Жаңалықтар

Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды

Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды
15.03.2019 03:16 1947

Бүгін, 15 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығы ғалымдарымен және Алматы қаласының ҚХА ғылыми-сарапшылар тобының мүшелерімен кездесті.

Іс-шараға Қазақ ұлттық университетінің  ректоры Ғалым Мұтанов, ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығының ғалымдары, ҚХА ғылыми-сарапшылар тобының мүшелері, Ассамблея кафедраларының басшылары, этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар қатысты.

Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев университет негізінде Ассамблея үшін маңызды іс-шараларды өткізгені үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға алғысын білдірді.

ҚХА Төрағасының орынбасары ағымдағы күн тәртібін ескере отырып, әрбір қазақстандықтың елдегі қайта құру үдерістеріне қатыстылығын қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуге ҚХА ғылыми-сараптамалық құрамын тартудың маңызды болып табылатынын атап өтті.

Жансейіт Түймебаев ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің негізгі міндеттері туралы айтып берді. Атап айтқанда, ҚХА ҒСК және ҒСТ мүшелерінің  қызметінің болашақтағы екі бағытын атап көрсетті. Ең алдымен, ғылыми қауымдастық оқиғалардың даму үрдісін болжап, шұғыл жұмыс істеуге, кемшіліктерді байқап, келеңсіз жайлардың  алдын алуға тиіс. Екінші бағыт – ҚХА жұмысын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету. Ол үшін проблемалық мәселелер бойынша әлеуметтік ғылымға негізделген зерттеулер, оның ішінде әлеуметтік өлшемдер негізінде жасалған зерттеулер қажет.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығының директоры, саясаттану кафедрасының меңгерушісі Г. Насимова орталықтың қызметі туралы баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің деканы А. Масалимова және Алматы қаласы ҚХА ғылыми-сарапшылар тобы төрағасының орынбасары С. Ананьева баяндама жасады.

Анықтама үшін: ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен 2016 жылдың 2 қыркүйегінде құрылды. Орталықтың мақсаты – университет кафедраларының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған ғылыми-білім беру және тәрбие қызметі.

Орталықта ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бойынша ұсыныстар әзірленетін ғылыми жобалар жүзеге асырылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесі 2009 жылғы 28 қаңтарда Мемлекет басшысының ҚХА-ның XIV сессиясында берген тапсырмасы бойынша құрылды.

ҚХА ҒСК құрамында 52 ғалым, оның ішінде 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының басшылары және қоғам қайраткерлері бар. Барлық өңірлерде 17 ғылыми-сараптамалық топ жұмыс істейді. Олардың қызметіне 262 адам тартылды, оның ішінде ғылым докторлары – 57, ғылым кандидаттары – 117, PhD докторлары-5.

Еліміздің жетекші жоғарғы оқу орындары негізінде ҚХА 42 орталығы мен кафедрасы жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға