын алады.

Ғалымдардың айтуынша, климаттың өзгеруі мен мұхиттың жылынуы Арктикадағы киттердің негізгі қорегі саналатын ұсақ шаянтәрізділердің азаюына әкелген. Соның салдарынан сұр киттер ұзақ миграцияға қажетті май қорын жинай алмай, жол-жөнекей қосымша азық іздеуге мәжбүр болып отыр.

Әдетте сұр киттер Арктикадан Мексика жағалауына дейін мыңдаған шақырымды бағындырып, әлемдегі ең ұзақ көші-қон бағыттарының бірін өтеді. Бұрын олар бұл сапар барысында қоректенбей, жиналған май қорының есебінен қозғалған. Алайда соңғы жылдары көптеген жануар жағалауға жеткенше ашығып, әлсірейтін болған.

Сондықтан олар азық іздеп Сан-Франциско шығанағына жиі кіреді. Бірақ дәл осы аймақта танкерлер, паромдар мен круиздік лайнерлер үздіксіз қатынайды. Зерттеулерге сәйкес, соңғы жылдары шығанаққа кірген сұр киттердің шамамен 18 пайызы осы жерде өлген. Мамандар өлім жағдайларының басым бөлігі кемелермен соқтығысудан болғанын айтады.

Жаңа технология тәулік бойы су айдынын бақылап отырады. Жасанды интеллект киттің тыныс алуынан пайда болатын жылу ізін анықтаған сәтте ақпарат жедел түрде сарапшыларға жіберіледі. Мәлімет расталғаннан кейін жануардың координаттары ашық онлайн-платформада жарияланып, диспетчерлер мен кеме капитандарына қолжетімді болады.

Экологтар бұл жүйе болашақта кең ауқымды бақылау желісінің алғашқы бөлігіне айналады деп үміттенеді. Қазір осындай технологиялар АҚШ-тың шығыс жағалауында да сынақтан өтіп жатыр. Ондағы басты мақсат – жойылып кету қаупі жоғары басқа кит түрлерін қорғау.

whalesafe.com

Әсіресе солтүстік атлантикалық тегіс киттердің жағдайы алаңдатарлық. Бүгінде олардың саны 360-тан да аз. Бұл сирек кездесетін жануарлардың негізгі жауы – ірі кемелер мен балық аулау торлары. Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект негізіндегі жаңа бақылау жүйелері теңіз алыптарын сақтап қалуға көмектесуі мүмкін.

Ғалымдар Сан-Франциско шығанағында киттердің жиі көрінуі табиғаттағы терең өзгерістердің белгісі екенін айтады. Өйткені қалыпты жағдайда бұл жануарлар мұндай аймақта ұзақ тұрақтамауы керек. Қорек тапшылығы оларды қауіпке толы аймақтарға итермелеп отыр. Сондықтан жаңа технология тек киттерді бақылау құралы ғана емес, климаттық өзгерістердің салдарын азайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Оқи отырыңыз