«Жасанды» емес, «суперинтеллект»: Трамп жаңа термин енгізді

«Жасанды» емес, «суперинтеллект»: Трамп жаңа термин енгізді
Фото: ©Kevin Dietsch/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп федералды мекемелерге ресми құжаттарда «жасанды интеллект» (AI) терминінің орнына «суперинтеллект» атауын қолдануды тапсырды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.

Тиісті жарлыққа сәйкес, мемлекеттік органдар заңға қайшы келмейтін жағдайларда ресми хаттарда, жария мәлімдемелерде, интернет-сайттарда, есептерде және заңнамалық актілерге жатпайтын басқа да құжаттарда «суперинтеллект» терминін қолдануы керек.

«Сәтсіз әрі дәл емес»

Ақ үй бұл өзгерісті жаңа технологиялардың ауқымды мүмкіндіктерімен байланыстырады. Жарлықта мемлекеттік органдар пайдаланатын терминология жасанды интеллекттің қоғамды өзгерту әлеуетін және оның америкалықтар үшін ашатын мүмкіндіктерін көрсетуі керек екені айтылған.

Трамп бұған дейін «жасанды интеллект» атауын «сәтсіз әрі дәл емес» деп бағалап, бұл технологияларды «суперинтеллект» деп атау керек екенін айтқан.

Алайда жаңа талап қолданыстағы заңдар мен нормативтік құқықтық актілердегі «жасанды интеллект» терминін өзгертуге міндеттемейді. Яғни заң құжаттарындағы бұрынғы атау сол күйінде қала береді.

«Суперинтеллект» деген не?

Жасанды интеллект (AI) – адамның белгілі бір интеллектуалдық әрекеттерін орындай алатын технологиялар жиынтығы. Мысалы, мәтін жазу, сурет жасау, ақпаратты талдау, сөйлеуді тану немесе сұрақтарға жауап беру сияқты міндеттерді орындай алады.

Ал «суперинтеллект» ұғымы бұдан да жоғары деңгейдегі жүйені білдіреді. Теориялық тұрғыда суперинтеллект адамның интеллектуалдық мүмкіндіктерінен асып түсетін, күрделі мәселелерді шешуде адамнан әлдеқайда жоғары қабілетке ие технология ретінде сипатталады.

Сондықтан «жасанды интеллект» пен «суперинтеллект» толықтай бір мағыналы ұғымдар емес. Қазіргі қолданыстағы көптеген AI жүйелері адамнан барлық салада асып түсетін деңгейге жеткен жоқ. «Суперинтеллект» көбіне болашақтағы технологиялық даму мүмкіндігін сипаттайтын ұғым ретінде қарастырылады.

Ақ үй құжаттарында АҚШ пен Қытай көшбасшыларының кездесуі барысында да жаңа технологияларды сипаттауда «жасанды интеллект» емес, «суперинтеллект» терминін қолдану туралы уағдаластық болғаны көрсетілген.

Оқи отырыңыз