Жаңалықтар

Жанар Байсемізова «Қазақстаннан» не себепті кетті?

Еден жуып жерген жерімнен жұлып алып, журналистикаға, нақтырақ айтқанда телевизияға жол сілтеген менің курстасым, қазіргі мықты журналист, талай шәкірт тәрбиелеген Дәулетхан Жиенқұлов.
11.11.2014 10:30 25486

Жанар Байсемізова «Қазақстаннан» не себепті кетті?

Қазақстанның телеарна саласында отандық телебағдарламаның аздығы көпшілікке мәлім. Жыл сайын жарық көретін жүздеген жаңа телебағдарламаның ішінде Қазақстанның төл бағдарламалары саусақпен санарлықтай, соның өзінде, аз бола тұра, олар халық аузында жүретіндей деңгейде жасалмай жатады. ХХІ ғасырдың басталғанына 14 жыл толса да, отандық бағдарлама тақырыбы қозғалғанда, біз әлі күнге дейін «Ұят болмасын» мен «77 күнді» айтамыз. Дегенмен, осы жылы аталмыш қалыптасқан жағдайды бұзып, көрермендер назарына «Шетелдегі қазақ балалары» атты жаңа бағдарлама шықты. «Қазақстан» арнасынан шыққан бұл бағдарлама көрермендер арасында үлкен резонанс тудырып үлгерді. Алайда, бас-аяғы 23 бағдарламадан тұратын бұл жобаның жүргізушісі әрі продюсері Жанар Байсемізова жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде жұмыстан кететіндігі жайлы мәлім етті. «Жанар жұмыстан не себепті кетті» деген сауал әрбір көрерменнің көңілінде қалып қойғандықтан, Ел.кз редакциясы арнайы телекөрермендер үшін Жанармен сұхбат құрды.  

Жанар Байсемізова «Қазақстаннан» не себепті кетті?

– Журналист болуға не түрткі болды?    

– Журналист болуды армандадым дей алмаймын. Кішкентай кезімде теледидардан көрген көрініс - сұхбат алу үшін адамдардың соңынан микрофонын алып жүгіріп жүрген мамандық иелеріне қарап, ішімнен «қандай жаман жұмыс» деп ойлағаным есімде қалыпты. Бірақ сол шақта олардың журналистика армиясының сарбаздары, жаңалық жаршысы немесе төртінші билік өкілдері екенін білмегенмін. Балалық шақта суретші, модельер-дизайнер болуды армандағанмын. Есейе бастаған шақта, жоғарғы сыныпқа өткенде, біреу – «кім боласың?», деп сұраса, «жазушы болғым келеді»,- деп жауап беретінмін. Не екенін нақты білмесем де, «новелла» жазғым келетін. Әдемі естілгендіктен болар, осыған құмар едім. Әпкемнің бұл тілегімді жақтырмағаны, «жазушы деген мамандық болушы ма еді, ақшаны қайтіп табасың?», – дегені де есімде. Шығармалар жазғанды жақсы көретінмін, мүмкін сондықтан да болар орта мектепті аяқтаған соң, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетіне оқуға тапсырдым, алайда ол кезде оқуға түсу қиын еді, 96 жыл, пара беру асқынып тұрған кезең. Құладым, жыладым, әрине мектепті үздік бітірген оқушы үшін «оқуға түсе алмай қалыпты» деген сөзден артық қорлық жоқ еді, сол заманда. Бір жылдан кейін қайта тапсырып, ақыры түстім, бірақ филология емес, журналистикаға. Оқумен қатар жұмыс істеуіме тура келді. Ауруханада санитар болдым.  

– Сіз бұл фактіні осы күнге дейін жасырып келдіңіз бе?

– Жоқ, жасырған жоқпын, тек ешкім сұраған емес.

– Түсінікті, ендеше, тағдырыңыз ары қарай қалай жалғасты?

