Жаңалықтар

Жанқош Тұраровтың кешін өткізетін промоутерлік компанияның жетекшісі алдағы жекпе-жек туралы пікір білдірді

Жанқош Тұраровтың кешін өткізетін промоутерлік компанияның жетекшісі алдағы жекпе-жек туралы пікір білдірді
Фото: Ашық дереккөзден 06.12.2023 22:49 1138

Movida Promotions промоутерлік компаниясының негізін қалаушы Әлімжан Қалдияр 10 желтоқсан күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін жылдың қорытынды бокс кешіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл қазақстандық жанкүйерлер үшін қуанышты жаңалық. Жанқош Тұраров – ұзақ жылдар бойы Қазақстанның атын халықаралық аренада сәтті қорғап жүр. Талай мәрте көк туымызды желібіретіп, жанкүйерлерін қуантты. Осыған дейін бірде-бір мәрте жеңілмеген. Оның стилі – нағыз қалыптасқан қазақ боксының стилі. Ал әлемдік деңгейдегі боксшылардан Шугар Рэй Леонард, Флойд Мейвезерлердің стилін еске түсіреді. Ендеше Жанқош тағы бір мәрте Алматыда елдің делебесін қоздыратын бокс көрсетеді деп сенеміз. Бұл біздің промоутерлік компания үшін де абырой, - дейді Әлімжан Қалдияр.

Айта кетейік, Жанқош Тұраров (27-0, 20 КО) 10 желтоқсанда өзінің ең үлкен жекпе-жегіне шығады. Қарсыласы — әлемге танымал көп дүркін Жапония мен Азия чемпионы Акихиро Кондо (37-11-2, 21 КО). Боксшылар IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы мен WBA Gold World чемпиондық белдіктерін салады.

Әлімжан Қалдияр осы ретте 10 желтоқсанда Жанқош Тұраровтың бокс кешінде жекпе-жектерін өткізетін жастарға да тоқталды.

Рингке қазақ боксының жарқын жұлдыздары Виктор Коточигов, Балауса Мұздыман, Елшат Нығметолла, Елхан Табынбаев және басқалар көтеріледі. Сондықтан қызықты кеш болатыны сөзсіз. Бокс жанкүйерлері де елімізде осындай жоғары деңгейлі кештерді сағынғаны сөзсіз. Жанқоштың қарсыласы да осал емес. Күншығыс елінің боксшысы әлемдік рейтингте жоғары орында орналасқан. Тартысты, елдің айызын қандыратын жекпе-жек болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде спортқа жекелеген кәсіпкерлердің инвестициясын тарту керектігін айтқаны бар. Біз соны жүзеге асырып жатырмыз. Өз жауапкершілігіміз сезініп, әлеуметтік тұрғыда осындай жобаларға қолдау көрсетеміз, - дейді промоутер.

Жанқош Тұраровтың кешін өткізетін промоутерлік компанияның жетекшісі алдағы жекпе-жек туралы пікір білдірді

Ол биыл Қостанайдың «Тобыл» футбол клубының 50 пайыз акциясын сатып алған. Команда осы маусымда Қазақстан кубогында топ жарып, Еуропа Конференция лигасы іріктеу кезеңінде Швейцарияның «Базель» клубын жеңіп кетті.

Біз осындай жобаларды қолдай береміз. Еліміздің намысын қорғайтын спортшылар көп болсын. Елде спортқа бей-жай қарамайтын меценаттар жетерлік. Енді бәріңізді 10 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарйында күтеміз. Жанқош бастаған отандастарымызға қолдау көрсетіңіздер, - дейді Әлімжан Қалдияр. 

Еске сала кеткен жөн, Тұраров үшінші рет қатарынан желтоқсан айында жылдың қорытынды жекпе-жектерін өткізіп келеді. 2021-де отандасымыз Абдумонем Саидті тізе бүктірсе, 2022-нің соңғы айында бұрынғы әлем чемпионы Луис Энрике Ромероны жарқын нокаутқа жіберген болатын.

Жанқош Тұраровтың кешін өткізетін промоутерлік компанияның жетекшісі алдағы жекпе-жек туралы пікір білдірді

IBO тұжырымы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы Жаңқош Тұраров болашақта кәсіпқой бокстың шыңы саналатын WBA, WBC, WBO, IBF тұжырымдарын бағындырғысы келеді.
10 желтоқсан күні бокс жанкүйерлері Тұраров пен басқа да қазақ боксшыларына қолдау білдіру үшін билеттерді zakazbiletov.kz сайтынан ала алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға