Жарылыстан кейінгі өмір: өндірістік жарақат алғандардың тағдыры

 Жи көмегімен жасалды
Фото: Жи көмегімен жасалды

Елімізде жыл сайын өндірісте мыңнан астам жазатайым жағдай тіркеледі. Оның ішінде шамамен 200 қызметкер қаза табады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, зардап шеккендердің ең көп үлесі – тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында жұмыс істеген.   

Жыл басынан бергі үшінші жарылыс

Алдымен, 5 қаңтар күні Қостанай облысы, Рудный қаласындағы «Соколов» шахтасында жарылыс болып, 56 жастағы жұмысшы ауыр жарақат алды. Ол шахтада машинист болып жұмыс істеген, 25 жыл тәжірибесі бар маман. Ресми дерек бойынша, кенші кеніштегі ірі кесектерді жару кезінде жарылғыш зат қолдану барысында абайсызда жарақат алады. Жарылыс салдарынан түрлі дене жарақатын алып, қалалық ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер шұғыл ота жасап, кейін жансақтау бөліміне түседі. Кейін Соколов-Сарыбай тау-байыту өндірістік бірлестігі оны Астанаға жеткізіп, қажетті ем-домын алады. Оқиғадан кейін 1 айдан соң ауруханадан шығады. Айта кетерлігі, полиция бұл фактіге байланысты қылмыстық іс қозғады.

Арада 3 ай өткенде (30 сәуір) Ақмола облысындағы сүт зауытында газ жарылып, екі адам зардап шекті. Аталған екі қызметкердің денесі 30-40 пайыз күйген. Екеуін елордадағы  №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізген.  

Кейінірек оқиға «Жібек жолы» ауылында болғаны анықталды. Дерек бойынша, жарылыстан кейін өрт шықпаған. Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Көп өтпей, 5 мамырда Өскемендегі «Қазмырыш» цехында жарылыс болды. Түтінсорғышты тазалау барысында жарылыс болып, салдарынан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі құлаған. Жауапты мамандар істің мән-жайын тексеріп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігімен байланысқанымызда, жарылыс бойынша тексеру жұмысы басталғанын, нәтижесі 10 күннен кейін жарияланатынын айтты.

Жыл сайын 200 қайғылы оқиға тіркеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде шамамен 500 мыңға жуық адам зиянды және қауіпті жұмыс істейді. 100 мыңнан адам ауыр жұмыс істейтіні тағы бар. Қазақстанда жыл сайын өндірісте мыңнан астам жазатайым оқиға тіркеледі. Оның ішінде шамамен 200-і қайғылы жағдаймен аяқталады.

Кейінгі 5 жылда өндірісте зардап шеккендер саны 8,3%-ға азайды. Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп үлесі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарына – жалпы көрсеткіштің 17-18%-ға жуығы тиесілі. Құрылыс саласында бұл көрсеткіш 10-12% шамасында қалып отыр, – дейді Еңбек министрлігі. 

Әлеуметтік төлем бар ма?

Еңбекмин мәліметінше, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында 2024 жылы 1 қаңтардан бастап, елімиізде арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл төлемді 55 жасқа толған, кемінде 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген жұмыскерлер алуға құқылы.

Белгіленген талаптарға сай келетін азаматтар осыны пайдаланып, зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатып, арнайы әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік алады.

Кейінгі 5 жылда зиянды не қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін 650-700 мыңға жуық жұмыскер жыл сайын өтемақы алады.

Қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің жауапкершілігі сақталатынын атап өту керек. Жалақыны өтеу құқығы да жойылған жоқ. 2015 жылы азаматтық заңнамаға енгізілген өзгерістер зардап шеккендерді әлеуметтік қолдау алу қүқығынан айырған жоқ. Қолданыстағы зейнетақы жүйесін ескере отырып, төлемдерді есептеу және жүзеге асыру тетігі түзетілді, – делінген хабарламада.

Қазір жалақыны өтеу мөлшері Азаматтық кодекстің 938-бабына сәйкес қызметкердің жарақат алғанға дейінгі нақты орташа табысы мен еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесі негізінде айқындалады. Төлемдер зейнет жасына дейін жүргізіледі. Өтемақы сомасынан міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, азаматтың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына аударылады. Қарапайым тілмен айтқанда, азамат өтемақы алып жүрген кезеңде оның жеке зейнетақы шотында қаражат жинақтала береді. Зейнетке шыққаннан кейін ол осы жинақтардың есебінен қалыптасқан төлемдерді алады.

Қазір Парламентте кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттарға байланысты зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жүйесін қосымша жетілдіру жөніндегі бастамалар қаралып жатыр. Барлық ұсыныстар жүйенің қаржылық тұрақтылығын және нақты, орындалатын кепілдіктерді қамтамасыз ету қажетін ескере отырып талдайды.

Еңбек министрлігі қолдау шарасын жетілдіру үшін сақтандыру компаниялары мен әлеуметтік әріптестер қатарынан сарапшыларды тарта отырып, жұмысты жалғастырады. 

Өндіріс орнындағы жарылыстар

Естеріңізде болса, 2021 жылы 7 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының «Абай» шахтасында апат болып, 6 кенші қаза тапты, екеуі зардап шекті.

2022  жылы 3 қарашада тағы да «АрселорМиттал Теміртаудың»  «Ленин» шахтасында газ дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен газ шығып, соның салдарынан 5 жұмысшы қаза тапты.

2023 жылы 17 тамызда  «АрселорМиттал Теміртаудың» «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Кеншілердің 13-і жарақат алып, бес адам қаза тапты. 

Көп өтпей, 28 қазанда «Костенко» атындағы шахтада шахтада жарылыс болып, өрт шықты. Салдарынан 46 кенші қаза тапты. «Костенко»  шахтасындағы апат лавадан шыққан өрттен басталған. Газ бен ауа аралас қоспа жарылып, өрт шыққан. 

«Азаттықтың» ақпаратына сәйкес, кейінгі 15 жылда (2008-2023) «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында (Костенкодағы апатты қоспағанда) 120 адам қайтыс болған. Бұған дейінгі үлкен апат 2006 жылы «Ленин» шахтасында болды, салдарынан 41 кенші көз жұмды.

2025 жылы 28 ақпанда Ақтөбе облысында «Қазхром ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасының кен өндіру блогында жарылыс болып, төрт адам ауруханаға түсті. Ресми мәлімет бойынша, кен өндіру блогында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде өрт шыққан.

Оқи отырыңыз