– Еден жуып жүрген жерімнен жұлып алып, журналистикаға, нақтырақ айтқанда телевизияға жол сілтеген менің курстасым, қазіргі мықты журналист, талай шәкірт тәрбиелеген Дәулетхан Жиенқұлов.  Оның: сенің бойыңда талант бар, қабілет бар, бұлай жүрмеуің керек деген сөзі маған серпін берді. Осы бағытпен «Оңтүстік Астана» телеарнасына бардым. Жаңадан ашылған арна болғандықтан, әлі тәжірибесі жоқ, бірақ икемі бар  5-минутсыз журналисттерді қабылдайтын еді.  Осылайша, сол кезде жаңалықтар бөлімінің бас редакторы болған  Серік Сарыбаевтың сұңғыла сынағынан өттім. Серік Әбікенұлының шекпенінде өсіп жетілдім. Білімді басшыдан алған тәлім, тәжірибе, өсиет, журналист таза болу керек, телевизия көркем әдебиет емес  деген ұғымдар әлі санамда қаттаулы. Оның: Жанар жұмыс істей алмасаң, қолыңнан келмесе, жаза алмасаң мен саған еш көмек бере алмаймын деген қатқыл сөзі әлі есімде, Серік Сарыбаевтың осы талабы мені қамшылады, жігерімді жаныды.

– Демек, журналистикаға келуіңізге курстасыңыз түрткі болғаны ғой?!

Егер журналист болуға лайықты қасиетті менің бойымнан байқамаса, мені бұл салаға тартпас еді деп ойлаймын, өйткені ол  талабы өте жоғары адам. Негізі, 1-курста «Алматы ақшамы» газетіне  «Таным мен сенім өзгерісі немесе халқымызды тағы бір апат күтіп тұр ма?» (қазақтардың жат  ағымдарға көптеп тартылуы жайында) деген тақырыпта мақалам жарияланған еді. Бұл курстастарымның арасында жақсы қабылданған. Жазуға икемі бар деген баға алуыма және журналистикаға қадам басуыма осы түйткілді мәселені қозғағаным түрткі болған шығар.  

 – «Қазақстан» арнасына қалай келдіңіз?

Ұлттық арнаға өте көп баспалдақтардан кейін келдім. Біздің студент кезімізде, «Қазақстан», «Хабар» сияқты арналарда жұмыс істеу қол жетпейтін арман болып көрінетін.  Өйткені ол кезде талап мықты еді, бәсеке де өте жоғары болатын. «Қазақстанға» дейін бірнеше арнада қызмет еттім: «Оңтүстік Астана» теларнасы, «НТК», «31 арна», «Хабар» (Алматыдағы), «Алматы» телеарнасы,  «Хабар» (Астанадағы).

– Ол кезде талап мықты еді дедіңіз, осыны аша түссеңіз?!

– Дайын тақырыпқа сюжет түсіру жоқ, бәрін өзін табасың, ізденесің. Апта сайын жеке жоспар өткізесің, онда қай күні қандай материал жасайсың, қандай мақсатты көздейсің, қандай проблема көтересің, кейіпкерлері кім т.б. осының бәрін жіктеп-жіліктеп жазып беретінбіз. Бұл оңай емес. Ал, тақырып таба алмайтын журналист – журналист емес деген түсінік болатын. Дайын сюжет жасайтын, өзіндік пікірі жоқ әріптестерімізді ешкім сыйлай қоймайтын. Қаншалықты жақсы тақырып табасың, оны көрерменге қалай қызықты, тартымды етіп бере аласың, осы маңызды болатын. Осындай тегеурінді талаптың арқасында шыңдалып,  сапалы маман болып қалыптасасың.

– Сонда бүгінгі журналистер әлсіз бе?

– Әлсіз деп айтуға хақым жоқ. Дегенмен, қазір темірдей талап азайған сияқты, бәрінің қадірі кеткен сияқты.  Бәріне қулықпен, айлакерлікпен, жағымпаздықпен ғана жете алатын заман туды. Журналистикаға махаббаты жоқ адам, оны босқа өтірік сүйем деп, өзеуреп азапқа салмауы тиіс деп санаймын. Қазір көбісінің ойын бір ақ нәрсе қатты мазалайды. Ол - ақша. Қалай көп табыс табу, қай жерден пайда көру деген сияқты. Ешкімге қазақ журналистикасы, телевизия аса керек емес сияқты. Бірақ бұл жерде  журналистика армиясының қарапайым жауынгерлерінің кінәсі жоқ. Төртінші билік иелеріне - төртінші билік иелері ретінде лайықты деңгейде құрмет көрсетіп, материалдық жағынан қамтамасыз ететін күн туды емес ме?! Журналист аш болмау керек, журналист тек кәсібіне қатысты ашқарақ, тойымсыз болуы керек.  

