Жаңалықтар

"Жасаған жақсылығы көп". Нұрсұлтан Назарбаев інісінің жомарт адам болғанын айтты

"Жасаған жақсылығы көп". Нұрсұлтан Назарбаев інісінің жомарт адам болғанын айтты
Фото: © Сандуғаш ДҮЙСЕНОВА 14.11.2023 13:34 6829

Ауыр науқастан көз жұмған Болат Назарбаевты халық ақтық сапарға шығарып салды. Жаназаға барған Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев інісінің жомарт, ақкөңіл жақсы адам болғанын айтты. Оның сөзінше, Болат Назарбаев қайырымдыдықпен көп айналысқан, мешіт салдырып, мектепке көмектескен. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында жасалған жұмыстарға да атсалысқан. Айналасындағы адамдарға,  көмек сұраған жандарға қол ұшын берген. Оның өмірде қателескен кездері болса кешіріммен қарауды сұрап, соңғы екі жарым жыл қатты ауырғанын айтты.

Осы ауылда туып өстік. Біз оны жақсы көрдік, ол бізді жақсы көрді. Үйіміздің ең кенжесі еді. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында жүз жылға татитын жұмыс жасалды, соның бәрін көрді, еңбек етті. Мектепке, ауылға көмектесті. Мешіт те салдырды. Көп еңбек етті. Ұл-қыз өсірді. Арманы жоқ деп айтуға болады. Бірақ армансыз адам бола ма? Әлі де өмірі алда еді. Екі жарым жыл қатты ауырды, жүре алмады, сөйлей алмады, өздігінен тамақ іше алмады. Қатты қиналды. Қателіксіз адам болмайды. Біздің әулетімізге көңіл айтқандарыңызға көптен көп рахмет. Кешеден бері көп адаммен сөйлесіп жатырмын, жасаған жақсылығы көп. Жақсы сөз атыңыздар. Еңбек етіңіздер, отбасыларыңыз аман болсын!, - деді көпшілік алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.

Шамалған ауылында өзінің үйінде өткен жаназаға бірнеше мың адам келді. Қазаға ортақтасып, көңіл айтуға Ермұхамет Ертісбаев, Амандық Баталов, Нұртай Әбіқаев пен Алик Шпекбаев сынды көптеген саяси және қоғам қайраткерлері келді. Өнер қайраткерлерінің арасында Біржан Хасанғалиев жүрді. Жаназаның алдында Үкімет басшысы да сөз сөйлеп, қазалы әулетке көңіл айтты.


© Әсет Құндақбаев

Алматы облысының наиб имамы уағыз айтып, елден марқұмның жақсы адам болғанын және қателіктері болса кешірім берулерін сұрады

Аспанда күн ортақ, ай ортақ. Жақсы адам ортақ. Марқұм Болат Әбішұлы жақсы адам болды. Жақсы сөз сөйлеп, көбірек дұға етіңіздер,  - деді әнші Ақан Әбдуәли.


© Әсет Құндақбаев

Марқұм Үшқоңыр тауындағы бейітке жерленді. Топырақ салуға тек ет жақындарының баруына ғана рұқсат етілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға