Жаңалықтар

Жақын арада кинотеатрда қандай отандық кинолар жарық көрмек?

Жақын арада кинотеатрда қандай отандық кинолар жарық көрмек?
Фото: © iStock 22.04.2023 10:00 2397

Бүгінде отандық кино саласы қарыштап дамып келеді. Жыл сайын қазақстандық режиссерлар түрлі жанрдағы, ерекше киноларды түсіру арқылы көпшілікті қуантуға тырысады. El.kz ақпарат агенттігі жақын арада көзі қырақты көрерменнің назарына жол тартатынын отандық фильмдермен таныстырмақшы.

Ауылбайский участковый

Комедия жанрында түсірілген кино 20 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады. Фильм Батырбек есімді жас полиция қызметкері туралы түсірілген. Басты кейіпкер маңызды операцияны ойдағыдай іске асыра алмағандықтан, ауылды жерге қарапайым учаскелік полиция бөліміне ауысады. Оған ауылдан қаладағы қызметке қайту үшін атышулы қылмысты ашу керек болады.

Рөлдерде Олжас Абай, Индира Шынболатқызы, Райхан Калиолдина, Бахтияр Қожа, Мира Добрынина, Нұржан Тутов секілді елімізде танылып қалған актер мен актрисалар ойнайды.Киноның ұзақтығы - 90 минут..

Хотя бы кинода 2

Фильмнің басты кейіпкері Қайрат «Хотя бы киноданың» бірінші бөлімінде, мемлекеттің қомақты қаржысын жымқырғаны үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылған еді. Киноның екінші бөлімінде, ол абақтыда өткізген 2 жылдың ішінде жаңа қарым-қатынас орнатып, лайықты беделге ие болды. Алайда Қайраттың «абақтыдағы алаңсыз өмірі» оған кездесулердің бірінде мемлекеттік қызметтен үлкен чиновник келгенде аяқталады. Ол оған қамауда қалған күндерін, өте қауіпті іске айырбастауды ұсынады. Ұзақ мерзім қамауда отырғысы келмейтін Қайрат енді не істейді? Шырғаланған шырмауықтан қалай шығады? Аталмыш фильмнің қалай аяқталатынын 27 сәуірден бастап кинотеатрлардан көре аласыздар. 

Рөлдерде Қайрат Әділгерей, Дариға Бадықова, Шерхан Пірназар, Қарлығаш Мұхамеджанова, Олжас Абай, Қанат Әлжапбаров сияқты танымал әртістер ойнайды. Фильмнің ұзақтығы - 90 минут.

Джохан 2

Комедиялық фильм «Джоханның» бірінші бөліміндегі бір жолы болмаған актердің оқиғасының жалғасы негізінде түсірілді. Басты кейіпкер Джохан казинода ойнау арқылы джекпотты ұтуды армандайды, алайда ол бұл ойын жүзеге асыру барысында қауіпті шым-шытырық оқиғаға тап болады. Егерде оның жанында сабырлы әйелі Әлия болмағанда, қазір Джоханның тағдыры не болатынын бір Құдай ғана білер еді. Бақытсыз әйел күйеуінің ақылсыз бизнес идеяларына тағы да шыдауға мәжбүр. Джохан  сәтсіздікке ұшыраған достарымен бірге адамдарға әртүрлі мәселелерді шешуге көмектесетін агенттікті ашу туралы шешім қабылдайды. Ол достарымен бірге иттерді іздестіріп, әйелдеріне опасыздық жасаған күйеулерін әшкереледі. Жаңа тапсырыс алған басты кейіпкер тағы да бір келеңсіз оқиғаға тап болғалы тұрған сыңайлы.

Аталмыш кино 4 мамырдан бастап көрсетіледі. Фильмнің басты рөліне әзілкеш Жахан Отарғалиев түскен. Сондай-ақ кинодан Сабира Жарасқызы, Шерхан Пірназар, Асхат Үрпеков, Гүлім Серік, Гульмира Жакилина, Азамат Шарғынды көре аласыздар. Фильмнің ұзақтығы - 80 минут.

Күйеуіме toqal іздеймін

Комедиялық фильмнің басты кейіпкері – сүйіктісі Асланмен бақытты отау құрған Әсима. Аслан мен Әсима – үлгілі отбасының бірі, олар институтта студент кезінде танысып, содан бері жұптары жазылмай келеді. Ерлі-зайыптылардың екі қызы бар. Асима өзінің кезекті медициналық тексерілуіне барған кезде дәрігерлер оған қорқынышты диагноз қояды. Оның өмір сүруіне бір жыл не одан да аз уақыт қалғанын айтып жеткізеді. Енді Әсима Аслан мен оның сүйікті балаларының қамқоршысыз қалмауын қадағалауы керек. Бақытымызға орай, оның Камила деген жалғыз жақсы досы бар еді. Басты кейіпкер Аслан мен Камиланың үйлену тойына бірнеше күн қалған кезде дәрігерлердің қате диагноз қойғанын біліп, қиын жағдайға тап болады.

Фильмнің көрсетілімі 11 мамыр күніне жоспарланған. Рөлдерде Дәурен Айдарқұлов, Салтанат Серкебаева, Лаура Махашева, Жан Байжанбаев, Мәншук Айтмұхамбетова, Ілияс Көпжасаров, Әшім Ахметов сынды әртістер ойнайды. Киноның ұзақтығы 85 минут.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға