Жапония виза бағасын өзгертті: қазақстандықтарға қалай әсер етеді?

 pexels.com
Фото: pexels.com

Жапония үкіметі шетел азаматтарына арналған визалық алымдарды көтеруді мақұлдады. Жаңа тарифтер 1 шілдеден бастап берілетін өтініштерге қолданылады. Бұл — 1978 жылдан бері жапон визалары құнының алғаш рет өзгеруі. 

Министрлер кабинетінің шешіміне сәйкес, бір реттік визаның құны 5 есе өсіп, 3 мың иеннен (9 мың теңге) 15 мың (45 мың теңге) иенге дейін көтеріледі. Көп мәртелік визаның бағасы да 5 есе артып, 6 мың (18 мың) иеннен 30 мың (90 мың теңге) иенге дейін жетеді.

Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгидің айтуынша, қолданыстағы тарифтер жарты ғасырға жуық уақыт бойы қайта қаралмаған.

Қазіргі визалық алым 1978 жылы белгіленген болатын. Жақында біз оны сол уақыттан бергі инфляция мен валюта бағамдарының өзгеруін ескере отырып қайта қарадық, – деді ол баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, шешім қабылдау кезінде түрлі факторлар ескерілген.

Біз бұл шешімді әртүрлі факторларды мұқият талқылағаннан кейін қабылдадық және оның кіру туризміне бірден әсер етеді деп күтпейміз, – деді Мотэги.

Фото: depositphotos.com

Алымдар неге өзгеріп жатыр?

Визалық төлемдердің өсуі көші-қон жүйесін реформалаудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болды. Өткен айда Жапония парламенті үкіметке иммиграциялық рәсімдерге қатысты көптеген алымдарды қайта қарауға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістерді мақұлдады.

Бұл елдегі шетелдік тұрғындар санының артуына байланысты қызмет көрсету шығындарының өсуімен түсіндіріледі. Қосымша қаражат көші-қон өтініштерін өңдеуге, жапон тілін оқыту бағдарламаларын дамытуға және визалық режимді бұзуға, соның ішінде болу мерзімін асырып жіберуге қарсы шараларды күшейтуге бағытталады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай Жапониядағы шетелдік тұрғындар саны рекордтық деңгейге, яғни 4,13 миллион адамға жеткен.

Фото: depositphotos.com

Өзгерістер тек визаларға ғана әсер етпейді

Төлемдердің өсуі мұнымен шектелмейді. Реформа аясында үкімет елде болу мерзімін ұзарту және резидент мәртебесін өзгерту үшін алынатын алымдардың ең жоғары мөлшерін де едәуір арттыруды жоспарлап отыр.

Мұндай төлемдерді өтініш түріне байланысты 10 мың иеннен 70 мың иенге дейін белгілеу ұсынылуда.

Тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеу құны да айтарлықтай өсуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл алым 10 мың иенді құраса, билік оны 200 мың иенге дейін көтеруді ұсынып отыр. Бұл өзгерістерді 2027 жылдың наурызында аяқталатын қаржы жылының соңына дейін енгізу жоспарланған.

Үкіметтің мәлімдеуінше, тарифтер қайта қаралғаннан кейін Жапонияның визалық және иммиграциялық алымдары басқа дамыған мемлекеттердің деңгейіне жақындай түседі. Ведомствоның пікірінше, көптеген елдерде визалар мен көші-қон құжаттарын рәсімдеу құны қазірдің өзінде Жапонияға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Тарифтердің өсуі иммиграциялық жүйенің жұмыс шығындарының артуын қосымша бюджет шараларын енгізбей-ақ ішінара өтеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Фото: pexels.com

Бұл Қазақстан азаматтары үшін нені білдіреді?

Қазақстан азаматтары үшін Жапонияға кіру тәртібі өзгеріссіз қалады. Қазақстандықтар сапар мақсатына немесе болу мерзіміне қарамастан, бұрынғыдай жапон визасын алуға міндетті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігі арқылы Қазақстан азаматтары мен ТМД елдерінің азаматтарына жапон визасын рәсімдеу бұрынғыдай тегін болып қала береді.

Естеріңізге сала кетейік, туристік виза Жапонияда жұмыс істеу құқығын бермейді. Егер құжаттарда ешқандай ескерту болмаса, өтініш толық құжаттар топтамасы тапсырылғаннан кейін әдетте бес жұмыс күні ішінде қаралады. Алайда кейбір жағдайларда бұл мерзім ұзаруы мүмкін.

Оқи отырыңыз