Жаңалықтар

Жасанды интеллект адам орнын баса алмайды – Бағдат Мусин

Министр цифрландырудың қауіпті тұстарын да айтты
Жасанды интеллект адам орнын баса алмайды – Бағдат Мусин
Фото: inbusiness.kz 20.11.2022 17:26 2257

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі  Бағдат Мусин "Біздің ел – біздің таңдау" онлайн марафоны барысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Біз жиырма жыл бойы автоматтандырумен айналыстық, яғни бүкіл адамдарға тиесілі ақпаратты жинақтадық. Ақпараттың базасы жиналғаннан кейін жасанды интелект өзі  оны әрі қарай қорыта алады. Былайша айтқанда, ол жасанды немесе дайын жауапты бермей, өзі жауап бере алатын деңгейге жетеді. Мәселен, көшелердегі “Сергек” алғашында жылдамдықты ғана есептейтін құрал болатын. Ал қазіргі уақытта онан астам құқықбұзушылықты анықтайтын мүмкіндігі бар. Ол 5 жылда өзін өзі дамытатын жасанды интеллекттің негізінде жасалған құрал",– деді министр.

Сондай-ақ ол әлем елдерінде адам орнын басып жатқан роботтар туралы да айтты.

"Біздің мамандардың біліктілігі жоғары. Олар цифрландыру саласында аянбай еңбек етіп келеді. Біздің жұмыс көзге көп көріне бермейді. Бірақ бұрынғыдай бума-бума қағаз тасымай біраз дүниені қолыңыздағы смартфон арқылы шешіп отырғаныңыздың өзі біздің мамандардың еңбегі. Цифрландырудың жемісі. Сондай-ақ қазір көпшілік арасында "Болашақта роботтар адам орнын баса алады ма?" деген сұрақ жиі қойылады. Бірақ жасанды интеллект адам орнын баса алмайды", – деді Бағдат Мусин.

Сонымен қатар, министр цифрландырудың қауіпті тұстары да бар екенін ескертті.

"Цифрландыру барлық салада дамып жатыр. Бірақ оның пайдалы да, қауіпті де тұстары бар. Мәселен, адамның пайдасы үшін машина құрастырса, біреулер соғыс үшін танк құрастырады. Бұл үшін арнайы салалармен бірлесе отырып заң қабылдау керек", – деді министр Мусин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға