Жаңалықтар

Жақсы жұмысқа орналасу үшін жақсы маман болу керек

Қазақстан бойынша трендтегі мамандық бұл – IT саласы және техникалық мамандықтар
Жақсы жұмысқа орналасу үшін жақсы маман болу керек
Фото: жеке мұрағат 09.02.2023 17:04 2207

Еңбек нарығы – кез келген экономиканың негізгі тірегі. Еліміз – халықаралық еңбек ұйымының қатысушысы. Бүгінде Қазақстанда 9 млн-нан астам еңбекке қабілетті адам бар.

Жұмыс пен жұмыс берушілер арасында қандай қарым-қатынас болу қажет және цифрландырудың еңбек нарығына әсері туралы бірқатар өзекті сұрақтарға жауап іздедік. Бұл сауалдардың жауабын білу үшін Астана қаласы еңбек ресурстарын дамыту орталығының стратегия департаментінің директоры Ұлпан Шегеновамен сұхбаттасқан едік.

– 2022 жылы «Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» ұлттық баяндама жасаған екенсіздер. Осы баяндама төңірегінде оқырмандарға түсіндіре кетсеңіз?

– Бұл біздің екінші ұлттық баяндамамыз. Аталған баяндаманың мақсаты – еңбек нарығындағы ақпараттың жеткіліксіздігінің алдын алу. Ақпаратты қамтамасыз етудің негізгі институты болғандықтан, жыл сайын осындай баяндама жасауға тырысамыз. Цифрландырудың ел экономикасына және еңбек нарығына әсері туралы жинақ. Баяндама көлемді, 360-беттен тұрады.

Жыл сайын белгілі бір тақырыпты таңдап, зерттеп соған арнайы баяндама шығарамыз. Өткен жылы жазлған баяндама жеті тараудан тұрады. Әр бөлімде әртүрлі тақырыптар қарастырылған. Бірінші тарауда цифрландырудың тренді ретіндегі негізгі тұрғысы мен экономика, еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы, екінші бөлімі нақты еңбек нарығына бағытталған. Яғни, цифрландыру еңбек нарығында адамдардың сұранысы мен ұсынысын қалай түрлендіру қажет екендігі айтылады. Одан кейін электрондық сауда-саттық, фрилансер, IT мамандығының еңбек нарығы туралы тақырыптарды қозғадық.

Біздің орталық Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелерін қамтамасыз етеді және бізде аналитикалық блог бар. Еңбек нарығы туралы мағлұматты билікке де, депутаттарға, соның ішінде қарапайым халыққа барынша жеткізуге тырысамыз. Бұл – біздің орталықтың бастамасы. Жинақ үш тілде жазылған және ол біздің сайтта қолжетімді.

– Цифрландырудың еңбек нарығына әсері қандай?

– Цифрландыру, автоматтандыру еңбек нарығына өте әсер ететін ең негізгі тренд деп айтуға болады. Біріншісі – автоматтандыру және цифрландыру. Екінші – демографиялық қысымның асқынуы. Үшінші – бизнес ортаны түрлендіру. Цифрландырудың экономикаға әсері өте мықты. Еңбек нарығы сұраныс пен ұсынысқа елеулі әсерін тигізеді. Мәселен, қазіргі жұмыс орындары цифрландырудың әсерінен түрленеді. Әр жұмыс орнының негізгі функциялары болады. Оған осы цифрлық кіреді. Бұл бір жағынан қиындатылады. Ұсыныс тұрғысынан қарасақ, сұранысқа сай адамдардың дағдылары мен біліктілігі, білімі жұмыс орындарына сай болу қажет.

Цифрлық дағдылар да өте маңызды болып табылады. Аталған жүйенің халыққа тигізер пайдасы көп. Мәселен, әлеуметтік әртүрлі төлемдерді рәсімдеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, декреттік демалыс алу деген тағы басқа көптеген еңбек саласының қызметтерінің барлығы электрондық түрде қолжетімді. Орталықта өзіміз қолға алып, дамытып жатқан жұмыспен қамту цифрлық экожүйесіне төрт элменет кіріп отыр. Бұл skills.enbek.kz – онлайн тегін оқыту, business.enbek.kz – мемлекет тарапынан берілетін гранттарды рәсімі кәсіп ашуға және ұлғайтуға мүмкіндік береді. Одан кейін электрондық еңбек шарттарын тіркейтін портал бар. Яғни, бұл электрондық кадрлық сервис. Түйіндемелерді және бос жұмыс орындары жарияланатын платформа. 2020 жылдан бастап әр жұмыс берушіге мұнда тіркелу міндеттелді. Әсері өте елеулі. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерге қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Кейбір кездерде жаңа дағдылар қосылуы мүмкін. Оны қалай жаңартады, бұл қолданушыларға тиесілі. Әрине, біз өзгеріс жасауға жиі кеңес береміз.

 – Қазақстандағы орташа жалақы қандай?

