Жасанды интеллект ерекше баланың мектепке келуіне себеп болды

 Сурет ЖИ көмегімен өңделді
Фото: Сурет ЖИ көмегімен өңделді

Астанадағы №99 мектепте сынақтан өтіп жатқан «TopIQ: Smart Class 2.0» жобасы алғашқы нәтижелерін көрсетті. Жасанды интеллект негізіндегі цифрлық сынып екі ай ішінде оқушылардың үлгерімін 32%-ға арттырып қана қоймай, бұрын қашықтан оқып жүрген ерекше баланың мектепке келуге деген ынтасын оятқан, деп хабарлайды El.kz  интернет порталы.

Ұстаздардың айтуынша, жаңа технология балалардың сабаққа қызығушылығын күшейтіп, инклюзивті білім беруде де оң өзгерістерге жол ашқан.

Фото: Көктем Қарқын

Болашақтың сыныбы қалай жұмыс істейді?

«TopIQ: Smart Class 2.0» – TopIQ IT компаниясы мен «Алматыкітап баспасының» бірлескен жобасы. Биыл сәуір айында алғаш рет Астанадағы №99 мектепте іске қосылған жүйе мұғалімнің жұмыс панелі, смарт-тақта және оқушының жеке смарт-партасын бір экожүйеге біріктіреді.

Жүйенің басты ерекшелігі – оқушының білім алу ерекшеліктеріне бейімделуі. Смарт-парта баланың оқу және жазу қарқынын, сабаққа қызығушылығын, тіпті шаршау белгілерін сараптай алады.

Фото: Көктем Қарқын

«Алматыкітап баспасының» президенті Гауһар Саймасаеваның айтуынша, бұл жоба ең алдымен инклюзивті білім беру мәселесін шешуге бағытталған.

«TopIQ: Smart Class 2.0» – Қазақстанда мемлекеттік білім алу процесіне толыққанды интеграцияланған теңдесі жоқ цифрлық орта. Жасанды интеллектті орта білім саласына етене енгізетін инновациялық бұл сынып дүние жүзінде Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты озық технологияны орта білім жүйесіне әлдеқашан қолданған елдердің мектептерінде жұмыс істеп тұр. Бірінші кезекте оқу-ағарту саласындағы инклюзия мәселесін шешетін Smart Class барлық баланың мемлекеттен білім алуына теңдей жағдай жасайды, яғни сабақ барысында интеллектуалды трансформерді ерекше көңіл бөлуге мұқтаж бала да, басқа бала да бірдей қолдана алады, – дейді ол.

Қашықтан оқыған бала мектепке қайта оралды

Жобаның ең әсерлі нәтижелерінің бірі ерекше білім беруді қажет ететін оқушыға қатысты болды.

№99 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Найманғазинованың айтуынша, Smart Class орнатылғаннан кейін оқушылардың сабаққа қызығушылығы айтарлықтай артқан.

Фото: Көктем Қарқын

Мектебімізге Smart Class орнатылғалы сынаққа қатысқан 3-сыныптың 25 оқушысының сабаққа деген ынтасы артты. Жалпы сыныптың үлгерімі орташа есеппен алғанда 32%-ға дейін жақсарды. Бәрінен де оқушыларымның ішінде ерекше көңіл бөлуді қажет ететін екі бала бар, соның біреуі қашықтан оқудан бас тартып, Smart Class ашылғалы мектепке келіп оқыды, күнде сабақтан қалмады. Бұған таң қалған баланың анасы: «Менің балама не істеп қойдыңдар?» деп қуанғаннан күлген еді, – дейді ұстаз.

Мұғалім ерекше оқушының эмоционалдық жағдайында да өзгерістер болғанын айтады.

 Біз әр оқушының қалай өзгеретініне мұқият мән береміз. Ерекше оқушымның біреуі бұрын сурет салғанда күңгірт түстерді ғана қолданатын. Қазір баланың суреті өмірдің ашық, жарқын түстерімен алмасты. Цифрлық білім беру жүйесінің балаға осынша әсер ететініне туған балаңа қуанғандай боласың, – дейді Жанат Найманғазинова.

Бала құқығы мен қауіпсіздігі назарда

Жобаны әзірлеушілер оқу жылының аяқталуын күтіп, алғашқы нәтижелерді Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында жариялаған.

Фото: Көктем Қарқын

Сынақ барысында барлық балаға білім алуға тең мүмкіндік жасау, ерекше балалардың қоғаммен белсенді араласуы, оқушылардың жеке деректерін қорғау, сондай-ақ көзге, омыртқаға және жүйке жүйесіне түсетін салмақты бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026-2029 жылдары орта білім саласына жасанды интеллектті енгізу жөніндегі тапсырмаларымен де үндеседі.

Ерекше қонақтар да сынап көрді

Жобаның алғашқы нәтижелерін қоғамға таныстыру мақсатында Smart Class сыныбына танымал журналист Гүлбану Әниятқызы мен ән айтуды жақсы көретін ерекше қызы Айтұмар Сәрсенбек арнайы шақырылды.

Фото: Көктем Қарқын

Сабақ барысында Smart Class педагогі Айтұмардың ерекшеліктерін ескере отырып арнайы бағдарлама дайындап, оны мектеп оқушыларымен бірге интерактивті сабаққа қатыстырды.

Менің қызым күзде 8 жасқа толады. Бұйырса 0 немесе 1-сыныпқа берейін деп отырмын. «Жалпы мектепте оқыса болады» деген ПМПК қорытындысы бар. Бүгін Smart сыныппен танысып шықтым. Қызымның зейіні нашар. Оны оқыту өте қиын. Бірақ бүгінгі ашық сабаққа ол бар зейінімен, тапжылмай 1 сағат қатысып шықты. Дені сау балалармен қатар қызықушылық танытып отыр. Smart Class ішінде ерекше балаларға арналған 3 бағдарлама бар екен. Соның біреуі Айтұмардың жағдайына келеді, – дейді Гүлбану Әниятқызы.

Бұл тәжірибе цифрлық технологиялардың ерекше балаларды ортаға бейімдеуге және олардың білім алуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

Болашақ мектебі қандай болады?

Smart Class әзірге пилоттық жоба болғанымен, оның алғашқы нәтижелері білім беру жүйесінде жаңа бағыттың қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Фото: Көктем Қарқын

Егер технология оқушының үлгерімін арттырып қана қоймай, мектепке келгісі келмеген баланың білімге деген қызығушылығын оята алса, онда болашақ мектебінің басты мақсаты орындалды деуге болады. Өйткені білім берудің ең үлкен жетістігі – технологияның өзі емес, баланың мектепке қуана келуі.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Оқи отырыңыз