Жанар Байсемізова «Қазақстаннан» не себепті кетті?

– «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы кім?

– Идея авторы өзім. Мені танитын әріптестерім бұл жобаның менімен қаншама жылдан бері бірге өмір сүріп келе жатқанын біледі.

– Идея қайдан келді?

– Студент кезімнен санама сіңген тақырып. Сол шақта депутаттар көп қозғайтын қазақтың осы қасіретін. Шетелге бала бермеу керек деген сөздер көп айтылатын. Бірақ халық біле бермейтін еді, қандай балалардың қайда кетіп жатқандарын, кеткен ұл-қыздардың тағдыры қалай қалыптасқанынан ешкім хабарсыз еді.  Бұл құпия, жабық тақырып болатын. Сол қазақ қанының бір бөлшектері жайлы бағдарлама жасауға мақсат қойғанмын. Тіршілік қалтарысының қатпарларында біраз уақыт көміліп қалған осы мәселе уақыты келгенде жанымды қоярға жер тапқызбай, жүрегімді жарып шықты.  

– Сонымен идеяңыз қалай жүзеге асты?

– «Шетелдегі қазақ балалары» жобасына баспалдақ болған бағдарламаны ең алғаш «Хабар» арнасында түсірдім.  Бірақ бұл үшін мен тәуекелге бардым.

– Қандай тәуекел?

– «Хабарға» 31-арнадағы жайлы орнымды алмастырып, ауысып келгенмін. Кезінде атағы дүрілдеп тұрған «Информбюрода» жұмыс істегенім, тәжірибем, ол жерде атқарған қызметім  мұнда келгенде түкке де тұрғысыз болып қалды. Бәрін қайтадан бастауға, өз өзіңді қайтадан дәлелдеуге тура келді. Дегенмен, осы тәуекелге барғаным, қазіргі жетістігімнің жаршысы болды. 2009-шы  жылы АҚШ-қа барып, америкалықтар асырап алған қаракөздер туралы арнайы репортаж жасадым. Бұл Қазақстандағы тұңғыш бағдарлама болды. Басында менің Америкаға барып, қазақ балалары туралы бағдарлама жасайтыныма ешкім сенбеді. Өйткені «Хабарда» штаттан тыс тілшілер шетелге жіберілмейтін еді, ал, мұхиттың арғы жағындағы Америка туралы мүлдем сөз қозғалмаған. Дегенмен, Құдайдың көзі түзі болып, менің жолым болды. Сол кездегі Бас продюсер Серік Абас-шахтың, «Хабар» Агенттігінің басшысы Гүлнәр Мұстахимқызының қолдауымен мақсатым жүзеге асты.  «Хабардан» кейін «Алматы» арнасына барғанда, осы жобаны одан әрі жалғастырдым. Бельгиялықтар асырап алған қазақтың жетім балалары туралы бағдарлама әзірледім. Қалалық арна болған соң, мұнда Еуропа түгілі, елдің басқа облыстарына іс-сапарға шығуға қаражат  қарастырылмаған еді. Іс-сапар шығындарын жабу үшін, демеушілер тауып, ұйымдастыру жұмыстарымен өзім айналыстым.  Бельгиядан кейін мені «барлық жердегі біздің балаларды көрсем» деген ой мазалай бастады. Бірақ бұған қалай қол жеткізерімді білмедім. Тек, араға алты жыл салып, журналистік арманым өз жолын өзі тапты. «Қазақстан» арнасында бағдарламалар өндірісі ШБ жетекшісі болып жүрген кезде осы тақырыпты күнде ойлап, қайтадан құса болдым. Сосын, өз өзімді сабырлыққа шақырып, егер шынымен шығатын, маған бұйырған дүние болса келеді, болмаса да ризамын деген тілекпен бұл ойымды еркіндікке жіберуім сол ақ еді, уақыты туып, Жаратушы бәрін керемет шеберлікпен үйлестіріп, алдыма әкеліп берді. «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы  Нұржан Жалауқызы Мұхамеджановаға идея ұнады, бұрын түсірген материалдарымды көріп шыққаннан кейін, ол кісі бірнеше сериядан тұратын жоба жасайық деген ұйғарымға келді. Осы тұста айта кету керек, бұл жоба оңайлықпен ашыла қойған жоқ.  Төрайымға дейінгі басшылардың бірі менің бірнеше мемлекеттен бағдарлама жасаймын деген ұсынысыма, бәріне қыруар қаражат керек, бір ғана  жоба жасайық деген сыңай танытып еді, уақыт өте ол да ұмытылып, бұл ұсынысым шетте қалып қойды. Содан кейін, шартараптағы қазақтың бар баласына бара алмаймыз болмағанда, бір елдегі ұландарымыз туралы бағдарлама жасап көрейін деген шешімге келген едім. Ал, басшылықтың сериялық репортаж түсіру керек дегенін естігенде тіптен қуанып кеттім. Мен, Нұржан Жалауқызының осы мәселені көтергенімді қолдағанын, жан-жақты көмек беріп, әр бағдарлама үшін күйіп-жанғанын, басшы ретіндегі парасаттылығын жоғары бағалаймын.  

– Бұл енді үлкен жоба ғой, қиындықтар көп болған шығар?!

– Әрине, қиындықтар, кедергілер көп кездесті. Қазір сол кезде атқарған тірлігімді ойласам, қалай шыдағанымды түсінбеймін. Қазір сол кездегі жұмыстың ауқымдылығынан қатты шошимын. Бұл халықаралық деңгейдегі мега жоба, мұның әлемде баламасы жоқ. Бірақ бұлай мақтану қазақ ретінде өзіме сын, өзіме қорлау. Әрине, баламасы болмаған, өйткені дамыған мемлекеттердің бірде бірі шетке ұрпағын тентіретпейді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өте үлкен жұмыс жасалды, балаларды табуға шет мемлекеттердегі Қазақстан Елшіліктері жан-жақты ат салысты, ақпараттық қолдау көрсетті.  Бұл өте құпия ақпарат, министрліктің көмегінсіз біз балалардың үйіне барып, олармен тілдесе алмас едік. Шетелдіктер бәріне асқан сақтықпен қарайды, Елшілік қызметкерлері, консулдар болмаса бізді жақындатпас еді.  

Елдің ішінде 1,5 минуттық сюжет жасаудың өзі үлкен еңбек, ал шетелде бағдарлама түсірудің қияметін тек көкірегі ояу жандар ғана түсіне алады деп ойлаймын

– Сол балалар сізге қандай да бір сұрақ қойды ма? Егер қойса, ерекше есіңізде қалғандарына айтып бере аласыз ба?

Шынымен де ондай сұрақтар болды. Америкада жүргенімде асырап алынған балалардың біреуі маған қиын сұрақ қойды. «Менің туған әке-шешем мені балалар үйіне өткізгенде неге мекен-жайын өтірік айтқан?» дегенде өзім не айтарымды білмей кідіріп қалдым. Өз сұрағына баланың өзі жауап берді, –  «Өйткені олар кейін мен өскенде іздеп барып, мен сендердің балаларыңмын, мені неге тастап кеттіңдер деген сөзді естігісі келмеді ғой, өздерін таба алмасын деп ойлады ғой» деді...  Канадада ерекше тартымды, сүйкімді қызақ қызының тәтті қылығы мен ащы тағдыры әлі есімнен кетпейді. Оны туған анасы көшеге тастап кеткен. Сәбиді тауып алған полиция қызметкерінің аты-жөнін асырап алған анасы сақтап қойыпты. Сол арқылы Қазақстанға келгенде полиция қызметкерін іздеп таптым, тілдестім, ол «бұл қыз мені қайдан біліп алған, шынымен мені Канадада тұратын қазақ қызы іздеп жүр ме, шынымен мені көргісі келе ме?» деп қатты таңданды. Канадалық қыздың арманы енді осы адаммен жолығу, болашақта бұл кездесудің міндетті түрде болатынына мен сенемін.  Қоштасарда ол өзінен өзі бізге күлімдей қарап, «мен сендерді жақсы көрем» деп айтты. Менің не үшін деген сұрағыма: «өйткені сендер қазақсыңдар» деді. Ешкім оған бұл сөзді айт деп әмір берген жоқ еді...

– Қорытынды хабарларыңыздан шетелдегі қазақ баласының асырап алған ата-анасымен шіркеуде жүрген сәтін көріп қалдым. Дін мәселесіне келгендей олардың жағдайы қалай? Олар сол ата-анасының дінін қабылдап жатыр ма?

– Бала ақ қағаз сияқты, не жазсаң соны оқисың, Әл-Фараби бабамыз айтқан екен. Жас бала ата-анасы қандай сенімді ұстанса, қандай тілде сөйлесе, қандай тәрбиеде болса барлығын айна-қатесіз қабылдайды. Шетелдіктер асырап алған қазақтың ұрпағы өзге дінді ұстанады. Қазақтың мұсылман екенін білген соң, мен де мұсылман болып қалам деп шешкен балалар ілуде біреу ғана. Жетім балаларды шетел азаматтарына беруге қатысты кезінде шешім қабылдағандар бұл жайында сол кезде ақ білді.  

– Неліктен шетелдіктер осы Қазақстан секілді елдерден бала асырап алуға құмар, неге өз елінің балаларын асырауға алмайды? Біздің бет-әлпетіміз, геніміз олардан мүлдем басқа ғой.

– Бір сөзбен айтқанда, дамыған елдерде шетелге беретін жетім бала жоқ. Оларда жетімдер үйі, балалар үйі деген жоқ. Балалар тек санаулы жағдайда ата-анасыз қалады: табиғи апат болғанда; ата-анасы түрмеге түскенде; ата-ана қайтыс болғанда және т.б. жағдайларда балалар арнайы мекемелерге орналастырылады, бірақ ол жетімдер не балалар үйі деп аталмайды. Олар онда орналасқаннан кейін, бірден әлеуметтік қызметкерлер іске кіріседі. Олар сол ата-анасыз қалған балаға қолайлы отбасы іздей бастайды. Тауып береді, егер балаға жаңа жанұя ұнамаған жағдайда, әлеуметтік қызметкерлер қайтадан басқа  шаңырақ іздеуге көшежі. Дамыған елдерде бала асырап алу қиын, себебі бұл мемлекеттерде бала асырап алу кезегінде тұрған отбасы саны өте көп. Олардың арасында  бала сүю мүмкіндігі жоқтан емес, ұрпағы бола тұра,  сауап үшін, Құдайдың алғысына бөлену үшін жетім балаға қорған болғанды қалайтын адамдар көп кездеседі. Жалпы, шетел азаматтары бүлдіршінді ес білмей тұрған шағынан бастап алғысы келеді.

Жанар Байсемізова «Қазақстаннан» не себепті кетті?

– Бір сюжетіңізде, Швейцарияда Қазақстаннан асырап алынған 8 бала болса, соның үшеуінің тұрғылықты мекен-жайы белгісіз деп айтып қалдыңыз. Оларды іздеп жатқан біреу бар ма?

– Иә, баланы асырап алған ата-ана түрлі себептермен басқа жерге көшкенде жаңа мекен-жайын тиісті мекемелерге хабарламауы мүмкін, бұдан бөлек шетелдегі консулдарымыздың қызметтік ауысулары бар, осының бәрі балалардың  есепсіз кетуіне ықпал етіп жатады. Жақында маған ҚР СІМ Консулдық департаментінен хабарласып, Польшадағы балалардың табылғанын айтты. Олармен сол елдегі біздің өкілдеріміз кездесіп, жағдайларының жақсы екеніне көз жеткізіпті. Бұл да  бағдарламаның жемісі. Ал Швейцариядан өкінішке қарай әлі ақпарат алмадым.

– Сіз шетелдегі қазақ балаларының өмірін, тіршілігін өз көзіңізбен көрдіңіз, жағдаймен толыққанды таныстыңыз, шетелдіктердің бала асырап алуына қалай қарайсыз? Бір жақты жауап бар ма?

– Ол балалар бақытты, мейлі олардың тілдері мен діндері басқа болсын, бірақ ол балалар бақытты. Болашақтары да жарқын. Осы тұрғыдан алғанда баланың кім, қандай ұлт өкілі болмасын ата-ана мейірімен қанып өскенін қолдаймын. Бірақ мемлекеттік қауіпсіздік, дін және тіл мәселесі тұрғысынан, демографиялық жағынан алғанда бұл қазақ халқының қадірін кетіретін тірлік.  Халықаралық конвенцияның талаптарын орындау емес, баланы тастау дұрыс емес. Ұлттық құндылықтардан қадір кеткенінің белгісі. Қазақтың ұрпағын жат елге беру – бұл қазақтың трагедиясы. «Шетелдегі қазақ балалары» бұл қорлықты, ұятты қазақтың бетіне басып көрсеткен, адамдардың бойындағы рухани құндылықтардың оянуына түрткі болған жоба. Көзі қарақты көрермен  халқымыздың неден, кімнен  айырылып жатқанын көрді, астарлы сөзді түсінді деп ойлаймын.   

– «Қазақстан» РТРК АҚ еліміздегі ең үлкен телекомпания, бұл жерден кетуіңізге не себеп болды? Фэйсбуктағы жазбаңызға қарағанда өкпе-назыңыз бар сияқты?

– Бұл шешімді қабылдау маған оңай болған жоқ. Ірі жобаны аяқтағанда, адамның жүрегінде бір бос кеңістік орнайды екен. Осы бағдарламамен бірге бар күш-қуатым, білімім, потенциалым сарқылып кеткендей күй кештім. Бұрын, осы бағдарламаны жарыққа шығарсам, бақытты болар едім деп ойлағанмын. Мен қателесіппін, себебі бақыт – ол мақсат емес, бақыт – ол мақсатқа жетудегі жол екен. Менің осыған көзім жетті.  Мүмкін, бұл рухани жаңаруға жасалған жаңа қадам болатын шығар деп үміттенемін. Құндылықтарды қайта қарастыру кезеңі келген секілді.

– Арнадан кету толықтай өз еркіңіз бе, әлде сыртқы факторлардың әсері болды ма?

– Өтірік сөйлегім келмейді... Сондықтан осы сұрақты құпия күйінде қалдырайық...

– «Қазақстанның» есігін біржолата жаптым деп ойлайсыз ба? Әлде қайта оралуыңыз мүмкін бе?

– «Қазақстан» үлкен шаңырақ, мен оны қатты жақсы көремін. Бұл сезім әлі өшкен жоқ, мен әлі «біздің» деп сөйлеймін, кім біледі, бәрі Алланың қолында.

– Фэйсбуктағы посттарыңызға қарағанда жұмысты сағынып жүргендейсіз?!

– Мүмкін мен «бір кездегі жұмысымды» сағынған шығармын. Бәлкім мен жұмыстан дұрыс кетпеген шығармын, әдетте адамдар өзге жерден жұмыс тауып, сосын барып кетіп жатады. Мен еш жерден жұмыс тауып кетпедім, қазіргі заманның түсінігімен бұл – ақымақтық....

– Өкінбейсіз бе?

– Бір жақты жауап беру қиын... Жүректің қалауы бойынша, сол кезде мен «Шетелдегі қазақ балаларынан» кейін айналысатын басқа жобаны көрмедім, сол жағынан болса өкінбеймін... Бірақ басқа да компромистерге келуге болатын еді.  

Жанар Байсемізова «Қазақстаннан» не себепті кетті?

– Қазір қайдасыз?

– Мен қазір шығармашылық демалыстамын.

– Бір сұхбатыңызда бала асырап алғым келеді депсіз...

Бала асырап алу – менің мектеп жасынан келе жатқан ойым. Бұл пафос емес. Бірақ дәл қазіргі уақытта, заң бойынша мен бала асырап ала алмаймын. 

Сұхбатты әзірлеген – Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға