Жаңалықтар

Жаңа жұлдыздар: «Кейннен кейінгілер кім?»

Жаңа жұлдыздар: «Кейннен кейінгілер кім?»
Фото: instagram.com/darwin_n9 / instagram.com/erling.haaland 29.11.2023 17:30 1095

Ағылшын премьер лигасы қашанда жұлдызды ойыншыларға кем болмады. Қайтпас қайсар қақпашылар, тасқамал қорғаушылар, жасындай жарқылдаған жартылай қорғаушылар мен атағынан адам үркейтін шабуылшылар бірқатары дәл осы АПЛ-да өнер көрсетті және бұл дәстүр жалғасын тауып келеді. Футболдың көркі гол екенін ескерсек, бұндай жағдайда шабуылшылар үлкен үстемдікке ие болады. Ал, алысқа бармай-ақ айтатын болсақ, ағылшын біріншілігінде Криштиану Роналду, Серхио Агуэро, Джейми Варди секілді әлемге танымал спортшылар ойнады. Олардың соңғы легі Харри Кейнмен аяқталады. Бірақ, Кейн де кетті. Алайда, оның орнын басатын бірнеше талантты шабуылшылар өсіп келе жатыр. Тіпті, олардың біреуі биыл «алтын допқа» үміткер атанды. Ендеше, ағылшын премьер лигасында доп тебетін бүгінгі күннің жұлдызды шабуылшыларын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Эрлинг Холанд

Жаңа жұлдыздар: «Кейннен кейінгілер кім?»
instagram.com/erling.haaland

Норвегиялықтың бойындағы шабуылшыға тән керемет қасиеттер туралы айтпаған спорт сарапшысы жоқ шығар. Сұңғақ бой, ірі дене мен тынығуды қажет етпейтіндей көрінетін тұлғаның тәтті жемісін Холланд биылдан бастап жеп жатқандай. Оған дәлел, трофейлер. Эрлинг 2022/2023 жылғы маусымда Англия біріншілігі мен кубогі және Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атанды. Одан бөлек, АПЛ-дың үздік сұрмергені атағын алды.

Қазірдің өзінде норвегиялық қарқынын бәсеңдетер емес. Егер оның 23 жаста екенін ескерсек, алда әлі талай дүбірлі додаларда топ жаратынына сенім білдіреміз. Биыл, ол «алтын доп» номинациясына үміткер атанды. Дауыс беру бойынша шешілетін наградада ол, тірі футбол аңызы Лионель Мессиге есе жіберді.

Холланд бас бапкер Гвардиоланың ойын стильіне бірден үйреніп кетті. Соның арқасында әр ойын сайын, қарсылас қақпасынан саңылау табуды жалғасытырып жүр. Жаңа маусымның өзінде Эрлинг 12 ойында 13 голмен көзге түсіп үлгерді.

 

Дарвин Нуньес

Жаңа жұлдыздар: «Кейннен кейінгілер кім?»
instagram.com/darwin_n9

Жоғарыда айтқан Холландпен Нуньесті салыстырып қарасақ, екіншісі үшін Англияда көзге түсу үшін бірнеше уақыт керек болды. Одан бөлек, жанкүйерлер Эрлинг пен Дарвинді өзара көп салыстыратын. Уругвайлық шабуылшы үшін алғашында бұл қиынға соқты. Алайда, уақыт өте келе Нуньес талантты футболшы екенін күннен күнге дәлелдеп келеді.

Шынында, Дарвин үшін Англияға адаптация қиын өтті. Оған қоса, ол екінші ойынында ереже бұзғаны үшін қызыл қағаз алып, бірнеше матчқа шеттетілді. Алдыңғы маусым қортындысы бойынша соққан 9 голынан кейін, уругвайлық сынға алды.

Бірақ, биылғы маусымнан бастап, жағдай бірте-бірте реттеліп келеді. Қазір, Нуньес есебіне 11 ойында 4 гол мен 4 нәтижелі пас жазып үлгерді.

 

Расмус Хёйлунд пен Александер Исактан үміт көп

Жаңа жұлдыздар: «Кейннен кейінгілер кім?»
instagram.com/rasmus.hoejlund / instagram.com/alex_isak

Хёйлунд күні бүгінге дейін топ клубтар қолына түсіргісі келетін «асыл тас» секілді болған.  Көп ішінен бірінші болып, «Манчестер Юнайтед» талантты шабуылшыны қатарына қосты. Алайда, «асыл тастың» асыл болуы үшін көп жұмыстар істеп, оны өңдеуден өткізу қажет екенін ұмытпаған жөн. Біздің жағдайда Расмус толық ашылуы үшін әріптестерінің көмегі керек. Шабуылшы жоғары нәтиже көрсетуі үшін, жартылай қорғаушылар жақсы пастармен қамтамасыз етуі керек. Бұл заңдылық. Алайда, қазіргі таңда бұл жағдайлармен қиындықтар туындап жатыр. Егер, «МЮ» осы мәселенің шешімін тапса, Хёйлунд АПЛ-дың үздіктері қатарынан көрінетіне күмән жоқ.

Ал, шведке келсек, ол «Ньюкаслдың» негізгі ойыншыларының бірі. Хау құрған жүйенің ажырамас бөлігі. Биылғы маусымда Исак 8 ойында 6 гол соғып үлгерді. Бірақ, бір ғана әттеген-ай бар. Ол, ойыншының жиі жарақат алатыны. Егер, Александер ауырмаудың жолын іздеп тапса, шведтің жаңа деңгейге шығатынына сенетіндер көп.

 

Жезуске гол жетпейді, Джексонға не жетпейді?

Жаңа жұлдыздар: «Кейннен кейінгілер кім?»
instagram.com/dejesusoficial / instagram.com/jackson.nj11

Жезус өз замандастары арасында үлкен талантқа ие футболшы. «Арсеналға» ауысқалы бері ұжымның жетістігі үшін барын салып жүр. Габриэл – Артета «Арсеналының» көшбасыларының бірі. Алайда, оны сұрмергендер қатарына жатқызу қиын. Кейде, жан-жақтылығы өзіне кесірін тигізетін секілді. Оны нағыз шабуылшы деп айту қиын. Бұл сөзімізге статистика дәлел бола алады. Бразилиялдық былтырғы маусымда 26 ойын өткізіп, 11 мәрте қарсыластан айласын асыра алса, биыл 7 ойында тек 1 ғана голды өз есебіне жазды.

«Челси» шабуылшысы Николас Джексонде бұл тізімге енді. Иә, ол не болғаны 22 жаста. Болашағы әлі алда. Бірақ, сенегалдық биыл 11 ойында 6 гол соқты. Көптің көзіне түсіп үлгерді. Алайда, АПЛ тарихында бір маусым жоғары деңгейде өнер көрсетіп, кейін мүлдем жоқ болып кеткендерді ескерсек, Николас туралы сөз қозғау ерте секілді. Сол үшін Джексон өзіне де өзгеге де көп нәрсе дәлелдеу керек. Дегенмен, оның биылғы маусымдағы ойыны жанкүйерлерді сүйсінтті. Жас талантқа көп еңбек етіп, АПЛ тарихында қалатын мықты шабуылшы атануына тілектеспіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға