Жарқын болашаққа бастар білім жолы

Жарқын болашаққа бастар білім жолы
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰҚ

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» қорының Маңғыстау жастарын қолдауға бағытталған «Жарқын Болашақ» гранттық білім беру бағдарламасы.

Білім – ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция. Жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік беру – олардың жеке басының жетістігімен бірге жалпы еліміздің дамуына жол ашатын маңызды қадам. Осы бағытта Маңғыстау өңірінің жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Жарқын Болашақ» білім беру бағдарламасы бүгінде нақты нәтижелерімен өз тиімділігін көрсетуде.

2022 жылы бастау алған бағдарлама Маңғыстау облысының жастарына еліміздің жетекші білім беру ұйымдарында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен ақысыз білім алуға мүмкіндік беріп келеді.

Бағдарлама жастардың сапалы білім алуына жан-жақты қолдау көрсетіп, оқу ақысы мен шәкіртақысын және білім алуға қажетті өзге де шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Бұл жас өрендерге өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдап, болашағына нық қадам жасауға жол ашады.

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы
«Жарқын Болашақ» бағдарламасы

Қолдаудың нақты нәтижесі

Биыл бағдарламаның 333 түлегі оқуын сәтті аяқтап, диплом иегері атанды. Оның ішінде 256-сы – колледж, 77-сі – мектеп түлегі.

Түлектердің таңдаған бағыттары да сан алуан. Олардың арасында техникалық және инженерлік мамандықтармен қатар, гуманитарлық, медициналық, педагогикалық, экономикалық бағыттарды, өнер мен спорт салаларын таңдаған жастар бар.

Бағдарлама түлектерінің жетістігі халықаралық деңгейге де ұласып отыр. Iqanat мектебінің бір түлегі АҚШ-тағы Флорида университетіне оқуға түсті. Тағы үш түлек Қытайдағы жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып, нәтижесін күтуде.

Қалған түлектер де өздерінің келесі қадамын айқындауда. Бір бөлігі жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырып, білімін жалғастыруға дайындалса, енді бірі мамандығына сәйкес жұмыс орындарын іздестіріп, еңбек нарығына қадам басуда.

Бұл көрсеткіштер бағдарламаның жастарға білім берумен қатар, олардың келесі академиялық және кәсіби қадамына да жол ашып отырғанын көрсетеді.

Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға жағдай жасау. Бүгінде бағдарлама түлектері басым бағытта IT, инженерия, білім беру, медицина, өндіріс, экономика, өнер және басқа да маңызды салаларда білімін жетілдіріп, кәсіби жолын бастап келеді.

Жаңа оқу жылына – 241 грант

Жастарға берілетін мүмкіндік мұнымен шектелмейді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен 2026-2027 оқу жылында Маңғыстау жастарына 241 білім гранты бөлінді. Оның ішінде 193 жас колледжде, 48 оқушы мектепте тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы
«Жарқын Болашақ» бағдарламасы

Бұл – ауылдық жерлердегі және өңірдегі жастар үшін үлкен мүмкіндік. Білім алу мақсатында туып-өскен жерінен еліміздің басқа өңірлеріне жол тартқан жасөспірімдер жаңа ортаға бейімделіп, кәсіби білім алып қана қоймай, тұлғалық тұрғыдан дамып болашаққа нақты қадам жасауда.

Бүгінде еліміздің түрлі өңірлеріндегі жетекші оқу орындарында 1005 жас «Жарқын Болашақ» бағдарламасы аясында тегін әрі сапалы білім алып жатыр. Бұл – бағдарламаның жылдан жылға кеңейіп, жастардың білім алу мүмкіндігін арттырып келе жатқанының айқын көрсеткіші.

Оқи отырыңыз