Бүгіннен ертеңге қараған түні 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 3-турындағы тағы 6 матч өтеді. АҚШ Түркиямен, Германия Эквадормен, Нидерланд Туниспен, Парагвай Австралиямен, Швеция Жапониямен, ал Кюрасао Кот-д’Ивуармен кездеседі.
D тобы: Түркия – АҚШ
D тобында ерекше матч өтпек. Лос-Анджелесте Түркия құрамасы АҚШ-пен кездеседі. Америкалықтар Парагвай мен Аустралияны жеңіп, мерзімінен бұрын топта бірінші орынды қамтамасыз етті. Ал Түркия екі кездесуде де жеңіліп, соңғы орыннан көтеріле алмайды.

Сондықтан бұл матч турнирлік маңызы жоқ, тек абырой үшін өтетін ойын болмақ. Қос құрама бұған дейін бес рет кездесіп, әрқайсысы екі жеңістен еншілеген, бір матч тең аяқталған.
D тобы: Парагвай – Аустралия
Сан-Францискода Парагвай мен Аустралия 2-орын үшін таласады. Гол айырмасы бойынша аустралиялықтарды тең нәтиже де қанағаттандырады. Парагвайлықтардың да плей-оффқа үшінші орын арқылы шығу мүмкіндігі жоғары.
E тобы: Эквадор – Германия
Германия құрамасы Кюрасао мен Кот-д’Ивуарды жеңіп, топтағы 1-орынды алдын ала иеленді.
Эквадор үшін жағдай күрделі. Олар әзірге турнирде бірде-бір гол соққан жоқ. Плей-оффқа үмітін сақтау үшін немістерді міндетті түрде жеңуі қажет. Алайда бұл міндеттің орындалуы екіталай.
E тобы: Кюрасао – Кот-д’Ивуар
Кот-д’Ивуар құрамасының 2-орын алу мүмкіндігі өте жоғары. «Пілдерге» Кюрасаомен матчта тіпті тең нәтиженің өзі жеткілікті болуы мүмкін.
F тобы: Тунис – Нидерланд
Тунис құрамасы алғашқы екі ойында Швеция мен Жапониядан ірі есеппен жеңіліп, плей-офф мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен африкалықтар әлем чемпионатымен жеңіспен қоштасуға тырысады.
Нидерланд құрамасы болса келесі кезеңге шығу үшін маңызды ұпайларды көздейді.
F тобы: Жапония – Швеция
Түннің ең тартысты матчтарының бірі Жапония мен Швеция арасында өтеді.
Жапонияны тең ойын да қанағаттандырады. Хадзимэ Мориясу шәкірттері турнир барысында сенімді ойын көрсетіп келеді және кездесудің фавориті саналады. Алайда шведтерді де есептен шығаруға болмайды, себебі олар шешуші матчтарда мінез көрсете алатын команда.
F тобының жеңімпазы 1/16 финалда Мароккомен кездеседі, ал екінші орын алған команда Бразилияға қарсы ойнайды.
Кеше болған матчтардың нәтижелері:
-
Мексика құрамасы Чехияны 3:0 есебімен жеңіп, А тобында 1-орынды иеленді.
-
Оңтүстік Африка Республикасы құрамасы сенсация жасап, Оңтүстік Кореяны 1:0 есебімен жеңді. Осылайша олар тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты.
-
Швейцария құрамасы Канаданы жеңіп, В тобында 1-орын алды.
-
Бразилия құрамасы Шотландияны ірі есеппен ұтып, С тобында көш бастады.
-
Марокко құрамасы Гаитиден басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.