Астанада 2026 жылғы 24 сәуірде блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысында күтпеген жағдай болды. Соңғы сөз кезеңінде Төлегенова процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдірді. Осыған байланысты сот сот тергеуін қайта бастап, үзіліс жариялады.
Отырыста Эльмира Төлегенова өз кінәсін мойындап, болған жағдайдан сабақ алғанын айтты.
«Біз болған жағдай үшін жауапкершілікті толық түсінеміз. Өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық, бұл бізге өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымызға шын жүректен өкінеміз. Маған және жұбайыма бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауыңызды сұраймын», – деді Төлегенова.
Сондай-ақ ол сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдіретінін жеткізді.
«Өз құқығымды пайдалана отырып, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдіргім келеді. Процессуалдық келісімнің барлық шарттары бізге түсіндірілді», – деді сотталушы.
Судья өтініш сот тергеуі аяқталғанға дейін берілуі керек екенін ескертті. Алайда қорғаушы тарап Қылмыстық-процестік кодекстің 615-бабына сүйеніп, мұндай өтініш сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін кез келген кезеңде берілуі мүмкін екенін айтты.
Осыдан кейін сот сот тергеуін қайта жалғастыру туралы қаулы шығарып, прокурорға өтінішті қарау үшін бір сағат уақыт берді.
Прокурор процессуалдық келісімге тек Төлегенова ғана ниет білдіріп отыр ма, әлде Ерболат Жанәбілов те қосыла ма деген сұрақ қойды.
«Мен сотталушының ұстанымын нақтылағым келеді: Төлегенова ғана өтініш білдірді ме, әлде сотталушы Жанәбілов те процессуалдық келісім жасағысы келе ме? Сонымен қатар қылмыстық процестік кодексте көрсетілген шарттар бойынша процессуалдық келісім жасалған жағдайда сотталушылар кінәсін толық мойындауы тиіс», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурор бұған дейін Ерболат Жәнәбіловке 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Эльмира Төлегеноваға да 4 жыл жаза тағайындап, оны 1 жылға кейінге қалдыру ұсынылды.
Сонымен қатар айыптаушы заңсыз жолмен алынған 247 млн 550 мың теңгені өндіріп алуды, 17 iPhone 16 телефоны мен 8 Hyundai Elantra автокөлігін тәркілеуді сұрады. Lamborghini Urus пен Lexus көліктеріне салынған тыйымды үкім орындалуын қамтамасыз ету үшін өзгеріссіз қалдыру ұсынылды.
«Бұл қатардағы қылмыстық іс емес – бұл прецедент қалыптастыратын іс. Қазіргі жағдайда әлеуметтік желілер белгісіз адамдар тобына ықпал ететін қуатты құралға айналды. Ал ол пайдакүнемдік мақсатта қолданылса, алдау, жаңылыстыру және экономикалық қылмыс жасау құралы болуы мүмкін», – деді прокурор.
Жәнәбілов пен Төлегенова ҚР ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айыпталып отыр.