Жаңа ҰБТ: сұрақтарды даярлау кезінде ЖИ қолданылады

 ©El.kz/Артем Чурсинов
Фото: ©El.kz/Артем Чурсинов

Қазақстанда 2027 жылдан бастап ҰБТ-ға балама болатын жаңа тест кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Алайда Ұлттық бірыңғай тестілеу толықтай жойылмайды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің басым бөлігі жаңа форматты таңдағанға дейін ҰБТ жүйесі сақталады.

Осыған байланысты журналистер ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен жаңа тестілеудің ерекшелігі қандай болатынын және онда қандай тапсырмалар қолданылатынын сұрады.

Министрдің айтуынша, жаңа форматтағы тест AIT (Admissions Insight Test) деп аталады. Оның басты айырмашылығы – талапкердің мектеп бағдарламасы бойынша білімін ғана емес, сонымен қатар сыни ойлау қабілетін, цифрлық сауаттылығын, жеке қасиеттері мен көшбасшылық дағдыларын да бағалайтынында.

Өмірде адамның табысты болуы теориялық білім мен интеллектіге ғана байланысты емес екені белгілі. Көп жағдайда ерік-жігері мықты, бизнес-ойлауы қалыптасқан және коммуникациялық қабілеті жоғары адамдар үлкен жетістікке жетеді. Сондықтан біз талапкердің жан-жақты бейнесін, яғни 360 градус форматындағы толық бағалауды жасағымыз келеді, – деді министр.

Саясат Нұрбектің сөзінше, қазіргі уақытта тестілеудің мазмұны әзірленіп жатыр. Осы мақсатта АҚШ-тың Принстон қаласынан арнайы екі делегация келіп, қазақстандық мұғалімдерді оқыту жұмыстарын жүргізуде. Қазір ғалымдар тестілеуге қатысты далалық зерттеулермен айналысып жатыр.

Министр жаңа тест Қазақстанның жеке интеллектуалдық өнімі болатынын ерекше атап өтті.

Ең бастысы, бұл біздің тест болады. Ол франшиза да, лицензия да емес. Біз оны өзіміз әзірлеп жатырмыз және ол Қазақстанның интеллектуалдық меншігі ретінде қалады, – деді ол.

Сонымен қатар жаңа тест тапсырмаларын әзірлеу кезінде жасанды интеллект технологиялары қолданылатыны белгілі болды. Министрдің айтуынша, жасанды интеллект жауаптарды тексеру процесіне де қатысады.

Адамның қабілетін қаншалықты терең бағалауға болатынын өз көзіммен көрдім. Өзім де осындай бағалаудан өттім. Онда психологиялық аспектілер, эмоционалдық интеллект, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтар, адалдық, өмірлік ұстанымдар мен сенім де бағаланады екен. Мұның бәрін де анықтауға болады, – деді Саясат Нұрбек.

Оқи отырыңыз