«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, 23-25 маусым күндері аптап ыстық басылып, күн салқындай бастайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Орталықтың хабарлауынша, аптап ыстықтан кейін еліміздің солтүстік өңірлерінің тұрғындарын аздап салқындау күтіп тұр. Қазақстан аумағына циклон ығысып келіп, жаңбыр, найзағай, бұршақ, желдің екпінді күшеюі және шаңды дауыл әкеледі.
Алайда осыдан кейін көптен күткен салқын ауа райы орнайды: еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде ауа температурасы қолайлы +23...+28 градус шамасында болады.
Дегенмен, барлық өңірлерде ыстықтың беті қайтпайды. Қазақстанның оңтүстік және шығыс аймақтарына Өзбекстан аумағынан құрғақ әрі жылы ауа массасының келуі жалғасады. Соның әсерінен бұл өңірлерде ауа температурасы +33...+38 градусқа дейін сақталып, жекелеген аудандарда өте қатты ыстық +40 градусқа дейін жетеді.
Астанада:
Елордада 23 маусым күні күн ашық, күндіз ауа температурасы +35 +37 градус болады. 24 маусым күні күн бұлттанып, жаңбыр жауады. Күндіз ауа температурасы +23 +25 градусқа жетеді. 25 маусым күні жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды. Күндіз ауа температурасы +25 +27 градус деп көрсетілген.
Алматыда
Оңтүстік астанада 23 маусымда күн құбылмалы болады, ауа температурасы +33 +35 градус жылы. 24 маусым күні жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, ауа температурасы +33 +35 градусқа жетеді. 25 маусым күні ауа температурасы күндіз +33 +35 градусті көрсетіп, жаңбыр жауып, найзағай жарқылдауы мүмкін.
Шымкентте:
Шымкентте 23 маусым күні ми қайнайтын ыстық болады. Күндіз ауа температурасы +37 +39 градусты көрсетіп тұр. 24 маусым күні ыстықтың беті қайтып, найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады. Күндіз +33 +35 градус жылы болады. 25 маусым күні +33, +35 градус жылы болғанымен, күн бұлттанады.