– Бүгінде кіріс, жалақы мәселесі көп көтеріледі. Бұл өте маңызды. Әсіресе, өткен жылда біз өте көлемді инфлияцияның куәгері болдық. Сол уақыттарда жалақыдан да білініп жатты. Статистиканың соңғы мәліметі бойынша, 2022 жылғы ІI тоқсанда Қазақстан бойынша жалақының орташа мәні 312 011 теңгені құрады. Ал тоқсандық динамикада бірнеше пайызға азайды.

– Жыл сайын еңбек құқықтарына байланысты сот отырысы өтеді.. Жұмыс пен жұмыс берушілер арасында қандай келісім болу тиіс?

– Еңбек қатынастарына көп араласпаймыз. Дегенмен, экномикалық тұрғыдан қарасақ, бұл еңбек заңнамасына сай жүргізуі тиіс. Жұмыс іздеуші үшін нақты ресми түрде рәсімделу өте маңызды болады. Келешекте белгілі бір тәукелдер туындаған жағдайда, оның  құқығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

– Елімізде IT-мамандары жетіспейді деген сөз жиі айтылады. Бұл салаға деген қызығушылық қандай?

– Қазақстан бойынша трендтегі мамандық бұл – IT саласы және техникалық мамандықтар. Бұл салда мамандар әлі де жетіспейді. Сондықтан да сұранысқа ие. Көбінесе әзірлеушілерді көп іздейді. Сұранысқа сай тиісті жалақы да беріледі. Мәселен біздің зерттеу бойынша IT мамандарының орташа жалақысы – 516 мың теңге. Оның ішінде IT архитекторлар ең көп ақша табады. Олжардың жалақысы орташа есеппен 1 миллион 300 мың теңге. Сондай-ақ әр маманның біліктілігіне мен жұмыс тәжірибесіне қарай да жалақы тағайындалады. Яғни, деңгейіне сай жалақысы да жоғары болады. Бұған қоса, IT секторында жалақылар өте тез өседі. Мәселен мемлекеттік қызметтегілер 150 мың теңге жалақымен бірнеше жыл қызмет етуі мүмкін. Ал IT-де қызмет те, жалақысы да жылдам өседі. Сондықтан да IT мамандығына қызығушылық жоғары. 

– Соңғы жылдары қанша қазақстандық электронды еңбек биржасының көмегімен жұмысқа орналасты?

– Жыл сайын 800 мың бос жұмыс орнымен, 600 мың түйіндеме жарияланады. Қазіргі таңда 778505 жұмыс берушілер мен 2069946 жұмыс іздеуші бар. Оның арасынан 67886 адам жұмысқа орналасты. Электронды еңбек биржасына көбінде біліктілігі жоқ мамандар мен орташа білікті мамандар жатады.

– Қазіргі уақытта Enbek.kz сайтында қанша бос жұмыс орны бар және қандай мамандықтарға сұраныс көп?

 – Бүгінде сайтта 193833 жұмыс орындары бар. 183217 өзекті түйіндеме жүктелді. Яғни сұранысқа ие есепшілер мен күзетші, орта мектеп мұғалімдері, медбикелер сияқты тағы басқа мамандар аса қажеттілікті талап етеді. Қажеттілік көбінесе үлкен қалаларда білінеді. Яғни, халық санының өсуіне байланысты.

– Еңбек нарығында қалай жетістікке жетуге болады?

– Жақсы жұмысқа орналасу үшін жақсы маман болу керек. Қазіргі кезде дипломнан біліктілікке көшу дағдысы маңызды. Яғни, бәсекеге қабілетті болу үшін жұмысқа қатысты дағдыларды дамыту керек. Сондай-ақ еңбек нарығында жыл сайын тың өзгерістер болатындықтан, күнделікті ізденіп отыруды талап етеді. Негізгі мақсат – халықтың ішінде өмір бойы білім алу қағидасын енгізу. Мектеп жасынан бастап зейнеткерлікке дейін адам өзінің кәсіби және адами тұрғыдан дағдыларын барынша ілгерлетіп және дамытып отыру қажет.  

– Алдын ала болжамдар бойынша, жақын он жылдықта қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Өзгерістер қазірден басталып кетті. Осыған қатысты биыл тағы да жаңа баяндама жасауды жоспарлап отырмыз. Оның қандай тақырыпта болатыны әлі талқылану үстінде. Мүмкін жастар немесе әйелдердің еңбек нарығындағы орны туралы болар.

Негізі айналамызда болып жатқан өзгерістерді күнделікті өмірде байқай бермейміз. Мәселен пандемиядан кейін қашықтан жұмыс жасау үрдісі қарқын ала бастады. Есептеуіміз бойынша, 2 миллион адам қашықтықтан жұмыс істеген екен. Оған әрине, медицина, төтенше жағдай секілді аса жауапты мамандары ғана кірмейді. Одан кейін демографиялық ахуал, әйелдердің зейнеткерлік жасы тағы басқа факторлар бар. Жыл сайын 300-400 мың жас маман еңбек нарығына қосылады. Оларды жұмыспен қамту қажет болады. 

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға